Ілияс – пір тұтарым, Қасым – ағам

Ұлттық әдебиеттің ағынды айдыны мен әсемдік әлеміне еркін еніп, бұл бағытта әр алуан жанрда жүйелі еңбек еткендердің бел ортасында – Қазақстанның халық жазушысы, ақын, ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор Тұрсынхан Әбдірах-манованың да болғаны белгілі.
Атақты ақын-қаламгердің өмірбаян беттеріне ден қойсақ, сөз жоқ бастапқы тұста, орта мектепте мұғалім әрі кейін директор, аудандық комсомол, партия комитеттерінде хатшы һәм нұсқаушы, «Қазақстан әйелдері» журналында бөлім меңгерушісі, Баспа комитетінде редактор, Әдебиет және өнер институтында ғылыми қызметкер болып еңбек етті.
Ақындық өнердегі ізденісі, көзқарасы мен қолтаңбасы, әсемдік әлеміндегі өрісі – «Ән» атты алғашқы жинақтан көрінді (1959). Өлең-жыр кітаптары «Әннен әнге» (1962), «Шырқау» (1966), «Көгершін көңіл» (1968), «Наз көңіл» (1984), «Сыр бөлісемін» (1990), «Замана сазы» (2000), «Сөйле, қалам» (2001) болып жарасымды жалғасын тапты. Өз кезегінде «Кемел» (1974), «Мерей» (1981) атты таңдамалы жинақтары да көпке жетті. Екі және бес томдық шығармалары да жарық көрді. Олардың басым бөлігі алыс-жақын елдердің тілдеріне аударылды.
Тұрсынхан Әбдірахманованың ақындық өнеріне ден қойған тұста, әсіресе, өлең, толғау, поэма бағытында өнімді еңбек еткенін аңғарар едік. Тақырыптық тұрғыдан қарасақ, ел мен жер, Отан мен отбасы, қоғамдық құбылыстар, заман шындығы, адам өмірі мен еңбегі, тарих пен таным, ұлт пен ұрпақ, тәлім-тәрбие кең орын алады. Жанры жағынан әр алуан әрі көркемдік ізденістері, эстетикалық мұраттары, стильдік арналары шындық сипаттарымен мәнді. Ойға алсақ, «Өзім туралы өлеңінде»:
– Ілияс – пір тұтарым, Қасым – ағам,
Қалайша бұрқақтамай басыла алам.
Мен дағы жаралғанмын сүйек-еттен,
Мені де ана сүті асыраған, – деп өмірбаян беттерінен сыр шертеді. Ілияс, Қасым ақындарды ардақ тұтып, мадақ етеді. Өмірін үлгі, өнер өлкесіндегі өзгешеліктерін, дарын дидары мен қалам қуатын, көркемдік-эстетикалық қырларын, ой мен сөз жүйесін назарда ұстайды. Кезекті тұста:
Жұмысшы Әбдірахман Кәмиланың,
Ең кенже, он үшінші баласы едім, – дегенді де боямасыз, бүкпесіз жеткізеді. Жасынан ән айтып, өлең-жырды серік еткенін де, ғылым-өнерге өмірін арнағанын да еркін де көркем, сенімді сипатта жырлайды. Өмірдегі орнын, өнердегі ұстанымын да елдік мұраттармен байланыстырады.
Осы жайттарды ойға алсақ, сөз жоқ ұлттық мұраттарға адалдық, руханият өрісіне құштарлық пен сүйіспеншілік сезіледі. Ол, әсіресе, өлең өлкесінен, өрісті де көркем әлемінен айқын аңғарылады.
Отан мен отбасындағы, қарым-қатынастағы, тірлік-тынысымыздағы орын-үлесін де шындық қалпында, ортақ мұраттар мен талап-талғам тұрғысында қарап, көңіл зердесі мен сәулесін түсіріп, жан-жүрекпен қозғайды. Елдік мұрат алға шығады.
