Алғашқы жеңіс: Қазақстан құрамасы Андорраны ойсырата ұтты

892
0
Бөлісу:

Ұлттар лигасы аясында Қазақстан құрамасы Астанада Андорра құрамасын қабылдап, бұл турнирдегі алғашқы жеңісіне қол жеткізді.

Матч тізгінін алаң иелері бірден қолға алып, жылдам гол соғуға ниетті екендерін байқатқан. Жиі-жиі шабуылдар ұйымдастырып, Андорра қақпасын маңайлады. Сондай сәттердің бірінде Еркебұлан Сейдахмет мергендік танытып, 21 минутта Қазақстан құрамасын алға шығарды. Бұл Еркебұланның ресми матчтарда ұлттық құрама үшін соққан алғашқы голы.

Бұдан соң 39 минутта Сейдахмет асырған нәтижелі пастың арқасында шабуылшы Бауыржан Тұрысбек гол соғып, Қазақстан құрамасының басымдылығын күшейте түсті. Бірінші тайм 2:0 есебімен аяқталды.

Ойынның екінші кезеңінде де қазақстандықтар жеңіске жетуді көздейтінін көрсетіп, Андорра қақпашысының зәре-құтын қашырған. Сондай кездердің бірінде қақпашы Жозе Гомес өз қақпасына гол соғып алды. Бауыржан Исламханның соққысына тосқауыл бола алмаған Гомес есеп басымдығын 3:0-ге дейін жеткізіп берді. Бұдан соң 65 минутта Серікжан Мужиковқа қарсы тәртіп бұзған Жорди Алаэс алаңнан қуылды. Аз ойыншымен қалған андорралықтарды талқандау Стойлов шәкірттеріне аса қиынға соққан жоқ. 70 минутта алаңға шыққан Роман Муртазаев 74 минутта гол соғып, жергілікті жанкүйерлерге қуаныш сыйлады.

Біздің топтағы Латвия мен Грузия құрамалары 16-сынан 17-іне қараған түні кездеседі. Қазақстан құрамасы 5 ұпаймен екінші орынға көтерілді. Біздің құрама өзінің келесі кездесуін Астанада 15 қараша күні Латвияға қарсы өткізеді. Одан кейін 19 қарашада Грузияға қонаққа барады.

Абай Аймағамбет

Бөлісу:

Пікір жазу


*