Мұхтархан Ділдабеков – Көкпар федерациясының президенті

1920
0
Бөлісу:

Даңқты боксшы Мұхтархан Ділдабеков – республикалық Көкпар федерациясының президенті болып тағайындалды. 
2018 жылдың 24 қазанында Қазақстан Республикасы Ұлттық спорт қауымдастығы құрамындағы республикалық Көкпар және Аударыспақ федерацияларының басшылары ауысты. 

Құрылтайшылардың жалпы жиналысының хаттамасына сәйкес, республикалық Көкпар федерациясының президенті болып Мұхтархан Ділдабеков,  республикалық Аударыспақ федерациясының президенті болып Данияр Қобыландин тағайындалды.
Мұхтархан Ділдабеков 1976 жылы Түркістан облысы Мақтаарал ауданы, Абай ауылында дүниеге келген. Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген спорт шебері. Сидней Олимпиадасының күміс жүлдегері, жаппай көкпардың додасында талай мәрте топ жарған саңлақ көкпаршы.
М. Ділдабеков 2008 жылдан бері Түркістан облысының бокстан олимпиада резервін дайындайтын балалар мен жасөспірімдердің мамандырылған спорт мектебінің директоры қызметін атқарып келеді. М.Әуезов атындағы ОҚМУ, Қ.Яссауи атындағы ХҚТУ-ды тәмамдаған.
Данияр Қобыландин 1984 жылы Алматы қаласында дүниеге келген. Білімі жоғары. Л. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің, Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының түлегі. Еңбек жолын Ақтөбе облысы прокуратурасынан бастаған. Көліктік бақылау комитетінде, Президент әкімшілігінде, Алматы қаласы әкімдігінде қызмет еткен. Жеке кәсіпкер.
Қазақстанның көкпардан ұлттық құрамасы Азия чемпионатының (2013), І Әлем чемпионатының (2017) жеңімпазы. Еліміздің аударыспақтан ұлттық құрамасы 3 дүркін Азия чемпионы.

«Айқын» ақпарат

Бөлісу:

Пікір жазу


*