«Бабаларым мен ағаларым» сияқты топтама өлеңдер жиынтығынан арғы арналардан жеткен тамырлы тарихтың ақиқат жайттары, адам мұраты мен қайраты, қоғам мен заман шындығы, дала дидары мен ғалам ғажайыптары, табиғат тылсымы кең көлемде қозғалады. Ұлт тарихы мен руханиятындағы алыптар мен асылдар шоғырын құраған – Шоқан, Абай, Ыбырай, Сәкен, Ілияс, Бейімбет, Қажым, Мұхтар, Әлкей тағы басқа ұлт пен ұрпақ қамына қатысты көзқарастары, Отан мен отбасы, қоғам алдындағы жауапкершілік жүгі, адам мұраттары, тұлғалық сыр-сипаттары жан-жақты ашылады. Бастысы, бабалар рухына тағзым, тарихтан тағылым, өмір шындығы мен уақыт бедерлері бейнелі де сырлы сипат алады.
Жастық жырлары, махаббаттың құдірет-күші – «Ұнатып едім», «Махаббат», «Сағыныш», «Сезім», «Нәзік», «Қоштасарда», «Оралшы бір», «Сүйе білсең» сынды өлеңдердің асыл арқауын құрайды. Жастық, достық, махаббат мерейі мәнді де нәрлі.
Көңілді тербеп, жан-жүректі қозғап, сыр сезімді билеп алған – жастық жырлары, махаббаттың мәнді-нәрлі сипаттары, күйінішті-сүйінішті сәттері де достық нұрымен, жастық жалынымен қатар беріліп, сенімді суреттеледі. Ақындық өнер, оның қуаты мен көркемдік қайнары да шынайы шындық тұрғысынан жырланады.
Ақын өлеңдерінің ағысты арналарының бір бөлігін – «Ирак сапарынан», «Сарыарқа сапарынан», «Қарақалпақ сапарынан», «Италия сапарынан» сияқты топтама жырлар құрайды. Көз көріп, көңіл күнделігіне түскен көрініс-суреттер, белгі- ерекшеліктер де назар аудартып, ойлы өрнек, сырлы сезіммен мәнді-нәрлі мағыналы жайттарды қозғайды. Бұдан басқа, «Кавказ шыңы», «Қарақұм», «Теңіз мінезі», «Магнолия», «Машук», «Гагра ақшамы», «Карл қайнары», «Самарқан», «Ақмарқа-Алтай», «Марқакөл», «Көкше», «Оқжетпес» өлең-жырлар әсерден туған, әсемдігі мен көркемдігі келіскен жақұт жырлардың жиынтығының қатарына жатады.
Ақынның өлең-жырларын қайта оқып, зерттеп-зерделеген тұста, сөз жоқ Жер планетасының басты тұлғасы, қоғамның қозғаушы күші, ақыл-парасат иесі – адам өмірі мен еңбегі, қайраты мен тәжірибе, тағылымы, алдыңғы кезекте орын алады. «Жер тұтқасы – адам!» деп нағыз адам бейнесін, өмірі мен еңбегін, отан мен отбасы, қоғам алдындағы жауапкершілік жүгін, мәнді-нәрлі тұстарды, сәулелі сәттерді кең түрде ашады. Бұдан басқа, «Дала», «Бұлт», «Өмір заңы», «Уақыт құзыры», «Ғылым», «Ой», «Сөз», «Сыр», «Этнографиялық өлеңдер» адам әлемі, адамдық пен адалдық, қоғам, заман, еңбек, уақыт бедерлері жан-жүректен қозғалып, көңіл толқындары, мейірім шуағы, сәулелі сәттер терең тебіреніс-тербелістермен беріліп, табиғи қалпында көркем, мәнді, жүйелі жеткізіледі.
