ЕЛДЕСТІРМЕК ЕЛШІДЕН

«Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев Қытайдың Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Чжан Сяомен кездесті. Онда тараптар «Нұр Отан» партиясы мен Қытай Коммунистік партиясының өзара ынтымақтастығын одан ары нығайту мәселелерін сөз етті.
Кездесу барысында осыған дейінгі келісімге сәйкес партияаралық тәжірибе алмасу, партиялық кадрларды даярлау және жастар саясаты саласында ынтымақтастықты арттыру бағытындағы жұмыстарды жандандыру жайы кеңінен талқыланды.
Өз сөзінде Мәулен Әшімбаев Чжан Сяо мырзаны жаңа қызметімен құттықтап, оған сәттілік тіледі. Сондай-ақ бұл тағайындау екі ел арасындағы әріптестікті арттыра түсетініне сенім білдірді.
– Екі ел арасын өте тығыз әрі стратегиялық қарым-қатынастар байланыстырады. Мемлекет басшыларының достығы біздің елдеріміздің достық байланысын нығайта түседі. Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпин соңғы 6 жылда 18 рет кездесіпті. Осының өзінен-ақ көп нәрсені аңғаруға болады. Әр кездесуде өзара ынтымақтастық кеңістігін кеңейтуге септігін тигізетін маңызды құжаттарға қол қойылып, нақты шешімдер қабылданды. Бұл істе «Нұр Отан» партиясы мен Қытай Коммунистік партиясы да үлкен үлес қосуда, – деді Мәулен Әшімбаев.
Өз кезегінде елші мырза мемлеке-таралық ынтымақтастықтың маңызына тоқталып, Қытай тарапы жетекші саяси партиялар арасындағы диалогты одан әрі тереңдете түсуге дайын екенін жеткізді.
– Қазіргі таңда Қазақстан мен Қытай арасындағы қарым-қатынас стратегиялық және жан-жақты сипатта. Өзара тығыз серіктестік бізді барлық салада тиімді әрекет етуге жетелейді. Бұл маңызды іргетасты екі ел мемлекет басшылары қалады. Соның арқасында бүгінде екі ел арасындағы ынтымақтастық тарихта бұрын-соңды болмаған деңгейге көтеріліп отыр. Осы қарым-қатынастың нығайтуда жетекші партияларымыздың да рөлі ерекше, – деді Чжан Сяо.
Кездесу соңында тараптар партияаралық ашық әрі сындарлы диалогты дамытуға, сондай-ақ бірқатар маңызды бағыттар бойынша бірігіп жұмыс істеуге уағдаласты.
Е.МАҚСОТҰЛЫ