Мейірім Нұрсұлтанов Лас-Вегастағы титулдық жекпе-жекте жеңіске жетті (видео)

2325
0
Бөлісу:

Қазақстандық кәсіпқой боксшы Мейірім Нұрсұлтанов Лас-Вегаста америкалық Джамар Фриманды жеңіп, кәсіпқой рингтегі 9-ы жеңісіне қол жеткізді.

Мейірімнің жекпе-жегі Лас-Вегастағы бокс кешінің андеркартында өткен еді. Бұл жекпе-жекте ол төрешілердің бір ауыздан қабылдаған шешімімен жеңісті еншілей алды. Бұл ретте Фриманның екінші раундта ногдаунға түсіп қалғанын да айта кету керек.

Сегіз раундтық жекпе-жекке NABF Junior нұсқасы бойынша Солтүстік Американың «жастар» чемпионы вакантты белбеуі тігілген болатын. Аталған белдік WBC жүйесіне кіреді. Ал 25 жастағы Мейірім үшін бұл алғашқы титулдық жекпе-жек болды.

«Ассалаумағалейкүм, қазақ елі. Жекпе-жек ойдағыдай болды. Дегенмен екінші раундта кішкене қарқын қосамын деп көбірек күш жіберіп қойдым. Сөйтіп жоспардан кішкене шет жұмыс істедім. Бірінші 8 раундтық жекпе-жегім ғой. Жақсы өтті деп ойлаймын. Алда үлкен кездесулер бар. Соған дайындық жасаймыз. Қателіктерді түзейміз. Бірінші белдігімді иеленгеніме қуаныштымын.

Қарсыласымды 10 күндей қалған кезде ғана білдім. Сондықтан спаррингтер аз болды. Қарсыласым осал емес деп ойлаймын. Жеңілістері бар. Бірақ жақсы жекпе-жектерде жеңілген. Кішкене демалып алып алдағы жоспарларды ойластырамыз» дейді боксшы.

Осылайша, Нұрсұлтанов 9 жекпе-жегінің 9-ында әзірге жеңіспен аяқтап отыр.

Абай Аймағамбет

Бөлісу:

Пікір жазу


*