Өмірді сүре алу мен сүйе алудың арасы – бір-ақ әріп…

«Адам басына қиыншылық түспей, өмірдің қадірін түсіне қоймайды. Барлығы оңай болып көрінеді. Осыдан 3-4 жыл бұрын басыма түскен дерттен аяғыма тік тұрған сәтте өмірдің қаншалықты тәтті екенін түсіндім. Адамға ақыл айту, өмір сүруді үйрету оңай. Алайда әр адамның өз жолы бар. Оларға тек өмірге деген құштарлығыңды ғана көрсете аласың. Басымнан өткен дерттен кейін сезімтал, бәріне көңіл аударатын болдым. Жамандықты ысырып, теріс ойлардан арылып, түбегейлі өзгердім. «Өмірдің қандай тәтті екенін менен сұраңдаршы» дегенді де сол кезде айтқанмын. Дертімді кездейсоқ білдім. Көлік жүргізу куәлігін алу үшін медициналық қараудан өткен сәтте дәрігерлер қалқанша безімнен қатерлі ісік тапты. Мен үшін бүкіл дүние төңкеріліп түскендей болды. Оңай болған жоқ. Уақыт өте өзімді тәрбиеледім. «Ішкі сенім мен рухымның арқасында дертімді жеңіп шықтым» дейтін өлеңдері де нәзік, өзі де нәзік ақын қыздың өмірді сүймеуге қақы жоқ. Бізді Жадыра Байбұлановамен табыстырған – лирикалық жырлары. Әуелі өлеңін таныдық, сосын өзімен тілдесудің сәті түсті.
– Жадыра, «жырлап өту тағдыр болса, жылап өту – тағдырым» дейсіз. Жазушы Дулат Исабеков «жылай алмайтын әйелдерден қорқу керек» дейді. Жанның тазалығы, жүректің тазалығы үшін кейде жылаған да дұрыс шығар. Бірақ адам мұндай сезімді бастан көп кешіре берсе, боркемік болып кетпей ме?
– «Жүрегі бар адамның ғана жүрегі ауырады» деген ғой. Көп адам мұңсыз, дымсыз тірлік кешіп кеткен заманда өзімнің жылай алатыныма шын қуанамын. «Батыр майданда шынығады», жан азабын тартқан сайын, жігерің таси түседі. Рухы мықты жанның барлығы – кезінде талай тауы шағылып, тағдырдың талқысын көрген жандар. Сондықтан көз жасынан қорықпау керек.
– Кейде ақынның тағдыры өлеңіне әсер етеді. Керісінше, кейде өлеңі тағдырына әсер етуі мүмкін ғой. Ал сіз болсаңыз, «мен сүйген өмір қысқалау» дейсіз. Неге?
– Бұл – жаман ауру жанға батқан кездерде жазылған өлең болуы керек. «Мен сүйетін өмір неге қысқалау?» деп, басыма түскен іске базына айтқан шығармын, жан дертінің жауабын өлеңнен іздеген шығармын. Әйтпесе, сол өмір үшін күресіп жүрген кезде де, өлім жайлы жазған емеспін. Сөздің киесін ұғынғандығымнан болар. «Талант дегеннің бір баламасы – тағдыр» болса, сол тағдырымның өлеңіме тигізген әсері көбірек.
– «Қағаз жүрек» – жүректегі сөздердің қағазға түскен нұсқасы. Дегенмен жүректің тым жұқа, «қағаз» болуы да адамның әлсіздігін көрсетпей ме? Кейде адамға қайраткерлік рух та қажет сияқты. Қалай ойлайсың?
– Жалпы, қағаз әлсіз дегеніңізбен келіспеймін. Мысалы, қылышпен бір-ақ адамды өлтіруге болады. Ал қағазбен, оған жазылған бірауыз сөзбен қанша адамның тағдырына үкім шығара аласыз. Қағаз әлсіз болса, онда осы уақытқа дейін хатқа түсіп, бізге жеткен құнды дүниенің барлығы әлсіз деген сөз. Рас, өлеңдерімде «мен» жоқ, айқай жоқ, ұран жоқ. Бірақ өзім деген оқырманым оны шынайылығымен ұнатты. Ал шындық, қашанда, рухты.
– «Өлең – жан дүниеңде болып жатқан сезімдердің көшірмесі». Өлең ақынның өмірінен берілетін ақпарат па?
– Меніңше, керісінше, сол өмірде қол жеткізе алмаған арманыңның, аңсарыңның айтары – өлеңде. Егер бар бақыт басыңда болса, онда өлең жазып не керек?
«Шегініп көрсем аз күнге кері,
Өмірдің мәнсіз мазмұн, дерегі.
Тағдырдың маған жазбай кеткенін,
Өлеңмен өзім жазғым келеді…» – дейтінім сондықтан…
– «Шын сүйгендер қосылмайды»
– Қойылымның түрі анау!
Көз алдымда сурет пе?
Әлде мәңгі жазылмайтын сезім деген қу дерт пе?
Екі ғашық сендер болсаң, мен кіммін,
Ей, Ромео-Джульетта?». Білуімізше, бұл өлең өзіңе көбірек ұнайтын секілді. Оқырман да жылы қабылдаған. Махаббат лирикасы жаныңа жақын. Бірақ мұңлы. Өлеңдеріңнен көбіне мұң көретініміз неліктен?
