ҚАНДАЙ ҚҰНДЫЛЫҚ ҚАЖЕТ?

894
0
Бөлісу:

Мемлекет басшысы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында ХХ ғасырдың қазаққа қандай ауыр зардап тартқызғанын санамалап тұрып айтты. Өткен күн – тарих. Сол тарихқа әділетті баға берілді. «Күллі ХХ ғасыр революциялық сілкіністерге толы болды. Бұл осы аумақтағы барша ұлттарға мейлінше әсер етіп, бүкіл болмысын өзгертті. Әрбір жұрт тарихтан өзінше тағылым алады, бұл – әркімнің өз еркіндегі шаруа. Біреуге өзіңнің көзқарасыңды еріксіз таңуға ешқашан болмайды. Бізге тарих туралы өздерінің субъективті пайымдарын тықпалауға да ешкімнің қақысы жоқ. Өткен ХХ ғасыр халқымыз үшін қасіретке толы, зобалаң да зұлмат ғасыр болды» деді.
Қазақтың қанша ғасырлық тарихын парақтасаңыз, дәл осы ХХ ғасырдай қанды қасірет болмағанын көресіз. Елдік жолымыз біржола күйретіліп, қоғамдық құрылымның мүлдем жат үлгісі күштеп таңылғанын білеміз. Еліміз «социализм», «кемелденген социализм», «коммунизм» елесіне босқа алданды. Ең басты қасірет – ұлтқа жасалған демографиялық соққы. Халқымыз 4 мил­лионға жуық адамынан айырылды. Тіліміз таңдайда тұншықты. Тарихымыз күлге кө­мілді. Төлтума мәдениетіміз түнекке жа­сырылды. Жер жыртылды. Топырақ тозды. Ұлт азды.
Қазақ деген ұлт жер бетінен жойылып кетуге шақ қалды. Тек қазақ қана емес, бүкіл адамзат баласы коммунизм, фашизм және либерализм идеяларына ереміз деп естен тана жаздады. «Өкінішке қарай, тарихта тұтас ұлттардың ешқашан орындалмайтын елес идеологияларға шырмалып, ақыры су түбіне кеткені туралы мысалдар аз емес. Өткен ғасырдың басты үш идеологиясы – коммунизм, фашизм және либерализм біздің көз алдымызда күйреді. Бүгінде радикалды идеологиялар ғасыры келмеске кетті. Енді айқын, түсінікті және болашаққа жіті көз тіккен бағдарлар керек. Адамның да, тұтас ұлттың да нақты мақсатқа жетуін көздейтін осындай бағдарлар ғана дамудың көгіне темірқазық бола алады. Ең бастысы олар елдің мүмкіндіктері мен шама-шарқын мұқият ескеруге тиіс» деді Президент.
ХХ ғасырдың бергені де бар, алғаны да бар. «Айқын, түсінікті және болашаққа жіті көз тіккен бағдарды» қайдан табамыз? Мұндай бағдар халықтың өзінде, дәлірек айтсақ, өзегінде, ұлттық болмыс-бітімінде жатқан жоқ па?
Халқымыздың бипаз да бекзада суреткері Ғабиден Мұстафин «Біз ұлтшылдықпен күресіп болдық, ендігі керегі – ұлтсыздықпен күресу» деген сөз айтқан еді. Тәуелсіздік таңы атқанда кемеңгер Мұхтар Мағауин «Ұлтсыздану ұраны» деген еңбек жазды. Құлдық сананың қамытын киген қазақтың есін жинауға шақырды. Кер заманның кесір мінез-қалыбын сынап, мінеді. Айтқан ақылды тыңдаушы ма едік? Сол Мұхтардың өзін ит талаған терідей жан-жақтан талап, басын бағаламай, балағына жармастық.
Қазақтану қағидасын іздеу керек тәрізді. Бізге керегі – «Ұлтшылдану ұраны»! Ол алыста емес, өз басымызда, өз болмысы­мызда. Мемлекет басшысының еңбегінде бүгінгі ұрпақ үшін ауадай қажетті талай өзекті мәселе жатыр. Қазақ елінің жас буыны өзіне қажет құндылықтар тізбесін өзі жасауы керек. Сор мен зорды, оң мен солды, бар мен жоқты таразы басына тартатын уақыт әлдеқашан келген.
Абай «Адам баласы ақыл, ғылым, ар, мінез арқылы ғана оза алады, қалғаны – ақымақтық» деген болатын. Осы төрт бағыт түгел ме? Құндылықтардың төрт тағанын ай­қындап берген Абайға, сүрлеуі мен күр­меуі көп заманда алдағы бағыт-бағдарды белгілеп берген Елбасыға неге құлақ ас­паймыз?!.

Нұртөре ЖҮСІП

 

Бөлісу:

Пікір жазу


*