Қарқынды жұмысқа шақырды

526
0
Бөлісу:

Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Сенат бюросының отырысы өтті. Онда Елбасының «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауының негізгі ережелерін түсіндіру мақсатындағы депутаттардың өңірлерге сапарының қорытындылары шығарылып, бұл туралы палата төрағасының орынбасары Бектас Бекназаровтың ақпараты тыңдалды. 

Қ.Тоқаев еліміздің ірі өнеркәсіп орталықтарының бірі – Қарағанды облы­сына өз сапарының нәтижелері туралы Бюро мүшелерін хабардар етті. Оның айтуын­ша, еліміздің аймақтарында ауқым­ды жұмыстар жүріп жатыр, дегенмен әлі де болса, атқарылуға тиісті маңызды істер жетерлік.
«Біз, сенаторлар, қабылданған бағдар­ламаларды іске асыру үшін өзіміздің пар­ла­менттік өкілеттігімізді толықтай пай­даланып, қарқынды жұмыс істеуіміз керек» деді Жоғарғы палата басшысы.
Ол Жолдауды іске асыру жөніндегі жалпыұлттық іс-шаралар жоспары бекі­тіл­генін еске салды. Осыған байла­ныс­ты палатаның тұрақты комитеттерінің жетек­ші­леріне осы жоспарды орындауға қатысты ұсыныстар енгізуге тапсырма берілді.
Бюро отырысында Сенаттың алдағы бейсенбі, 25 қазанға белгіленген кезекті жалпы отырысының күн тәртібі айқын­далды. Оған сәйкес, депутаттардың қара­уына «2018-2020 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заңға түзету­лер ұсынылмақ. Сенат төрағасы атап өткендей, еліміздің негізгі қаржы құжатына енгізілетін түзетулер Мемлекет басшысы Жолдауының орындалуын қамтамасыз етуге және Түркістан облысының құры­луы­на байланысты болып отыр. Ел Прези­ден­ті кезек күттірмей қарау туралы тапсыр­ма бергендіктен, Қасым-Жомарт Тоқаев бұл мәселелерді комитеттерде қысқа мерзімде талқылап, палатаның отырысына шығаруға шақырды.
Сенаттың алдағы отырысы барысында бұдан бөлек, қолданыстағы заңнамаға жар­нама және мемлекеттік статистика мәсе­лелері бойынша түзетулер де қаралады.
Депутаттар Халықаралық азаматтық авиа­цияға қатысты заңсыз актілермен күрес туралы конвенция және Қазақстан мен Үндістан үкіметтері арасындағы Біріккен Ұлттар Ұйымының Ливандағы уақытша күштеріндегі (БҰҰЛУК) үндіс­тан­дық батальон құрамында қазақстандық бітім­гершілік контингентті бірлесіп өрісте­ту тәртібіне қатысты өзара түсіністік туралы меморандумды ратификациялайтын болады.
Күн тәртібіне Қазақстан мен Қырғыз­стан арасындағы қазақ-қырғыз мемле­кеттік шекарасын шегендеу туралы шартты және Қазақстан, Түрікменстан және Өзбекстан арасындағы үш мемле­кет­тің мемлекеттік шекараларының түйісу нүктесінің ауданы туралы шартты ратифи­ка­циялау туралы мәселені енгізу ұсынылды.
Бұған қоса, Сенат отырысында республикалық маңызы бар Шымкент қаласы атынан алғаш рет сайланған сенаторлар Нұрлан Бекназаров пен Дархан Сатыбалдының палатаның қай комитет­тері­нің құрамына қосылатыны анықталмақ.
Бюрода Мәжілістен түскен жаңа заң жобалары палата комитеттеріне бөліп берілді. Атап айтқанда, Қаржы және бюджет комитеті «2018-2020 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы бойынша, ал Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитеті – «Қазақстан Үкіметі мен Үндістан Үкіметі арасындағы Біріккен Ұлттар Ұйымының Ливандағы уақытша күштеріндегі (БҰҰЛУК) үндістандық батальон құрамында қазақстандық бітімгершілік контингентті бірлесіп өрістету тәртібі туралы өзара түсіністік туралы меморандумды ратификациялау туралы» заң жобасы бойынша бас комитет болып белгіленді.

Айхан ШӘРІП

Бөлісу:

Пікір жазу


*