Т.Әбдірахманова аударма ісімен де айналысып, бұл бағытта бірқатар еңбек атқарғанын аңғарар едік. Атап айтқанда, Евг. Юнганың «Даңқы өшпес кеме», М.Стельмахтың «Адам қаны – су емес», сондай-ақ Л.Татьяничеваның, Т.Кузовлеваның өлең-жырларын еркін де жатық аударды. Оның үстіне, ширек ғасыр бойы ән қанатында жүргенін қалың жұртшылық жақсы біледі. Ән-әуенді серік етіп, Ж.Елебеков, Қ.Байсейітова тағы басқалардың жоғары да жылы ілтипаттарын естиді. Белгілі әншілер Р.Есімжанова, Ж.Омарова, Р.Қойшыбаева тағы басқаларымен қатар өнер жарыстырып, көпшілік алдына шықты. Өнерпаздық қырларын кең көлемде көрсетті.
Т.Әбдірахманованың ұлттық әдебиет тарихына, әдебиеттану ғылымына қосқан сүбелі үлесі барын да айтқан жөн. Бұл бағытта да ерен еңбек етті. Ойға алсақ, М.Әуезовтің ғылыми жетекшілігімен қорғалған – «Ілияс Жансүгіровтің лирикасы» атты кандидаттық диссертациясы «Ақын сыры» атты кітапқа айналды (1965). І.Жансүгіровтің ақындық әлемін, өлең өнеріндегі өрнекті өрістерін, бейнелі сөз, өткір ой, ұтымды жайттарды жеткізудегі белгі-ерекшеліктерін, тақырып мәнін, жанр жүйесін, көркемдік қайнарын, эстетикалық құндылықтарын, ой мен сөз сипатын, басқа да талант табиғатына тән өзіндік мүмкіндіктерін кең түрде қарастырады.
Т.Әбдірахманованың «Қасым Аманжоловтың поэтикасы» атты зерттеуі танымал ақынның шығармашылығы хақындағы алғашқы еңбек, зерделі зерттеудің бірі.
Зерттеу еңбекте Қ.Аманжоловтың ақындық мұрасы, тақырыптық һәм жанрлық жүйесі, идеялық және мазмұндық мәні, көркемдік мұраттары мен образдық, түрлік ерекшеліктері кең көлемде қарастырылады.
Зерттеудің «Кіріспе» бөлімінде – әдебиеттану ғылымындағы поэтика мәселесі, Аристотельдің «Поэтика» еңбегі мен одан кейінгі кезеңдердегі зерттеу жүйесі, арғы-бергі дәуірлердегі көзқарастар мәні айқындалады. Нәтижесінде: «…поэтика – зерттеуге алып отырған обьектінің күллі табиғаты… поэтика – көркем творчество табиғаты туралы ғылым», – деген қорытындыға келеді. Қ.Аманжолов жөнінде әр жылдары айтылған-жазылған мақала, зерттеу, естеліктер мәні мен сырына кеңінен тоқталады.
«Өмір-өлең» атты алғашқы тарауда Қ.Аманжоловтың халық әдебиетінен нәр алғаны, өзіне дейінгі поэзия үлгілерінен үйренгені сөз болады. Ілияс Жансүгіров поэзиясының әсері барына, үлгі-өнеге тұтқанына мән береді. Ұлы Отан соғысы кезеңінде кемелдене түскені атап өтіледі. «Ақын өлімі туралы аңыз» поэмасы қазақ поэзиясында елдік-ерлік үлгісін көрсеткенін баса айтып, әсіресе, ондағы суреткерлік, шынайылық та сыршылдық, эстетикалық қуаты кеңінен көрсетіледі. Қоғам, адам, заман мұраттарын кең түрде жырлағанына мән беріліп, айрықша аталады.
