Остеопорозбен күрес кезек күттірмейді

729
0
Бөлісу:

Денсаулық сақтау саласы – қоғам үшін әркез маңызға ие. Жыл сайын елімізде бірнеше іс-шара өткізіліп, жемісін беріп жатады. Сондай игілікті акцияны еліміздің остеопороз бойынша дәрігерлер қауымдастығы Danone компаниясымен бірлесе отырып ұйымдастырды. Шара аясында остеопорозды тегін диагностикалау бойынша  қалалық №5 емханасы есігін айқара ашты.

Остеопороз – адам сүйегі тығыздығының төмендеуімен сипатталатын ауру. Ал оның нәтижесі аяқ-қол мен омыртқа сүйектерінің жиі сынуына апарады. Қазіргі таңда елімізде осы диагноз бойынша 55 жастан асқан әйелдердің 30 пайызы, ал ерлердің 10-20 пайызы зардап шегеді екен. Бұл аурудың таралуы 2012 жылдан бастап 60 пайызға дейін жоғарылап кеткен. Остеопороз бойынша дәрігерлер қауымдастығының Төрайымы Гүлжан Ғабдулиннаның айтуынша, бұл – дабыл қағатындай ауру түрі.

– Остеопороздың алдын алу, оны диагностикалау және емдеу туралы халықты құлағдар ету үшін «XXI ғасырдың мызғымас індеті» мәселесін тағы бір мәрте көтергіміз келеді. Дәрігерлер қауымы, бизнес өкілдері, қоғамдық ұйымдар мен белсенділер өз күш-жігерін біріктіре отырып, қазіргі уақытта остеопорозды денситометрия арқылы дер кезінде диагностикалауға болатынын, ал аурумен күрестің ең тиімді шараларының бірі сүйек тіндерінің әлсіреу процесін алдын алу екендігін қоғамға жеткізгісі келеді, – дейді медицина ғылымдарының кандидаты.

Мамандардың сөзіне сүйенсек, бұл ауруды жай-жапсарын білу үшін денситометрия қолданалыда. Сол арқылы сүйек тінінің тығыздығы өлшеніп, остеопороз анықталады. Алайда бұл қымбат құрал-жабдықтар Қазақстанда өте аз мөлшерде. Негізінен жеке клиникалар ғана сатып алған. Сондықтан тегін акция аясында азаматтардың тексеріліп алуы әлдеқайда пайдалы болмақ. Danone Berkut корпоративтік қатынастар бойынша директоры Дінмұхамед Айсауытов, остеопорозға шалдықпаудың ең ізгі жолы – дұрыс тамақтану дейді.

– Біздің компания жаңа, кальцийге бай өнімдерді әзірлейді және пайдалы, дәмді, сондай-ақ қауіпсіз өнімді ұсынуға тырысады. Адамдар асты тұтынар алдында оның құрамына, рационына ерекше мән беру керек. Қазір қалай болса солай тамақтану қатты белең алып кетті. Оған жол беруге болмайды. Егер жейтін асымызға бей-жай қарасақ онда қуатты денсаулықтан үміт етудің қажеті шамалы. Бәрі өз қолымызда, – дейді ол.

Шараға белгілі спортшы, Ванкувер олимпиадасының күміс жүлдегері Елена Хрусталева да қатысты.

– Біз, спортшылар дұрыс тамақтану мен физикалық еңбектің үйлесімі қаншалықты маңызды екенін жақсы білеміз. Өткені тек жаттығуларға ғана емес, сонымен қатар рационға да айрықша назар аударамыз. Қышқыл сүт өнімдеріндегі кальций физикалық жаттығулармен бірге тамаша нәтиже береді. Мәселен өзім йогурт, айран, сүзбені тұтынамын. Себебі, аталмыш өнімдердің ағзаға берер пайдасы жоғары, – дейді биатлоншы.

Остеопороз жұқпалы емес аурулардың әлемдік деңгейінде төртінші орында тұр. Қауіпті ауру Қазақстанға да азуын батырмасын десек, әрбіріміз денсаулыққа жіті мән беріп, қазірден мұқият болғанымыз абзал.

Абай Аймағамбет

Бөлісу:

Пікір жазу


*