ЕМХАНА КЕЗЕГІ ЕКІ ЕСЕ АЗАЙДЫ

535
0
Бөлісу:

Мемлекет басшысының Жолдауын талқылау үшін Атырауға келген Премьер-министрдің орынбасары Асқар Жұмағалиев, аймақ басшысы Нұрлан Ноғаев пен салалар басшыларымен кездесуі өткізді. Іссапар аясында  Атыраудағы ақпараттық-сараптамалық жүйелерімен танысып, цифрлы бағдарламаның өңірдегі орындалысына куә болды.

Облыстық әкімдікте жиында алғысөз алған Үкімет басшысының орынбасары Асқар Жұмағалиев іссапарының басты мақсаты Елбасы Жолдауын жүзеге асыруды өңір басшыларымен талқылау екенін айтты.
– Өздеріңізге белгілі, биылғы Жолда­уында Елбасы халықтың тұрмыс сапасын арттыруына және шағын бизнестің дамуына үлкен көңіл бөлді.
Сонымен қатар Жолдау жүзеге асыры­лып жатқан мемлекеттік бағдарламаларға жақсы қозғау салды. Өйткені Жолдауда адам өмірінің барлық аспектілері қамтыл­ған. Елбасы білім беру мен денсаулық сақтау сапасына да ерекше көңіл бөледі. Осы салаларды дамытуға қомақты қаржы қарастырылуда. Әсіресе, мектеп және балабақ­шалар жұмысы ерекше назарда болады. Үкімет жаңа форматтағы мұғалімдер дайындау үшін жол картасын жасайды. Еліміздің денсаулық сақтау мекемесінде инфожүйелер орнатылған. Нәтижесінде, емханада кезектер екі есе азайды, науқастар мен дәрігерлердің уақыты 50 пайызға үнемделеді. Аурулар тез анықталады. Оның бәрі адамның өмірін сақтауға көмектеседі. Қазір Атыраудағы денсаулық сақтау саласында пилоттық жобалар бар. Сіздер дәрігерге онлайн жазыла аласыздар. Дәрінің рецептін, медициналық карталарды смартфон арқылы көре аласыздар. Нұрлан Асқарұлының тәжірибесінің арқа­сында жоғарыда айтылған нәти­же­лер­ге тез қол жеткізе­міз. Оған еш күмәнім жоқ, – деген Асқар Қуаныш­ұлы қазіргі уақытта даму процестерінің цифрлан­ды­ру­мен тығыз байланыстығына тоқталды.
Үкімет басшысының орынбасары А.Жұма­ға­лиев­тің айтуынша, жаңа техноло­гиялар қара­жатты, уақытты, адам ресурстарын үнемдейді, жем­қорлықты жояды. Өз Жолдауында Елбасы осыған ерекше назар аударды. 2020 жылы мем­ле­кет­тік қызметтердің 90 пайызы электронды болады.
Елбасы Жолдауы бөлімдеріне жеке тоқталып және оларды жүзеге асыру жөніндегі шаралар туралы баяндаған Үкімет басшысының орынбасары Асқар Жұмағалиев жастардың назарын білім беру және инновацияларды дамыту саласындағы мүмкіндіктерге аударды. Оларды мемлекет барынша қолайлы жағдай жасаған кезде белсенді болып, өз мүмкіндіктерін пайдалануға шақырды.
Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев өз сөзінде өңір тұрғындары Елба­сы Жолдауында көрсетілген міндет­тер­ді жүзеге асыру үшін бар күш-жігерін жұм­сау­ға дайын екенін атап өтті.
Жиында жас кәсіпкерлер Ә.Тайды­жұ­маев, О.Сүлеймен «Цифрлы Қазақстан» бағдарла­ма­сының өңірде жүзеге асуы, жас кәсіпкерлерді қол­дау мәселесі туралы айтып, ұсынысын еске­ру­ді сұрады.
Жұмыс сапары барысында Премьер-министрдің орынбасары Асқар Жұмаға­лиев «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы бойынша жүзеге асырылған және қызмет­те­рін дамытып отырған бірқатар жобалар­мен танысты.
Соның бірегейі «Батыс транзит» ЖШС-де Атыраудағы және қала маңын­дағы ауылдық округтерде көшелер­ді жа­рық­­тандыруды жаңғыр­ту­дан тұратын «ақыл­­ды» жарықтандыруды енгізу бойын­­­ша жобаны іске асыру барысымен таныс­ты.
Аймақта озық жобаларымен, білімді оқушы­лары­мен танымал білім ордасы Білім-инновация лицейінде болған Үкі­мет басшысының орынбасары А.Жұма­ғалиевке лицей мұғалімдері оқу про­цесін­дегі жаңа технологияларды тара­тып айтсақ, цифрлы кітапхана, білім беру ресурстары, сондай-ақ оқу үдерісін цифрландыру шеңберінде жүргізілген жұмыстарды баяндап, оқушылар тәжіри­бе­­лерін көрсетті. Лицей директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Төлеген Аймұ­қатов «Цифрлы Қазақстан» бағдар­ла­масы шеңберінде жүзеге асырылған EduPade электронды платфор­ма­сын қол­дану әдістері туралы баяндап, лицейдің жаңа технологияларды меңгеруге талпы­ныс­тарынан хабардар етті. Таңғалдырғаны физика пәнінің мұғалімі өзінің дәріс беру ерекшеліктеріне тоқтала отырып, YouTube каналы – mckvadrat жобасының үш тілде жүруі еліміз бойынша тек Атырауда жүзеге асып отырғанын айтты. Сайып кел­­генде, бұл өңір халқының 94 пайызы қа­­зақ тілді болуымен байланысты болса керек.
Білім-инновация лицейінің жаңашыл­дығы, оқу процестерінің жаңа техноло­гия­ларды қолдана отырып тапсырма­лар­дың оқушыларға жатық түсіндірілуі, жас жеткіншектердің білім мен ғылымға қызы­ғу­шылығын оятудағы тәжірибеле­ріне Үкімет басшысының орынбасары Асқар Жұмағалиев оң баға беріп, осы оқу әдісін жетілді­ру­де лицей басшылары мен мұға­лім­деріне, оқушы­ларына сәттілік тіледі.