Зерттеу еңбектің «Зергер ой – зерлі сөз» бөлімінде Қ.Аманжоловтың поэтикасына қатысты дүниетаным арналары, көркемдік-эстетикалық мұраттар, ұлттық-интернационалдық сипаттар, бейнелік-тілдік ерекшеліктер, өлең өлшемі, шеберлік мәселесі кең орын алады. Халық әдебиетінен нәр алғаны, тақырыпқа жіті мән бергені, идея мен мазмұн құрылымы, мәтін құбылысы, стильдік сипаттар Абай әлеміне еркін еніп, оқып-үйренгені, І.Жансүгіровтің поэзиясын өнеге тұтқаны дәлелді-дәлдік, талдау-салыстырулар арқылы беріледі.
Ақындық өнердің өріс-өресін айқындайтын – тіл байлығы, сөз төркіні, оны жеткізу мен қолданудағы амал-тәсілдер жүйесі, мәндес сөздер сипаты, градация-дамытуды жиі қолдануы, сондай-ақ синоним, омоним, антоним, неологизм, метафора, кейіптеу, символ, синекдоха, ирония, сарказм, ұлғайту, литота, фигуралар жиі ұшырап, оны көбінде көркемдеу құралдары арқылы беріп, осының негізінде жаңашылдық рухын, адам образын ашу бағытын, мағыналық айқындауда кеңінен қолданғанын танып-талдап, өзара салыстырып, жан-жақты ашады. Ақын поэзиясындағы өлең құрылысы, түрлік ізденіс-ерекшеліктер, 7 буыннан 16 буынға ұласқан – көп буынды өлең түрлері, ұйқас, ырғаққа қатысты сөз кестесі, көркемдік өрнектерге де кең орын беріледі. Қысқасы, Қ.Аманжоловтың поэтикалық жүйесін құрайтын көркемдеу құралдары, оны қолдану ерекшеліктері, суреткерлік шеберлік сырлары, ізденіс арналары, ой мен сөз мәні жүйелі де жан-жақты ашылады.
«Ерен өнер – ерекше тұлға» деген бөлімінде жазушы еңбегі көркемдік кеңістігіндегі стиль сипаттары, эстетикалық мәні, даралық белгі-ерекшеліктері айқындалады. Қ.Аманжоловтың стиліндегі ерекшеліктер қатарын-да – бүгінгі өмір шындығы, азаматтық пафос, патриоттық сезім, сөз өткірлігі айрықша аталады. Автор ой түйінін «…Қасымға тән стильдік ерекшеліктің бірі – бір ғана әсерден туған сезім толқынын сан қилы, көп көріністі суреттермен бейнелеу…
Қасым Аманжолов поэзиясы – дауылдай екпіннің, өткір ой, отты сезімнің поэзиясы…
Қасымдай ақынның қалыптасуы, дамуы, өз ұлт әдебиетінен лайық орын алуы – бүтіндей бір әдеби процесс», деп білдіреді.
Бұдан басқа, ақын-қаламгер Һәм ғалым Т. Әбдірахманова хақында М.Әуезов, Ғ.Мүсірепов, З.Кедрина, Ф.Әлиева тағы басқалары маңызды ой айтып, мәнді пікір қалдырғанын да айту абзал. Жасыратыны жоқ, «Жақұт сөзбен өрілген жауҺар жырлар» (С.Досанов) қалың жұртшылық жүрегінен жол тапқанын да еске алу артық емес. Ақиқатында, ақын Т.Әбдірахманова туралы академик-жазушы М.Әуезов: «…Адам баласы дүниеде бар өнердің қандайын болса да игере, үйрене алады. Бірақ соның бірде-бірі оның бойына ана сүтімен туа біткен өнердей болмайды. Адам бойына ана сүтімен туа біткен табиғи өнерін қадірлеп, соны дамытып ұстағаны абзал»,-деп бағалап, оның тысында барша шығармашылық иесіне қатысты көзқарасын, талант табиғаты мен қалам қуатының мүмкіндіктерін тамыршыдай тап басып көрсетуі, әр кезеңде-ақ басшылыққа алып, назарда ұстауға әбден болады.
