Жолдау қаржылық қолдау тапты

683
0
Бөлісу:

Елбасы Жолдауындағы тапсырмалардың қаржылық тұғыры түзілуде. Мәжіліс спикері Нұрлан Нығматулиннің төрағалығымен өткен палатаның жалпы отырысында депутаттар биылғы республикалық бюджетті нақтылайтын заң жобасын мақұлдады.

Мәжіліс төрағасының айтуынша, «2018-2020 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» жаңа заң жобасының қабылдануымен бірге, Мемлекет басшысы Парламенттің төртінші сессиясы­ның ашылуында және биылғы Жолдауда берген тапсырмаларды практикалық жүзеге асыру ісі басталатын болады. Бұл ел Президен­ті қойған міндеттердің табысты орында­луының негізін осы жылы-ақ қалауға мүмкіндік бермек.
Спикер тұтастай алғанда, Жолдауды және Елбасының басқа да тапсырмаларын іске асыруға биылғы жылдың бюджетінің өзінде 84 миллиард теңге бөлініп отырғанын атап өтті. Бұдан бөлек, тағы бір жаңалығы сол, жаңадан құрылған Түркістан облысын және республикалық маңыздағы үшінші қала – Шымкентті дамытуға қосымша 30 миллиард теңге арна тартатын болады.
– Мысалға, осы жылы «Бизнестің жол картасы» бағдарламасы бойынша кәсіпкер­лік­ті қолдауға – 5,6 миллиард теңге, еліміздің агроөнеркәсіптік кешенін дамытуға – 19 миллиард теңге, ал халықты сапалы әрі қолже­тімді баспанамен қамтамасыз етуге 15 миллиард теңге бағытталады, – деді
Н.Нығматулин.
Мәжіліс төрағасы енді Үкімет пен бюд­жеттік бағдарламалар әкімшілері орталық­та да, сондай-ақ жергілікті жерлерде де бөлін­ген қаражаттарды жыл соңына дейін тиімді игергендері маңызды екенін нықтады.
– Біздің азаматтардың әл-ауқатының өсуі мен өмір сапасы осыған байланысты болады. Бұған Мемлекет басшысы ұдайы назар аудартып, бағдарлап келеді, – деп түйді Нұрлан Нығматулин.
Нақтыланған бюджет бойынша баян­да­ған Қаржы министрі Әлихан Смайыловтың айтуынша, 2018 жыл бюджетінің түсімдері 8 триллион 772,3 млрд теңгені құрайды, бұл бұрын нақтыланған жоспардан 12,6 млрд теңгеге көп. Шығыстар да 12,6 млрд теңгеге ұлғая отырып, 9 триллион 655,6 млрд теңгеге жетпек. Бюджет тапшылығы мен мұнайлы емес тапшылық өзгеріссіз қалады және тиісінше 883,3 млрд теңгені және 4 трлн 330,5 млрд теңгені немесе жалпы ішкі өнімге шаққанда 1,5%-ды және 7,4%-ды құрайды.
– Бюджеттің шығыс бөлігіндегі өзгеріс­тер үш бағытты қамтиды. Біріншіден, Шым­кент қаласы мен Түркістан облысының әкім­шілік мәртебелерін өзгерту туралы Мемлекет басшысының тапсырмаларын іске асыру үшін қосымша 29,7 млрд теңге бағыт­талады. Екіншіден, 83,9 млрд теңге қосымша қаржыға Елбасы жолдауларында беріл­ген тапсырмалар іске асырылады, – деген бас қаржыгер бұл қаражаттардың нақты қандай шараларға жұмсалатынын нақтылай кетті.
Атап айтқанда, аграршылардың ауыл шаруа­шылығы техникалары мен жабдық­та­рын сатып алуын кредиттеуі үшін «ҚазАгро­ның» жарғылық капиталын ұлғайтуға 15 млрд теңге беріледі. Өз салымшыларына алдын-ала және аралық тұрғын үй кредитін беруі үшін «Тұрғынүйқұрылыс жинақ банкіне» де 15 млрд теңге ұсынылады. «Биз­нес­тің жол картасы – 2020» бағдарла­ма­сы аясында банктердің инвестициялық жоба­ларды іске асыру үшін беретін кредит­терінің сыйақы ставкасын субсидия­лау түрінде мемлекеттік қолдау көрсетуге 5,6 млрд теңге көзделген.
Елдің «көліктік-логистикалық хабын» дамы­туға қосымша 44,5 млрд теңге қарасты­рылып отыр. Оның есебінен көлік инфра­құры­лымын дамыту, жолдарға күрделі және орташа жөндеу жүргізу, «Батыс Еуропа –Батыс Қытай» халықаралық транзит дәлізінің «Алматы – Қорғас» автомобиль жолының учаскесінде «Нұр жолы» авто­мобиль өткізу пунктін құру және пайдалану бойынша концессиялық жобаларды іске асыру жалғасады.
Үшіншіден, нақтыланған бюджет жоба­сы салу мерзімінен асып кеткен жобаларды ары қарай қаржыландырады. Мысалға, 9,8 млрд теңге қосымша қаражат ауылдық жер­лер­де білім беру объектілерін, инженер­лік инфрақұрылымды, тұрғын үйді салу, бұдан бөлек, газдандыру және ауыз сумен қамта­ма­сыз ету бойынша жобаларды одан әрі іске асыруға серпін бермек. 9,2 млрд теңге әскери қызметшілерді баспанамен қамтуға жолдан­бақ. «Петропавл ауыр машина жасау зауыты» мен «Киров атындағы зауыттың» өндірістік қуаттарын технологиялық жаң­ғыр­туға бюджеттен 3,3 млрд теңге жұмсалады.
Нақтыланған бюджетті құптаған Мәжіліс депу­таттары Үкіметке бағдарламалар әкім­ші­лерінің бөлінетін бюджет қаражатын (соның ішінде қарыз қаржыларды да) сапалы жос­­парлауына және жұмсауына бақылауды күшей­туге, сонымен қатар лауазымды тұлға­лар­дың дербес жауапкершілігін сақтауын қамтамасыз етуге ұсыным берді.
Жалпы отырыс соңында Мәжіліс төра­ға­сы ел Президенті Жолдауының негізгі басым­­дықтарын халыққа түсіндіру үшін қалау­лы­лар­дың ауыл-аймаққа аттанатынын хабарла­ды.
– Біздің басты мақсатымыз – Елбасының Қазақстан халқына Жолдауында белгіленген негізгі міндеттерді ел тұрғындарына түсіндіру және осы стратегиялық құжаттың негізгі басымдықтарын әрбір сайлаушыға дейін жеткізу, – деген Н.Нығматулин депутаттар­дың сайлаушылармен кездесуі облыс орта­лық­тарында, ірі қалаларға ғана емес, сондай-ақ шалғай ауылдарда да өтетінін айтты.
Осы орайда палата басшысы бірінші кезекте Мемлекет басшысының Жолдауын заңнамалық қолдау тұрғысынан жүзеге асыру тетіктерін түсіндіру қажет болатынына өз әріптестерінің назарын аудартты. Қалау­лы­лардың өңірлерге сапары 27 қазанға дейін жалғасады.

Айхан ШӘРІП

Бөлісу:

Пікір жазу


*

Оқуға кеңес береміз