Жалпы, облыстың орта білім беру мекемелерін­де «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарлама­сын жүзеге асыру бойынша ауқымды жұмыс жүргізілуде. Атап айтқанда, 12 облыстық колледж автоматтандырылған жүйеге қосылған. Келесі жылы «Қауіпсіз мектеп» жүйесін енгізу жоспарла­ну­да, студенттерді мек­тепке қабылдауды авто­мат­тан­­дыру үшін жұмыс жүргізілуде. Қазіргі кезде 183 мектеп электронды журнал мен күнделік жүйесіне қосылған, 163 балабақша жол­дама берудің автоматтандырылған жүйе­сіне ауысты.
Премьер-министрдің орынбасары Асқар Жұмағалиев №3 қалалық емханада болды. Ол ақпараттық-сараптамалық жүйенің функционал­ды­лы­ғымен, емханалардағы электронды кезекпен, денсаулық сақтау саласының цифрлы жүйе үдері­сі­мен таныс­ты, сондай-ақ мобильді қосым­ша­­лар­ға қолжетімділікті тексерді.
Денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, қазіргі уақытта облыстың 34 медициналық ұйымында 15 мыңнан ас­там адам қолданатын мобильді қосым­ша бар.
Сапар соңында Премьер-министрдің орынбасары «Ембімұнайгаз» АҚ бас кеңсесінде болды, онда «Ғаламдық интел­лек­туалды алаң» пилоттық жобасын талқылауға қатысты. Асқар Жұмағалиев жауапты тұлғаларға бірқатар нақты тапсырмалар беріп, цифрлы бағдарламаға қатысты жобалардың қарқынды жүзеге асуына басымдық беруді тапсырды.

Тұрсын ЖҰМАБЕКҚЫЗЫ,

Атырау облысы

Бөлісу:

Пікір жазу


*