ЖАСТАР ЖЫЛЫ НЕНІ ЕСКЕРУІ ТИІС?

14686
11
Бөлісу:

Мемлекет басшысының ұсынысымен 2019 жыл «Жастар жылы» деп жарияланды. Келер жылы жастар мәселесі толығымен шешіліп кетердей қуанып жүргендер де, атаулы жыл атына заты сай деңгейде өтпей қала ма деп алаңдаушылар да бар. Жастар жылы жастар мәселесін шешіп беруі үшін қандай қарекет керек? Жастар жылын флэшмобтар мен мағынасыз форумдар шеруіне айналдырып алмаудың амалы қайсы, атаулы жылда нені ескерген жөн деген сауалға жауап іздеген едік. Қоғам пікірі төмендегіше өрбіді.

Талғат ҚАЛИЕВ, «Жастар» ғылыми-зерттеу орталығының директоры:

– Ең бастысы, жастардың наза­рын құндылықтарға аударуымыз керек, себебі, жастар бүгінгі таңда мате­риал­дық құндылықтарға көбі­рек мән беретін болды. Жастар­ды азаматтық, қоғамдық жұмыстарға тартуымыз керек. Ең маңыздысы, жастардың өз құқы үшін күресе алатындай мүмкіндік қарастыру. Себебі, бүгінде жастар жұмыс іздемейді, жұмыс тауып бер деп отырады. Өзіне сенбейтін жас көп. Бұл жақсы тенденция емес. Себебі еліміздегі жастардың саны 4 миллионның төңірегінде. Жұмыс­­қа қабілетті адамдардың тең жарты­сын жастар құрайды. Жастар жұмыс­сыз дегенмен келіс­пеймін, себебі жұмыссыз жастар саны былтыр 4 пайызға да жеткен жоқ. Бұл, салыс­ты­рмалы түрде, өте жақсы көрсеткіш. Әрине, жұмыс іздегенде олардан еңбек өтілін сұрайды. Бұл мәселені ұжымда тәлімгерлік мектеп қалыптастыру арқылы шешуге болады. Бұрын мұндай мектеп болған, соны қайта жаңғырту керек. Жастарды жұмысқа бейімдеп тәрбиелейтін тәлімгер маманның жалақысына үстеме ақы төлеу меха­низ­мін қарастыруға болады деп ойлаймын.
Қазақстанда жұмыс істеймін деген адамға жұмыс бар. Жұмыс жоқ деген адам мәселені өзінен іздеуі керек. АҚШ пен Еуропада жастарға бөліп-жарып қолдау жасамайды. Заң алдында бәрі тең құқылы. Кез келген жас мамандығын өзі таңдайды, оқитын оқу орнын да өзі шешеді, ал ол оқуын бітіре алды ма, жоқ па – өзі жауапты.
Жастарды баспанамен қамта­ма­сыз етуге мүмкіндік беретін бағдар­ламалар жетерлік. Тек ол бағдар­ламалардан жастардың көбі бейхабар, себебі ізденіп зерттемейді.

Есен ЕЛЕУКЕН,
Tamasha TV телеарнасының директоры:
– 7-20-25 бағдарламасын жастарға бейімдеп жетілдіруді ұсынамын. Осы бағдарламаның бастапқы жарнасының көлемін 10 пайызға түсірсе, жастар үшін тиімді болар еді. Сосын жастарды аудиторияға жинап алып, маңызы жоқ форумдар өткізуге қарсымын. Мені сондай жиындарға жиі шақырады, ұялғанымнан барамын. Ол форумдардың тиімділігін көрмедім. Жастармен жұмыс істеудің форматын түбегейлі өзгерту керек. Себебі, бүгінгі жастың ақпаратты қабылдау қабілеті мүлде бөлек. Сонымен бірге, Жастар саясаты туралы заңдағы 1-баптың 3-тармағындағы «Жастар – Қазақстан Республикасының он төрт жастан жиырма тоғыз жасқа дейiнгi азаматтары» деген жолды өзгерту керек деп санаймын. Жас ғалымдар жасын 29-бен шектеп қоюға болмайды, 35-40-қа дейін созу керек деп ойлаймын.
Тағы бір назарда ұстайтын мәселе – ақпараттық қауіпсіздік мәселесі. Жуырда біз елімізге келіп жатқан ақпараттарға зерттеу жасадық. Бүгінгі күні ақпаратты жедел жеткізетін екі құралдың бірі – whatsapp желісі, екіншісі Youtube арнасы екен. Youtube арнасынан Қазақстанда көретін материалдардың 80-85 пайызы басқа тілде. Сол басқа тілдегі контенттің 70-80 пайызы көршілерден ашық түрде келіп жатыр. Қазақ тіліндегі контент бәсекеге қабілетті болмай отыр. Сондықтан осы мәселеге де баса назар аударуымыз керек.

