«Қайрат» бас бапкерін жұмыстан қуды

1037
0
Бөлісу:

Алматылық «Қайраттың» бас бапкері Карлос Феррер қызметінен кетті. Бұл туралы клуб басшылығы хабарлап отыр.

«Бүгін Феррермен келісімшарт тоқтатылды. Ол команда алдына қойылған тапсырмаларды орындай алмады. Ол өте жақсы маман. Сірә, оған тәжірибе жетіспеген сияқты. Және тіл мәселесі де әсер етті. Біз соңғы жылдары жастарды командаға тартуды арттырдық. «Қайраттың» дамудың жаңа бағытын таңдағанына өкінбейміз» дейді клуб басшысы Қайрат Боранбаев.

Еске салсақ, 43 жастағы маман алматылық клуб тізгінін 2017 жылы 26 шілдеде ұстаған еді. Былтыр испан маманының басшылығымен команда Қазақстан кубогын жеңіп, ел чемпионатында күміс алды. Биыл да команда екінші орыннан жоғары көтеріле алмай отыр.

Боранбаевтың айтуынша, команданың жаңа бас бапкері – неміс маманы болмақ.

«Біз бүгін Германия ұлттық құрамасы бапкерінің консультантымен келісімшартқа отырдық. Ол 19 жасқа дейінгі Германия құрамасымен жұмыс істеген. Ол чемпионат аяқталған соң жұмысқа кіріседі. Ал «Қайратты» уақытша Андрей Карпович жаттықтырады. Карповичтің алдына қойылған тапсырма – ел кубогын жеңіп алу» дейді клуб президенті.

37 жастағы бапкер былтыр бапкерлер штабына кіріп, жаттықтырушылық мансабын бастаған еді. Ол ұзақ жылдар бойы бірқатар отандық клубтарда, оның ішінде «Қайратта» да ойнады. Сондай-ақ Қазақстан ұлттық құрамасы сапында да 54 матчқа қатысып, 3 мәрте гол соқты.

Абай Аймағамбет

Бөлісу:

Пікір жазу


*