ДЕПУТАТТАР ЗАУЫТТЫ АРАЛАДЫ

473
0
Бөлісу:

Алматыға Мәжіліс депутаттары ат басын бұрып, «Эфко Алматы» компаниясының жұмысымен танысты. Мәжілістің вице-спикері, «Нұр Отан» партиясы фрак­ция­сының жетекшісі Гүлмира Исимбаева, депутаттар Ольга Шишигина мен Гүлнар Иксановалар Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев­тың Жолдауын түсіндіру мақсатында мега­полиске табан тіреді.

Жолдауда айтылған «Инновациялық және сервистік секторларды дамыту» бағытын тереңірек қаузағанды жөн көрген депутаттар қаладағы «Эфко Алматы» ЖШС-на барып, зауыт қызметімен асық­пай танысып, қызметкерлермен де кез­десіп, еркін пікірлесті.
Олардың бұл зауытқа келуі де бекер емес. Себебі, өндіріс орны ел аумағындағы ірі май кәсіпорындарының бірі әрі бірегейі саналады. Компания қазіргі таңда тәулігіне 450 тонна сояны қайта өңдеп, тәулігіне 100 тонна маргарин мен өндірістік май­ды шығарып отыр. Сонымен қатар бөтелке­ленген май шығару тұрғысынан да алдыңғы қатарда. Қазіргі таңда өндірістің барлық түріне жаңа технологиялар кеңінен араласып, процеске кірігіп кетті. Оны қолданбаса компания да артта қалады. Соны ескерген компания басшылығы за­манауи технологияларды әкеліп, нәти­жесінде жоғары сапалы май өнімін шығару жолға қойылды. Жетістік мұнымен де шектелмей, компания отандық қажеттілікті толықтай қамтамасыз етіп, енді өз өнім­дерін сыртқы нарыққа да сәтті экспорттай алып отыр.
Қазірде кәсіпорын базасында арнайы оқыту орталығы ашылған. Бұл орталық өндірістік биік деңгейлі қызметкерлерді даярлап шығаруға ықпал етпек. Ал бұл процесс өз кезегінде арнайы майлар мен маргарин шығарудағы әлемдік техно­логиялар трансферін қамтамасыз етуге көмектеседі. Бұл күндері бізде ғана емес, жалпы жаһан бойынша экономиканың жай-күйі шаттыққа толы деп айту қиын. Соған қарамастан компания өзінің жұмыс барысын бағдарлап, тиімді өндірістік шешімдер қабылдап, ішкі және сыртқы нарық сұранысын қанағаттандыруда. Компания 2025 жылға таман Орта Азиядағы май өнімінің негізгі тасымалдаушысы болуға ниетті. Қазіргі таңда компанияда 750 адам еңбек етеді. Осы 750 адам былтыр 15,1 млн тонна болатын өнім шығарған.
– Жұмысшылармен кездесуде бай­қағанымыз – Елбасының бұл Жолдауы әрбір қазақстандыққа бағытталған. Ком­пания қазіргі таңда 2025 жылға дейінгі жол картасы бағдарламасымен жұмыс істеп жатыр. Бұл – үлкен жеңілдік. Егер несиені 18 пайызбен беретін болса, мемлекет оны субсидия жасаған кезде зауыттың өзіне 10 пайызы ғана тиесілі болады. Бұл – өте тиімді. Жолдауда Президент ауыл шаруа­шылығы саласын қолдау туралы нақты айтқан болатын. Жыл сайын енді 100 млрд теңге бөлінеді. Осы зауытқа келіп Елбасы ұсынысының, тапсырмасының қанша­лықты өзекті, маңызды екеніне көз жеткіздік. Себебі, мекеме толықтай отан­дық шикізатпен жұмыс істеп отыр. Ал отандық шикізат бұл күндері өте тапшы екені барлығыңызға белгілі. Мұндағы жұмыстың 90 пайызы автоматтан­ды­рылғаны да қуантты. Соның өзінде жұмыс орны қысқарып отырған жоқ, – дейді депутат Гүлмира Исимбаева.
Депутаттар компания жұмысына риза болғанын айтып жоғары бағалады. Елбасы Жолдауындағы маңызды бастамаларды ұжыммен бірге талқылап, ұсыныстары мен ойларын жеткізді.

Абай АЙМАҒАМБЕТ

Бөлісу:

Пікір жазу


*