Ғалымжан ОРАЗЫМБЕТ,
Zertteu research institute қоғамдық қорының бюджет сарапшысы:

– Жолдауда жарияланған Жастар жылынан не күтуге болады? Өкінішке қарай, біздің шын­ды­­ғымыз солай, тағы сол ұрандар, еш пайдасы жоқ форумдар мен конференция, флешмоб бола­ды деп ойлаймын. Яғни, Жастар жылы аясын­да жастарды қолдауға бөлінген қаржы тағы сол жастарды қолдау туралы әңгімелер айта­тын жиналыстарға жұмсалып кете ме деген ой бар. Қазір келесі жылдың бюджеті Парла­мент­те қаралып жатыр. Ол қараша айының соңында бекітіліп, Президентке ұсынылады. Сосын қол қойылып, келесі жылдың басында жүзеге асырыла бастайды. Дәл қазір бізде бір жарым ай уақыт бар. Оны неге жұмсау керек? Жастар жылы дегенді қалай түсінеміз, оның мақсаты не, не жасалуы керек, жастардың бүгінгі проблемасы қандай, приоритеттер қандай деген сұрақтар бойынша терең зерттеу жүргізіп, оны саралап, нақты істелу керек жұмыстардың тізімін жасауымыз тиіс. Сөйтіп, игерілетін қаржыдан жастарға нақты пайда болатындай нәрселер болғаны дұрыс. Мұны бір басқарманың, бір ведомствоның мәселесі ретінде қарауға болмай­ды. Жастар саясаты саласына қатысы бар бір­неше ведомство жұмыс жоспарын бірге даяр­лауы керек. Ішкі саясат, Отбасы, бала­лар және жастар істері жөніндегі басқарма, білім басқармалары, тағы басқа осы салаға қатысы бар мекемелер өзара бірігіп шешетін мәселелерді нақты анықтап алуы қажет деп есептеймін. Өкінішке қарай, қазір бізде нәтижесі нақты өлшенбейтін, кейін қадағаланбайтын, ешқандай сан индикаторларына негізделмеген шаралар түрі өте көп. Мәселен, Түркістан облысының Отбасы, балалар және жастар істері жөніндегі басқарманың 2018 жылғы шығыстары 613 млн 209 мың теңге екен. Бұл шығындар нәтижесінің өлшемі бар ма? Болса қандай? Одан бөлек Ішкі саясат басқармасының бюджетінде де түрлі тәрбие беру, насихаттау шаралары толып жатыр. Соның бәріне миллиондаған қаржы жаратылып жатыр. Нәтиже қандай? Дәл қазір сізге оны ешкім айтып бере алмайды. Өйткені, қайталап айтамын, бізде жаратылатын ақшаның нәтижесін өлшеу практикасы жоқ. Көп дамыған елдерде «есепке көнбейтін, өлшенбейтін нәрсені жоқ деп есепте» деген қағида бар. Бәрі осы қағида негізінде жұмыс істейді. Бізге де осы қағиданы бар салаға енгізу қажет. Менің ойымша, қазір жастар үшін ең өзекті проблемалар – тұрғын үй, жұмыс. Оның шешу жолдарын мен білмеймін. Ол саладан айтарым жоқ. Ал жұмыссыздық бойынша қазір мамандық, бір сала бойынша білім алу, қайта мамандану мәселесі – өте өзекті. Қазір soft skill туралы көп айта бастадық. Ол ағылшынша араластырып сөйлеп, заманауи көріну амалы емес, дәл қазір өте өзекті тақырып. Мүмкін, осы бағытта көп насихат жүргізіп, нақты қадамдар жасалуы керек шығар? Айта берсе, керек-керектер өте көп. Соның ішінде қазір және алдағы уақытта бірінші кезекте қажет болатындарына басымдық беріп, сол бағытта нақты жұмыстар жүргізілгені дұрыс:
1. Жастар саясатына, жастар проблемасын шешуге деген қадам, көзқарастарды түбегейлі қайта қарау, өзгерту қажет;
2. Әрбір жаратылатын тиынның әкелетін нәтижесі нақты өлшенетін, сан индикаторларына негізделген болуы шарт;
3. Жыл бойы әр шараның сипаты, нәтижесі, бары­сына мониторинг жүргізіп, жауапты адам­дар­дың кәсіби деңгейі дұрыс бағаланып отыру керек;
4. Жақсы нәтиже көрсеткендерді марапаттау, көтермелеумен қатар, нәтижесіз жұмыс істеп, қаржыны нәтижесіз, тиімсіз жаратқандарға қабылданатын шараның түрлерін әзірлеу керек. Қай жағдайда да оның кейінгі карьерасына ықпал ететіндей механизмдер жасап шығу керек.
Тек осыларды қолға алғанда ғана жылды дұрыс атап өтуге, нәтиже күтуге дайынбыз дегенге сенімді бола аламыз.

