ЕЛБАСЫ ЕСКЕРТІП ЕДІ

812
0
Бөлісу:

Осы жылдың шілде айында Бес әлеуметтік бастаманың бірі – «7–20–25» бағдарламасы бойынша баспаналардың сатылымға шыққаны белгілі. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Жолдауында аталған бағдарламаның өңірлерде сылбыр жүзеге асып жатқанын сынға алып, облыс басшыларына қатаң ескерту жасаған еді. Осы орайда Павлодар облысында «7–20–25» бағдарламасы  қалай жүзеге асуда? 

Ресми деректерге сүйенсек, қазіргі уа­қытқа дейін Павлодар облысының 13 тұр­ғыны жалпы құны 143 млн теңге бо­ла­тын пәтерді аталған бағдарлама аясында алу­­ға өтініш білдірген. Алайда оның тек же­­теуі мақұлданып, павлодарлықтардың бас­­паналы болуы үшін 81,5 млн теңге ипо­­текалық займ берілді. Олардың қа­тар­ында пәтерді Астана және Алматы қа­ла­ларынан алғандар бар. Мәселен, «Банк­ЦентрКредит» АҚ облыстық фи­лиалы ди­ректорының орынбасары Ержан Ак­рамовтың сөзінше, осы уақытқа дейін 3 өті­ніш мақұлданып, 35 млн теңге қарыз бе­рілді. Оның екеуі қаржыны Астана қа­ласында баспана алуға жұмсаса, енді бірі об­­лыс орталығындағы пәтердің иесі атан­ды. Сонымен қатар мақұлданған, бірақ әзір­­ше берілмеген екі өтініш бар. Оның екеуі де Астана мен Алматы қалаларынан бас­пана сатып алуға арналған.
Бұл ретте «Павлодарда бағдарлама та­­лап­тарына сай келетін баспана жоқ па?», «Тұрғындардың басым бөлігі неге өз­ге қаладан баспаналы болуды қалайды?» де­ген заңды сауалдар туындайды. Облыс­тық құрылыс басқармасының басшысы Рүстем Раисовтың айтуынша, бүгінгі күні Пав­лодар мен Екібастұз қаласында 305 пә­тер «7–20–25» бағдарламасы бойынша саты­­лымға шығарылды. Жыл соңына дейін бұл тізімге тағы 400-ге жуық пәтер қосы­лады. Яғни, жаңа баспаналармен қам­тамасыз етуде күрмеулі мәселе жоқ. Тек түсіндіру жұмыстарының кемшін тү­сіп жатқаны болмаса.
– Бағдарламаның іске қосылғанына үш айға жуық уақыт өткенмен, баспаналы болу­­дың тиімді тетіктерін түсіндіру жұ­мыс­­тарының сылбыр жүріп жатқаны бай­қа­лады. Тұрғындардың басым бөлігі бас­­паналы болудың тиімді жолын жіті ұғы­на қойған жоқ. Сондықтан түсіндіру жұмыстарына баса мән береміз. Сонымен қа­тар жеке құрылыс компанияларымен өза­ра байланыс орнатамыз. Бүгінгі күні «Кло­чан», «Әлем-ПВЛ», «Аружан», «Шай­газинов» құрылыс компаниялары белсенділік танытып, баспана құрылы­сына кірісіп кетті, – дейді Р.Раисов.
Айта кетелік, Павлодар облысында «7–­20–25» бағдарламасы бойынша баспа­на­лы болу үшін пәтер құны 15 млн теңге­ден аспауы тиіс. Осы орайда Қазақстан Ұлт­тық банкі Павлодар филиалы дирек­торының орынбасары Ердос Спандияров ай сайынғы төлем көлемін анықтау үшін Ұлт­тық банк сайтындағы калькулятордың көме­гіне жүгінуге кеңес берді.
«АТФ» АҚ облыстық филиалы дирек­торының орынбасары Талғат Асқаров «7–20–25» бағдарламасы аясында баспа­налы болу үшін жалақы кем дегенде 180 мың теңгені құрауы тиіс екенін айтты. Сол кезде ғана өтініш берушінің 25 жыл бойы ай сайын 80 мың теңге төлей алу қабілеті бар екені нақтыланады.
– Осы уақытқа дейін банктің облыс­тық филиалына 200-ге жуық адам келіп, бағдарламаға қатысуға ниет білдірді. Олар­дың басым бөлігі әңгімелесуден соң ке­рі қайтты. Себебі, бірінің жалақысы жет­пейді, бірінің атында пәтер бар, тағы бірі­нің несиелік тарихы «бүлінген». Сондықтан, әзірге бірде-бір ипотекалық не­сие берілген жоқ. Бірақ үш өтініш қа­на­ғаттандырылды. Таяу уақытта қаржыны қол­ға береміз. Атап өтерлігі, өтініш 2-3 күн аралығында қаралады, – дейді Т.Ас­қаров.
Осы орайда Екібастұз қаласында бір­не­ше жыл бұрын салынып, бірақ қол­данысқа берілмеген пәтерлерді мемлекет та­ра­пынан субсидиялап, «7–20–25» бағ­дарламасы бойынша үлестіру қолға алына бастағанын айта кету керек.
– Екібастұз қаласында 180 пәтер, яғни бес қабатты үш үй «Тұрғынүйқұрылыс жи­нақбанкі» арқылы салынған болатын. Пәтер­лердің бір шаршы метрі 145-150 мың теңгеге шығып, тұрғындардың оны са­тып алуға мүмкіндігі болған жоқ. Сәй­ке­­сінше, үш конкурс барысында небәрі 2 өтініш түсті. Пәтерлердің қымбаттығын ескере келе, мемлекеттік қолдау көрсетуді жөн көрдік. Атап айтқанда, облыстық және жергілікті бюджет есебінен суб­си­диялап, бағасын айтарлықтай төмен­деттік. Бұдан былай екібастұздықтар үш үй­дегі пәтердің бір шаршы метрін 100 мың теңгеге сатып ала алады, – де­­ді ­ Р.Раисов.
Сонымен қатар Рүстем Раисов таяу ара­да облыс орталығындағы Сарыарқа ша­ғын­ауданында тағы 8 үй салу бойынша мем­лекеттік конкурс жарияланатынын айтты. Сол арқылы келер жылы 1000 пә­тер пайдалануға берілмек. Оған қоса, 2019 жы­лы Павлодар қаласында бірыңғай типте салынатын 73 жеке тұрғын үйдің құры­лысы аяқталады. Олардың барлығын «7–20–25» бағдарламасы бойынша сау­далауға мүмкіндік болады.
Айта кетелік, бүгінгі күні облыс орта­лығында тұрғын үй кезегінде 25 мың адам тұр. Ал «Тұрғынүйқұрылысжинақбан­кінде» 50 мың салымшының шоты бар.

Құндыз ҚАБЫЛДЕНОВА, Павлодар облысы

Бөлісу:

Пікір жазу


*