БЕЙБАРЫС МЕШІТІНІҢ ҚҰРЫЛЫСЫ ЖАЛҒАСАДЫ

1023
0
Бөлісу:

Бейбарыс Сұлтан мешітін қайта қалпына келтіру жобасының тағдыры белгілі болды. Еліміздің Сыртқы істер министрлігінде ақпарат құралдары өкілдерімен кездескен Қазақстанның Египеттегі елшісі Арман Исағалиев қазақ – мысыр ынтымақтастығының қазіргі жағдайы мен даму перспективалары туралы
айтып берді.

Қазақстан үшін Таяу Шығыс және Солтүстік Африкадағы маңызды серіктес ел болып есептелетін Мысырмен сенімді саяси диалог орнатылған, сондай-ақ ха­лықаралық және аймақтық ұйымдар ая­сында тығыз ықпалдастық жолға қойыл­ған. Бұл мемлекет Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың ядролық қаруды таратпау, дінаралық диалог, терроризммен күрес және басқа да барлық халықаралық және өңірлік бастамаларын қолдайды.
Өткен аптада Елбасының басшылы­ғы­мен алтыншы рет өткен Әлемдік және дәс­түрлі діндер лидерлерінің съезіне ис­лам әлемі делегациясының басшысы ретінде әл-Азһар шейхі, Бас имам Ахмед әт-Тайеб қатысты және Қазақстан Пре­зидентімен кездесті. Мұсылман әлеміндегі ең ірі діни орталық саналатын ұйымның бірінші басшысының, яғни сүннит мұ­сыл­мандар көшбасшысының съезге қа­тысуы іс-шараның деңгейін көтергені ата­лып өтілді.
Өз сөзінде елші екі елдің сауда-эконо­ми­калық қатынастарына ерекше назар аударды. Египет Қазақстанның Африка континентіндегі ең ірі сауда-экономика­лық серіктесі болып отыр. Бұл саладағы екіжақты ынтымақтастық соңғы жылдары елеулі жанданған. Атап айтқанда, Қазақ­стан мен Мысыр арасындағы өзара сауда айналымы 2017 жылы 62,4 миллион дол­ларды құрады. Бұл – кейінгі бес жылдағы ең жоғары көрсеткіш. Ал 2018 жылғы қаң­тар-шілде аралығында сауда айна­лы­мы 60,63 миллион долларға жетіп, өткен жылғы ұқсас мерзіммен салыстырғанда бірден 63 пайызға өсті (экспорт – 10,64 млн, импорт – 47,96 млн). Экспорттың басым бөлігін мұнай, мұнай өнімдері, ме­талл бұйымдары, зығыр дәні және басқа да тауарлар, ал импортты – хош иіс зат­тар қоспасы, химиялық өнімдер, дәрі-дәр­мек, киім, цитрус жемістері және бас­қалары құрайды.
Арман Исағалиевтың айтуынша, қа­зіргі кезде негізгі міндеттердің бірі Мы­сырға қазақстандық астықты экспорт­тауды қайта жаңғырту болып отыр. Хал­қының саны 100 миллионнан асқан Еги­пет жыл сайын 10-12 млн тонна ас­тық­ты сырттан тасиды. Әлемдегі ірі бидай экспорттаушылардың бірі ретінде Қа­зақ­стан бүгінде бидайды Мысырға жеткізудің барынша тиімді логистикалық жолдарын қарастыруда. Осы орайда Мысыр өз ау­мағында қазақстандық астық термина­лын ашуды ұсынуда. Бұл жоба астығы­мыз­ды тек осы елдің ғана емес, сондай-ақ бас­қа да африкалық елдердің нарығына экс­порт­­тауға мүм­кіндік береді.
Египеттің өзі шетелден қаржылай кө­мек қабылдаушы елдердің қатарына жат­қанымен, бұл ел бизнесмендері Қазақ­станға инвестиция салуға қызығушылық танытып отыр. Қазіргі кезде еліміздің Ин­вестициялар және даму министрлігі мысырлық тараппен бірге, Алматыда Қазақстан–Мысыр фармацевтикалық паркін салу бойынша инвестициялық жобасын жүзеге асыру жұмыстарын жүргізуде. Мысырлық дәрі-дәрмек өн­діру­ші өз өнімдерін Еуразиялық одақ на­ры­ғына шығару үшін біздің мемлекетті таң­дапты.
«Астана» халықаралық қаржы орта­лы­­ғы­ның ашылуы – египеттік қаржы ұйым­­да­рының да қызығушылығын туды­ру­да. Мы­сырдың аса ірі Misr банкі еліміз­де таяу уа­қыт­та өз филиалдарын ашуды жос­пар­лауда.
Бұған қоса, елші Елбасының «Рухани жаң­ғыру» бағдарламасынының «Жаһан­дық әлемдегі заманауи қазақстандық мә­дениет» жобасы аясында Мысырда биыл өткізілген мәдени іс-шараларға тоқ­талды. Олар жергілікті халық арасында Қа­зақстанға қызығушылықты арттыруға үл­кен септігін тигізген екен. Сондай-ақ Ілияс Есенберлиннің «Көшпенділер» романының араб тіліне аударылғаны, ал 2019 жылы елшіліктің демеуімен қазақ поэзиясы мен прозасының араб тіліндегі ан­тологиясы басылып, барлық араб мем­лекеттерінде таратылатыны айтылды.
Дипломат екі ел арасындағы білім жә­не ғылым саласындағы ынтымақтастық жайын да баяндады. Биылғы жылы араб әле­мінде алғаш рет, мысырлық жоғары бі­лім­нің беткеұстары болып табылатын Каир университетінің Әдебиет факуль-те­тінде «қазақ тілі» мамандық ретінде оқы­­тыла бастаған.
Арман Исағалиев Каир қаласындағы ұлы бабамыз Бейбарыс Сұлтанның ме­шітін қайта қалпына келтіру жобасы тура­лы ақпарат берді. Египетте туындаған саяси-экономикалық ахуалға байланысты 2007 жылдан бері жүзеге асырылмай келе жатқан бұл жоба бойынша жұмыстар енді қайта жанданатын болыпты. Бас мердігер мен Мысырдың Көне ескерткіштер ми­нистрлігі арасында жобаның құнына қ­атысты бұған дейін болған даулар Египет Премьер-министрінің жеке араласуымен ше­шімін тапты. Қаржыландырудың бірін­ші траншын енді осы елдің Уақыптар ми­нистрлігі, ал қалған бөлігін Көне ес­керт­кіштер министрлігі аударады.

Бөлісу:

Пікір жазу


*