 

Ғалия ШАУДЫРБАЕВА,
«Жастар» телеарнасы директорының шығармашылық жөніндегі орынбасары:

Біздің телеарнада жастардың әлеуметтік мәселесін көтеретін бағдарламалар бар, соның ішінде жас отбасылардың мәселесін жиі көтереміз. Ажырасу неге белең алды деген сауалдың жауабын іздейміз. Жас отбасылар несие үшін ажырасып жатыр. Сосын бүгінгі жастар ата-енеге емес, тренингтерге сеніп кетті. Жастардың арасында отбасын сақтап қалу үшін күресетіндері аз. Бәлкім, ажырасудың алдын алу үшін медиациялық орталықтардың жұмысын ізгілендіру керек болар. Медиация институты несие үшін ажырасып жатқан жастардың мәселесін шешудің жолын ұсынса, төменгі пайызбен несие алып, алдыңғы несиені жабатындай жолдарын қарастырса… Жастар жылында осы мәселе заңнамалық тұрғыда реттелсе деген ұсынысым бар.
Баласы ауру жас отбасыларға, әсіресе жас аналарға психологиялық көмек беретін орталықтар керек-ақ. Көп жағдайда, өмірге нау­қас бала келгенде, әкелері тастап кетеді. Міне, соған жеткізу үшін жас отбасыларға пси­хологиялық көмек беруді ұйымдастыру қажет деп санаймын. Мұндай көмек беретін орталықтарды қаржыландыру мәселесі де шешілуі тиіс. Жастар жылында концерт, форумдардан гөрі осындай ізгі амалдар қолға алынса, жөн болар еді.

 

Жылбек СЕНБЕКҰЛЫ,
радиожурналист:

Жауапты қызметтегі зейнеткерлердің орнына жастарды тарту керек. Жастардың көбі шетелге шығып жатыр, шет елде қалып қойып жатқандары да бар. Міне, сондай білікті мамандарды басшылық қызметке тартуға болар еді. Парламенттегі қос палатада 154 депутат болса, соның қырықтан астамы зейнет жасынан асып кеткендер екен. Сонда олар зейнетақысының үстінен тағы да мемлекеттен айлық алып отыр. Ал олардың орнына күш-қуаты бойында тұрған, жалынды жастарды тартса болар еді. Небір білікті мамандар шетелге қоныс аударып жатыр, кетсем деп ойланып жүргендері де жоқ емес. «Арқа жайлы болса, арқар ауып несі бар?» демекші, егер оларға қызмет берілсе, ел үшін еңбек етуден ешкім қашпайды. Олар мемлекетке алақан жайып отырған жоқ. Мүмкіндігін басқа елде сынап көруге бара жатыр. Университетте сабақ беретіндіктен, жастармен жиі әңгіме-дүкен құрамыз, бүгінгі студенттердің пікірі көкең болмаса, ақшаң болмаса қызметте көтеріле алмайсың дегенге саяды. Жастар арасындағы осы түсініктің көбесі сөгілмей болмайды.
Әрине, зейнет жасындағы маманның ел үшін берері көп деушілер де табылар. Егер ел үшін қызмет еткісі келсе, басшыға кеңесші болып немесе қоғамдық ұйымдар құру арқылы да қоғам дамуына үлес қосуына болады.

