Головкиннің шаршы алаңға қашан оралатыны белгілі болды

1072
0
Бөлісу:

Қазақстандық боксшы Геннадий Головкиннің промоутері Том Леффлер оның шаршы алаңға қашан оралатынын айтып берді.  Бұл туралы ол ESPN телеарнасына берген сұхбатында жариялады.

Леффлердің айтуынша, Головкин енді рингке келесі жылдың (2019) көктемінде оралмақ. Әзірге қарсыластың кім болатыны белгісіз. Белгілісі – жекпе-жек наурыз айында өтеді. Промоутердің сөзінше Головкинмен кездесуі мүмкін ең потенциалды қарсылас – Риота Мурата.

«Ортаңғы дивизионда Головкинмен жұдырықтасқысы келетін боксшылар өте көп. Әрине, Головкинмен жолығу оларға ақша да әкеледі. Дегенмен бәрінен бұрын оның соңғы кездесулерде қарсыластарын нокаутқа жібермеуі боксшылардың ынтасын оятқан сияқты» депті Леффлер.

Промоутер Головкин-Мурата кездесуін Токиода ұйымдастыруға да қарсы емес. Бұған дейін мұндай ұсынысты Муратаның промоутерлері де айтқан болатын. Сондықтан қазақстандық және жапондық боксшының жекпе-жегі көктемде көрермен қауымның дегбірін қашыратын тартысты шайқас болатын сияқты.

Айтпақшы, Сауль «Канело» Альварес те Головкинмен үшінші мәрте кездесуге ниетті.

«Осыған дейін екі рет кездестік. Мен екеуінде де жеңдім деп есептеймін. Екінші жекпе-жекте төрешілер берген бағадан да жоғарғы деңгейде жеңген сияқтымын. Егер фанаттар үшінші рет жұдырықтасқанымызды қаласа, онда біз оны жасаймыз» дейді мексикалық боксшы.

Абай Аймағамбет

Бөлісу:

Пікір жазу


*