ТӘЖІРИБЕМІЗДІ ТАНЗАНИЯ ҚАБЫЛДАЙДЫ

565
0
Бөлісу:

Елімізге орталық Африкадағы Танзания елінің заңгерлерінің делегациясы келіп, елордадағы Жоғарғы сотта болды. Бұл сапар Сот жүйесін жаңғырту жобасы мен азаматтарға арналған «Сот жүйесін жаңғырту жөнінде тәжірибе алмасу және сот төрелігі секторының реформасы» бойынша сот қызметтерін ұсыну аясында ұйымдастырыл­ды. Жоба Дүниежүзілік банктің қолдауымен іске асырылуда.

Делегацияны Танзания сот жүйе­­сінің басқарушысы Хусейн Кат­танга мырза бастап келді. Де­ле­­гация құра­мында сондай-ақ су­дьялар, Танзания Жоғарғы со­ты­ның, Әділет министр­лігінің, Сот әкімшілігі институ­ты­ның қыз­меткерлері болды. Іс-шараға жо­ба жетек­ші­сі, Дүние­жүзілік банк­тің мемлекет секторы мә­се­­ле­лері бойын­ша аға маманы Валид Малик және осы қаржылық ұйым сарапшы­лары қатысты.
Сапар барысында Жоғарғы сот­тың төра­ғасы Жақып Аса­нов­пен кездесу өтті. Ол «Сот төре­­лі­гі­нің жеті түйіні» жобаларының іс­ке асы­ры­лып жатқаны туралы әң­гімелеп берді. Оның айтуын­ша, бұл жобалар 2020 жылға дейінгі Сот жүйесін одан ары дамыту тұ­жы­рым­дамасының іргетасын қа­лауға тиіс. Соттар­да­ғы жаңа жо­ба­ларға, яғни түнгі сотқа, татулас­ты­ру­шы судьяға, судья көмекші­сі­не, сот актілерінің жаңа тіліне ба­са назар ауда­рыл­­ды. Судьяларды ірік­теу жүйесіндегі, медиа­цияны да­мытудағы, цифрлық сот төре­лігін­дегі, дау-шары жоқ істерді сот тө­релі­гі­нен алып тастау­дағы жаңа өз­ге­рістер мен басқа да мәселелер ту­ра­лы танзаниялық қонақтарға жан-жақты айтылды.
«Тұжырымдама сот жүйесін одан ары жетілдіру жөніндегі мін­дет­тердің жүйелі мәсе­лелерін ше­шуге бағыттал­ған. Мақсат – ха­лық­­тың сотқа деген сенімін арт­тыру. Президент өзінің «Қазақ­стан­дықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арт­тыру» атты Жолдауында осын­дай мақсат қойды» деп атап көрсетті Ж.Асанов.
Х.Каттанга Қазақстанның сот жүйе­сіне қысқа мерзімнің ішінде та­маша нәтижелерге қол жеткізу­дің сәті түскенін атап өтіп, өзінің таң­данып отырғанын білдірді. Оның байла­мын­ша, осы тәжірибе Танзания соттарын жетілдіруде пайдаланылатын болады.
Кездесу барысында Х.Каттанга Тан­зания сот жүйесінің жұмы­сы­мен таныстырып, өз елінде жүр­гізі­ліп жатқан реформаларға ерек­ше тоқтал­ды.

Айхан ШӘРІП

Бөлісу:

Пікір жазу


*