ЖЕТІСУДА ЖОСПАРЛЫ ЖҰМЫСТАР АТҚАРЫЛУДА

545
0
Бөлісу:

Премьер-министр Бақытжан Сағынтаев Елбасының тапсырмасымен Жетісу жеріне арнайы жұмыс сапарымен келіп, Алматы облысының әлеуметтік-экономикалық даму барысымен танысып, Мемлекет басшысының «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауы мен Бес әлеуметтік бастамасының орындалуына қатысты мәселелер бойынша кәсіпкерлер қауымдастығымен, білім және денсаулық саласы қызметкерлерімен жүздесті. 
Үкімет басшысын Талдықорған әуе­­­жайында қарсы алған облыс әкімі тұр­­ғын­дарының саны екі миллионнан асқан өңір халқына қызмет көрсететін әуежайдың биылғы көктемде пайдалануға беріл­ген жаңа терминалының жұмысын таны­с­тыр­ды. Заманауи нысан ішкі және ха­лықаралық әуе бағыттары бойынша қа­ты­­найтын жолаушыларға, сондай-ақ шы­ға­рып салушылар мен қарсы алу­шы­ларғ­а жыл бойы кешенді қызмет көрсетуге арналған.
Облыс әкімі Премьер-министрге сол жерде орнатылған ақпараттық қал­қан­шалардағы сызбалар мен сурет­терге, мә­ліметтерге сілтеме жасай отырып, Үша­­рал қала­сындағы әуежай­ды дамыту және Ала­көл көлінің жағалауын нығайту жө­нін­дегі жобаларды таныстырып, егжей-тег­жей­лі баяндады.
Өткен жылы Үшарал қаласындағы әуе­жайдың құрылысы аяқталған. Биылғы шілде­ден бастап Астана – Үшарал, Талды­қорған – Үшарал, Алматы – Үшарал бағыт­­тары бойынша әуе қатынасы тұрақ­­ты түрде орындалып келеді. Қазір­­гі кезде ұшып-қону жолақтары қайта құры­лым­да­луда, ол біткен соң «Тал­ды­қор­ған» әуежайы «Боинг» сынды алып ұшақтарға да қызмет көрсете алатын болады.
Биыл бір миллионнан астам турист демалған Алакөл жағалауын дамытуға қатысты инфрақұрылымдарды жетілдіру жөнінде кешенді жұмыстар жүргізілуде. Келер жылы Алакөлдің жағалауында сумен қамтамасыз ету және су тарту жүйесі құрылысы жоспарланған.
Үкімет басшысы әуежайдан бірден Панфилов ауданына ұшып кетіп, Қытай­мен екі арадағы мемлекеттік шека­ра­да салынған және тұрғызылып жат­қан аса ірі инфрақұрылымдық нысан­дар­ды ара­л­ап көрді. Олардың қатарында «Нұр жолы» автокөліктік өткізу бекеті бар. Тәу­лігіне 2200 жүк көлігі мен 300-ден астам жолаушылар көлігін шетелге және біздің елге өткізе алатын жаңа кеден­­дік өткелдің жұмысын Мемлекеттік табыс комитетінің төрағасы Ғұсман Әмрин таныстырды. Орта Азия елдерінде тең­десі жоқ, әлемдегі ең ірі кедендік бақы­­лау бекеттерінің қатарындағы «Нұр жолы» өткелі Германия, Ресей, Франция, АҚШ-та жасалған озық технологиялы жаб­дықтармен жарақтандырылған. Бұдан кейін Үкімет басшысы «Қор­ғас» шека­ра­маңы халықаралық ынты­мақ­тас­тық орта­­лығына келіп, орталықтың бақы­лау-өткізу жүйесімен танысты және Қазақ­стан­­­дық бөлігіндегі «Самұрық» орталық ала­ңындағы сауда үйін аралап көрді.
Премьер-министр «Қорғас» шекара­маңы халықаралық ынтымақ­тас­тық орта­лы­­ғының тексеріп-өткізу бекеттері мен ше­ка­ра маңында құрылысы жүргізіліп жат­­­қ­ан тағы басқа да маңызды нысандарды да аралады.
Көрме кешенінде Жетісу жерін өркен­­детуге өзіндік үлестерін қосып жүр­­ген кәсіпкерлермен кездесіп, олар­дың Жол­дау жайлы ойларын тыңдап, ұсы­ныс-пікір­ле­ріне құлақ түрді. Өңір­лік биз­нес­мен­дер Президенттің «Қа­зақ­стан­дық­тардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» Жолдауында айтылған бастамаларына қолдау білдірді.
Бірқатар компаниялардың басшылары қызметкерлерінің жалақысының ең төмен­гі мөлшерін көтеру туралы шешім қабыл­да­ғандарын жеткізді. Олардың ішінде «Алма­ты бояулары» ЖШС, «Абди Ибрагим Глобал Фарм» ЖШС, «Жаркент крахмал-сірне зауыты» ЖШС бар.
«Алматы бояулары» ЖШС директорлар кеңесінің төрағасы Римма Салықова ком­па­нияның биылғы қараша айынан бас­тап жұмыскерлерінің жалақысын көте­руге ниетті екенін жеткізді. Соны­мен қатар ол ком­пания басшылығы жұмыскерлердің әлеу­меттік жағдайын көтеруге және адам капиталын дамытуға қаражат салуға ерекше көңіл бөлетінін айтты.
«Біз үнемі өз жұмыскерлеріміздің жа­ла­қы­сын көтеріп отыруға тырысамыз. Бүгінгі таң­да біз барлық жұмыскерлеріміздің жа­ла­қысын 50 пайызға көтердік. Еңбекақыны тағы көтеру керек деп шештік. Өйткені ха­­­лықтың әл-ауқатын шынымен де арт­ты­­ру керек. Біз жалақыны тағы 15 пайызға кө­­т­еруді шештік. Барлық кәсіподақтар мен белсенді қауымдастықтар аудандарға барып, әкімдермен, кәсіпкерлермен кез­де­сіп, бұл мәселені талқылауы керек. Жұ­мыскерлердің әлеуметтік жағдайын көтеру қажет. Бұл міндет барлық кәсіп­орын­дардың басшыларының алдында тұруы тиіс деп ойлаймын» деді Римма Салы­қова.
Бұл орайда ол кәсіпорындағы ең төменгі жалақы бүгінгі таңда 76 мың теңгені құрап отырғанын айтты. Қараша айында еңбекақы тағы 15 пайызға артады. Бұған қа­жетті қаражат компания бюджетінде қарастырылып қойылған.

Болат АБАҒАН
Алматы облысы

Бөлісу:

Пікір жазу


*