«Тараз» премьер-лигаға оралды: Асқар Мырзахметовтың өзі киіну бөлмесіне кіріп құттықтады (видео)

1437
0
Бөлісу:

Жамбыл облысының намысын қорғайтын «Тараз» футбол клубы бір жылдық үзілістен кейін Қазақстан премьер-лигасына қайта оралды. Клуб былтыр еліміздегі бірінші деңгейлі чемпионат – премьер-лигада төменгі орын алып, бірінші лигаға түсіп қалған болатын.

Команда бірінші лигадағы маусымды өте сәтті өткізді. Сөйтіп, бұл ұжым келесі жылы премьер-лигада ойнау құқығына ие болды. Команданың бұл жеңісіне қуанған Жамбыл облысының әкімі Асқар Мырзахметовтың өзі футболшылардың киіну бөлмесіне келіп, ойыншыларды құттықтаған.

«Тараз» бүгін өз алаңында «Ақтөбе-Жасты» қабылдаған. Егер жеңіске жетсе чемпиондықты енді қалған екі турға қарамастан ерте рәсімдеуге мүмкіндік туатын. Оның үстіне «Тараздың» басты бәсекелесі «Қыран» сырт алаңда «Оқжетпеспен» тең ойнап (3:3) қалған. Сондықтан «Таразға» қалайда жеңіске жету керек еді. Олар бұл міндетті абыроймен атқарды. Матчта 4:0 есебі тіркеліп, айқын басымдықпен жеңіске жетті. Матчта Константин Дудченко, Мақсат Әмірханов, Абзал Таубай, Айдос Тәттібаевтар мергендігімен көзге түсті.

Маусым басында команда тізгінін белгілі бапкер Ваит Талғаев ұстаған. Алайда ол бесінші турдан кейін қызметінен кетіп, оның орнына Нүркен Мазбаев келген. Белгілі бұрынғы футболшы алдына қойылған міндетті орындай алып отыр.

«Тараздың» жеңісіне дейін көкшетаулық «Оқжетпестің» де премьер-лигаға жолдама алғаны анықталған. Олар 68 ұпаймен бірінші лиганың көшін бастап тұр. 27 қазан күні «Оқжетпес» пен «Тараз» бір-бірімен кездеседі.

Абай Аймағамбет

Бөлісу:

Пікір жазу


*