Ернат ҚАШҚЫНОВ,
журналист, әуесқой велошабандоз:

Әдетте, мұндай атаулы жылда сөзден гөрі нақты істі көргіміз келеді. Мәселен, Жастар жылында Астана мен Қарағанды, Астана мен Бурабай арасындағы автобанның бойынан арнайы қоршауы бар веложол салынғанын қалар едім. Бұл аса қиын емес. Сары жолақтың ар жағына 2-3 велосипед сыятындай етіп бөлек жол салып берсе. Жастардың салауатты өмір салтын дамытуына, экологияны жақсартуға, ішкі-сыртқы туризмді ілгерілетуге пайдалы жоба боларына сенемін. Еуропадағы бүкіл елдің аумағы, барлық ірі қалалар арқылы өтетін осындай веложолдар бар.
Қазіргі жастардың спортпен айналысуына мүмкіндік жоқ. Бір ғана Астананы алсақ, жастар күні бойы жұмыста отырады. Жұмыстан кеш қайтады, сондай кезде кешкі уақытта бір уақ бой сергіту үшін спорт залдарына бас сұғайын десе, бағасынан бас айналады. Қолжетімді емес. Ал өзі жас, еңбек жолын енді құрып жатқан жастар спорт залдарға бара қоймайды. Сондықтан суденттерге жеңілдіктер жасау жағы жолға қойылса екен. Фитнес залдар мұндай мәдениетті ескере бермейді. Астанада аулаларға орнатылған спорттық құрылғылар жылдам сынады. Сынып істен шыққан ол құрылғылар тез жөнделе де қоймайды. Көзбояшылық үшін орнатып қойғандай. Сондықтан фитнес залдар Жастар жылында жастар үшін жеңілдік қарастырса деймін, ал оларға ұсынысты билік тарапы жасаса ғана нәтиже болады деп ойлаймын.

Халима БҰҚАРҚЫЗЫ

Бөлісу:

11 пікір жазылған

  1. Ахмет 16 Қараша, 2018 at 18:21 Жауап

    вся молодежь страны ликует. Год молодежи в нашей стране. Это же новые возможности, это новые проекты

  2. Самат 16 Қараша, 2018 at 18:21 Жауап

    Конечно если у молодежи будет новые возможности по разным вопросам это было бы хорошо.

  3. Малик 16 Қараша, 2018 at 18:22 Жауап

    Год молодежи придаст новый импульс развитию всей нации. Образование, трудоустройство, проведение свободного времени

  4. Айдар 16 Қараша, 2018 at 18:22 Жауап

    Молодежи нужно это в первую очередь жилье. Потом уже работа, досуг, здоровье и т.д. Год молодежи – это город решения ряда задач

  5. Сакен 16 Қараша, 2018 at 18:22 Жауап

    Сильно я бы сказал. После года молодежи в стране не должно остаться проблем у молодежи. Готовы ли мы это реализовать

  6. Тимур 16 Қараша, 2018 at 18:23 Жауап

    Қуанышты жаңалық болды расыменде. Жастарға деген үлкен серпіліс болайын деп тұр келер жыл. Бастысы ақты нәтиже болсын

  7. Мурат 16 Қараша, 2018 at 18:23 Жауап

    Білім, жұмысқа орналасу, баспана деген мәселелер шешілсе жастар жылы сәтті өтейін деп тұр

  8. Абылай 16 Қараша, 2018 at 18:24 Жауап

    Жастар сарайы барлық өңірлерде ашыла ма екен? Спорттық алаідармен әр ауыл қамтамасыз етіле ме екен? Сонда ғана мәселелер шешімін табады

  9. Даурен 16 Қараша, 2018 at 18:24 Жауап

    100 Аурухана емес 100 спорттық алаңдар салу керек деген ұғым бар. Жастарға еркін алаңдар керек, ашық алаңдар керек

  10. Әлібек 16 Қараша, 2018 at 18:24 Жауап

    Жастардың бос уақытын тиімді пайдалануға серіктес болатын мүмкіндіктерді беру керек

  11. Нурбек 15 Қаңтар, 2019 at 11:08 Жауап

    Жогарыдагы агаларымнын жастар жиналысы турлы айткан ойымен косыламын,мен озим бир мекеменин Жас Отан торагасы ретинде бирнеше жастар форумы,конференцияларына катыстым.Дебаттарга талай катыскан,аузы аузына жукпайтын 5-6 жас ораторлар бир бирин жулып жердей сойлеп,жастар маселесин талдаудан,бир шешим табудан жарысады,ягни 95% сойлеу,5% ойлану.Натижесиндемаселенин ойга конымды ,эффективти шешими табылмайды.Менинше 70% ойланып барып 30% сойлесе жон сиякты.

Пікір жазу


*