Алқабилер абыройлы ма?

566
0
Бөлісу:

Жоғарғы сотта алқабилер сотын жетілдіру мәселелері талқыланған дөңгелек үстел өтті. Форум жұмысына Ұлыбритания елшісі Майкл Гиффорд, Мәжіліс депутаттары, судьялар, Президент Әкімшілігінің, Конституциялық кеңестің, Бас прокуратураның, халықаралық және үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері, ғалымдар, адвокаттар мен басқалары қатысты.

Жиналғандар алқабилер институтын одан әрі дамытуға, соның ішінде алқабилікке кандидаттарды сотқа дейін іріктеу рәсімдеріне қатысты мәселелерді қарады.

Жоғарғы соттың қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Абай Рахметулиннің айтуынша, Қазақстанда алқабилер сотының құрлықтық моделі 2007 жылдан бастап қолданылып келеді. Оны енгізудегі негізгі мақсат – азаматтардың басым бөлігін сот төрелігін жүзеге асыру процесіне тарту болып отыр.

«Мұндай «халықтық қатысу» азаматтардың құқықтық мәдениеті мен санасын, сондай-ақ сот жүйесіне деген сенімін арттырады», – деді ол.

Елімізде алқабилер сотының істерді қарау құзыреті кеңейтіліпті. Нәтижесінде, егер олар 2007 жылы бар-жоғы 36 істі қарап, шешім шығарса, 2013 жылы бұл көрсеткіш 189-ға дейін артқан. 2016 жылы – 47, 2017 жылы – 72 істі қараған. «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын орындау мақсатында алқабилер сотының құзыры заңнамалық негізде аса ауыр қылмыстардың 4 құрамымен толықты.

Мемлекет басшысы алқабилер сотының құзырын одан әрі кеңейтуді міндеттеді. Осыған орай А.Рахметулин бейбітшілік пен адамзаттың қауіпсіздігіне, конституциялық құрылыс пен мемлекет қауіпсіздігі негіздеріне қарсы бағытталған қылмыстарды қоспағанда, алқабилер соты қарайтын істер санатын одан әрі кеңейту қажеттігін атап өтті. Ол айыпталушыларға істерді алқабилердің қатысуымен қарау мүмкіндігін түсіндірудің, прокурорлар мен адвокаттардың, сондай-ақ алқабилікке кандидаттардың кәсіби деңгейін арттырудың өзектілігіне тоқталды. Бұл ретте алқабилердің өз құқықтары мен міндеттерін біліп қана қоймай, қолдана алуы, сондай-ақ адам тағдырын шешудегі рөлі мен жауапкершілігін түсінуі айрықша маңызды.

А.Рахметулин алқабилер тізімінің сапасыз әзірлену мәселесіне, олардың сот отырыстарына келмеу жағдайларының орын алатынына, тұрғындарға осы институттың қызметін түсіндіру қажеттігіне де назар аударды. Әкімдіктер алқаби болуға ұсынғандар тізімінде өмірден өтіп кеткен адамдардың аты-жөні де жүреді екен.

Жиын барысында отандық және шетелдік мамандар алқабилер институтын одан әрі жетілдіру бойынша бірқатар ұсыныстарын енгізді.

Ерік ЕРДЕНОВ

Бөлісу:

Пікір жазу


*