– «…Бақытты өлең жазшы дейтін көп адам,
Өзі бақыт таппай жүргендіктен де» деп келетін өлеңім бар еді. Маған дәл осы сұрақты қоятын адам өте көп. «Қуанатын да сәттерім болады, тек оны қағазға түртіп алуды ұмытып кетемін» деп қалжыңдаймын. Шындығында, адам болмысынан асып ешқайда бара алмайды ғой. Бар табиғатым – осы. Мұңға жақынмын. «Мұңды жеңуден мыңды жеңу жеңіл». Әр нәрседен, әр сәттен мөлт еткен мөлдірлік көргім келіп тұрады.
– Бағдат Мүбәрактің «Поэзия – ішіне пышақ айналмайтын қызғаншақ жанр» дейтіні бар. Ақын Роза Сейілхан да «өлеңді қызғаншақ жанр» санайды. Ақында неге қызғаныш басым?
– Қызғанышты жастыққа тән сезім деп түсінемін. Ол – бүкіл адамзатқа тән құбылыс. Тек «өзім» деп тұратын өзгеше кезеңде өзгені көзге ілгің келмейтіні түсінікті. Бірақ уақыт барлығын өзі екшейді, адамға ақыл кіреді дегендей… Ал ақындықтан ауытқып, психологиямен пайымдасақ, қызғаныш – өзіне көңілі толмаудан туындайды.
– Мирастың «Жадыраның өлеңдеріне жанашырмын» дегені бар еді. Сіз ше?
– Иә, өмірде де, өлеңде де Мирастан үлкен қолдау көріп келе жатырмын. Сәйкесінше, мен де оның өнерін түсінуге тырысамын. Біздің қоғамда «қос ақын қосылса, біреуі құрбан болады» деген пікір бар ғой. Бірақ бұл Мирас екеуміз жайлы емес. Өлеңді де өлтірмей, өмірді де ақсатпай келе жатқанымыз да сол өзара түсіністіктің, жанашырлықтың арқасы шығар.
– «Бар бақыт қасыңда болса, онда өлең жазып не керек?». Қадыр ағам «шығарма жазу үшін бақытсыз балалық керек» деп еді. Хемингуэй де солай дейді. Бақытты кезде жақсы өлең жазу мүмкін бе?
– Көңілім тыншып, көзім күлгелі,
Жоғалтып алдым Өзімді, Менді,
Сондықтан, бәлкім, басқаларға арман –
Бақыттан мәнсіз безінгім келді!…
…Мен өлең жазған кезде
ғана бақыттымын!
– Ақын біткен мүшәйраға қатысуға әуес. Мүшәйра ақынның тұрмыстық қажеттілігін өтей ала ма?
– Мүшәйра ақынның қажеттілігін толық өтеп бермесі анық, ол ақынға берілген «аванс» деп қарау керек шығар. Осы орайда, ойда жүрген бір түйткілді айта кетейін. Үнемі әдеби процеске араласып, өлең жазып, шығармашылығын шыңдап жүрген жүйріктер осындай жыр додаларына қатысып, жүлделі орын алса, құба-құп, әрине. Бірақ басқа уақытта бұғып қалатын, бәйге десе бұрын шауып, жолдан қосылатын жазғыштардың ісін құптамаймын. Өз басым мүшәйраға сирек қатысамын. Өйткені арнау жаза алмаймын.
– Тыныштықбек ақын «қазақтың өлеңі түзелмей, өмірі ешқашан түзелмек емес» дейді. Өлеңді түзеу дегеніміз не?
– «Шөп те – өлең, шөңге де – өлең» болып кеткен қазіргі уақытта «бөтен сөзбен былғанған сөз арасын» дұрыстау шығар, бәлкім. Өлең деген – ақынның өзі ғой, өзі дұрыс ақынның сөзі де дұрыс.
– Ақын бай болу үшін не істеу керек?
– Маған нағыз ақын өмір сүруге бейімсіз келетіндей көрінеді. Классиктердің көбі шалқып тұрмыс кешпегені белгілі. Жүрегі ақ, көңілі кіршіксіз адамда қулық-сұмдық, байлыққа құмарлық қайдан болсын? Адал еңбегімен байыса, ол енді – басқа әңгіме. Бірақ о баста дүниені қолдың кірі деп түйсінетіндей сана берген ақынның ақшаға құныққанын көргем жоқ.
Сондықтан да ақын бай болуы үшін – ақын болып тумауы керек.
– Өлеңнен бөлек, өмірде не алданыш?
– Бақ емес маған бақыраш,
Бақ емес байлық, шамасы,
Бір өлеңіме татымас,
Үй менен кеңсе арасы, – деп қойып, өмір сүріп жатырмын. Басқа адамдар сияқты отбасы, қызмет, бала тәрбиесі ғой бізде де…
– «Мен сені сүйем, өмір!» Сіз сүйетін өмір несімен құнды?
– Өлеңмен жауап берсем бола ма?
Бәрін де айтатын бір сәт берілер…
Әзірге ақтарылғым келмейді ашып.
Алдыма бір адамды ап келіңдер,
Ғұмырға мендей ғашық!
Кім білген бастан қашан бақ кетерін,
Ең ыстық қуаныш та, мұң – алдамшы.
Өмірдің қаншалықты тәтті екенін,
Менен кеп сұраңдаршы…
Керек пе өлімді еске жиі алудың?
Жадымда жауабы да тұрады анық:
Өмірді сүре алу мен сүйе алудың
Арасы – бір-ақ әріп…
Әңгімелескен Гүлзина БЕКТАС