Сондай-ақ Т.Әбдірахманованың шығармашылық мұрасынан әр алуан жанрды қамтып (ақын,аудармашы, ғалым), оның бәрі-баршасында ұлттық мұратты арқау еткен, елдік мәселелерді кеңінен қозғап, түйінді жайттарға назар аударып, жан-жүрекке, көңілге түрлі ой салған, жабырқатқан жайларды да, сәулелі сәттерді де өткір ұшталған қаламмен еркін де бейнелі, бедерлі сипатта суреттегені, көркем де жүйелі жеткізілетіні айқын аңғарылар еді. Одан өзге, «Ақын сыры», «Қ.Аманжоловтың поэтикасы» сынды зерттеу еңбектерінде жыр жұлдызы, өлең-өнердің өшпес өнегесін көрсеткен І.Жансүгіров пен Қ.Аманжоловтың шығармашылық қырларын, ақындық өнердегі байланыс-сабақтастықты, ортақ мұраттарды іргелі ізденіс, байыпты зерттеу-зерделеуге негіздеп, танып-талдаудың өзегіне айналдырғаны, басты ерекшеліктерге назар аударып, көзқарас пен қолтаңбаға, өнер өрісіне, сыр-сезім дүниесіне еркін енгені де кең көлемде қарастырылады. Осының негізінде өлең-өнердің қадірі мен қасиетін, көркемдік арналарын, мол мүмкіндіктері мен терең иірімдерін кеңінен көрсетеді. Ал аударма мұрасы мен сапарлар сазынан туған туындылары жан-жүректің қалауы, көңіл күнделігі мен терең тебіреністер нәтижесі екені анық. Маңыздысы, нені айтып, жазса да біліп-танып, зерттеп-зерделеп, көзбен көріп, көңіл көрігінде қорытылғаны, соны көркемдік қабылдау, мейірім шуағы мен сыр-сезімге бөлеп, аялағаны жүйелі жеткізілетінін байқап-бажаулау қиындық туғызбайды. Зерттеу жүйесі, баяндау мәнері, көркемдік қайнары да айқын.
Жалпы алғанда, ақын-қаламгер Т.Әбдірахманованың шығармашылық мұрасы бай да байтақ әлем әрі алуан қырлы, мың сан арналы болып келеді. Қазақ руханиятының көгінде – ақын-әнші ретінде еркін қалықтаған жырлы-сырлы сипаттары бар қырынан көрінгені де анық. Ал ғалым-қаламгер һәм аудармашы бағытында да ерен еңбек етіп, ұлттық сөз өнерін тақырыптық тұрғыдан байытып, жанрлық һәм көркемдік-эстетикалық құндылықтарын еселеп арттырғанын да айту абзал. Әсіресе, қазақ сөзінің, өлең-жырдың жарық жұлдыздары І.Жансүгіров пен Қ.Аманжоловтың ақындық әлеміне еркін еніп, оның талант табиғаты мен тағылымын, қасиеті мен құдіретін, көркемдік құндылықтарын зерттеп-зерделеп, танып-талдап кең түрде ашады. Бұдан байқалатыны, ақын-қаламгер Т.Әбдірахманова ұлттық сөз өнеріне адалдық танытқан, оның дамып-өркендеуіне ерен еңбек етіп, сүбелі үлес қосқаны айқын аңғарылады. Өлең өлкесінде өзіндік өрнегі, аударма мен зерттеу ісінде байыпты көзқарасы мен ұстанымы берік – Т.Әбдірахманованың шығармашылық мұрасы әркез назар аударып, көркемдік кеңістігімен баурап, рухани әсерімен нұр-сәулесін молынан түсіре берері хақ. Бұдан қалың көпшілік, әдеби қауым нәр алары да даусыз.
Рақымжан ТҰРЫСБЕК,
филология ғылымдарының докторы, профессор