Астана жастары арманшыл келеді

881
0
Бөлісу:

Жасы жиырмаға енді толған азаматтың бойынан табылатын сұлулық пен үйлесім, тағат бермейтін тың ойлар, бұрын байқап көрмегенін сезінуге деген құштарлық – бас қаланың өне бойынан байқалатын құбылыс. Әйтпесе, Астананың көз тартар әдемілігін, жаңалығы мен тазалығын, жастығына қарамай, ғаламдық маңызы бар тақырыптарды талқылауға әлем елдерін төріне шығарудағы, күш пен қаржыны көп талап ететін шараларды өткізудегі батылдығын басқа неге теңеуге болады?

Елорданың жиырмасыншы күзінде мұнтаздай таза формада мектепке бет алған оқушылар мен университет есігіне асыға ұмтылған студенттер көрінісі бізді «Астана құрдастары» туралы ойға еріксіз әкелді. Елордада дүние есігін ашқандар мен зәулім үйлер болмаған ен далаға бас қаланың болашағына деген бір ғана сенімге сүйеніп қоныс аударғандар оқиғасын, туа салып, тағдыры елордамен байланыстырған бойжеткеннің әңгімесін тыңдап, Астана жастарының арманы мен ой толғамдарын оқырманға жеткізуге тырыстық.

 

 Айдын Ғалымбекұлы, 19 жаста

 

Алғашқы естелік

Менің бірінші сыныпқа баруым өзім оқуға қабылданған Ж.Жабаев атындағы №4 мектептің жүз жылдық мерейтойымен тұспа-тұс келді. Осынау айтулы мерекеге орай мектебіміз бүкіл елдің назарында болып, көп іс-шаралар ұйымдастырылды. Журналистер жиі келіп, сұхбат алатын. Білім саласына алғашқы қадам жасаған балаларға бұл оқиға керемет әсер сыйлады. Қазақстан назары тегіс біздің мектепке ауып, ел аузында аз уақытта жиі аталғанынан болса керек, «Біз ең керемет білім ұясына қабылданған екенбіз» деп ойладық.

Мектептегі алғашқы мұғалімім Балжан апай үнемі жүз жыл бұрын іргесі қаланған тарихи нысанда оқитынымызды еске салып, мұндай білім ордасы шәкірттерінің қатарына қосылу бізге жүктелген үлкен жауапкершілік екенін айтып отыратын. «Сендер – елордамен бірге өсіп, қатар бой түзейтін болашақсыңдар! Білімді, ел қуатын еселеуге үлес қосатын тұлға болып қалыптассаңдар, Астана да көркейіп, гүлдене түседі» деген мұғалім даналығын санамызға құйып өстік. Сәл төмен баға алып, тәртіп бұза қалсақ, «Біз енді мына тарихи мектеп пен салтанатты Астанаға лайық емеспіз бе?» деп уайымдаушы едік. Ойын баласы болған сол күндерден есімде ерекше қалған елорда туралы алғашқы естеліктерімнің бірі – осы .

Алыстағы ардақтым…

Астана күннен-күнге әдемі, дамыған, өмір сүруге қолайлы қалаға айналып келеді. Астанада тұрған 18 жылымда көз ілеспес жылдамдықпен бой көтерген ғажайып ғимараттарға таңдай қағып, туған қала сұлулығын ойға алып көрмеппін. Бұл – адамдардың қолында бар асылы мен көз алдындағы ардақтысын уақытында ескермейтін әдетінен, бәлкім, біздің қамсыз жастығымыздан шығар?! Қазір Қытайдың Синин қаласындағы Сиань мұнай университетінде білім алып жатырмын. Елден жырақта жүргенде Астананың жаңалығын қалт жібермей қадағалап, қатарға қосылған жаңа нысанды интернеттен бірінші болып біліп отырамын. Туған шаһарымның сонда туып, жетілген менің өзім танымастай өзгеріп, түрленіп келе жатқанын  көріп, кеудемді қуаныш кернейді.

Жер қасиеті

«Экспо-2017» халықаралық көрмесі кезінде Жапонияның павильонында жұмыс істедім. Азия елдерінің мәдениеті, өнер, ғылымына деген қызығушылық сол кезде оянды. Көрмеге келген қытай азаматымен әңгіме құрып, Қазақстан жерінің кеңдігін сөз еткеніміз бар. Осы тақырыпты өзі бастаған көрме қонағы «Сіздердің жерлеріңіз қандай үлкен! Осындай ұлан-ғайыр алқаптың көп бөлігін әлі күнге лайықты игермегендеріңізге таңғаламын» дегенде, «өздерінде жер жоқтай, сонша таңданғаны несі?» деп қайран қалдым. Мемлекетінің алып жатқан ауданы жөнінен бізге тең келмейтінін білсем де, қытай халқының жерге деген құрметін сонда оқуға барғанда ғана  түсіндім. Қытайда ұлтарақтай жердің өзін тиімді пайдалануға тырысады. Бір үйдің алдындағы кішкентай аулада бос жатқан жерді көрмейсің. Оны аз санап, шатырына топырақ төсеп, бақша егетіні тағы бар. Қара жердің қасиетін осынша ұғынып, барынша игілігіне жаратуға бейім халықтан оқуым аяқталғанша көп дүниені көңілге тоқимын деп ойлаймын.

Астанада басталған асқақ армандарымды оқуымды тәмәмдап, елге келгеннен кейін халқымның әлеуетін арттыру жолында жұмсағым келеді.

Тарихи шешім

Шет тілінде еркін пікір алмасу қабілетін дамыту ойымен «Экспо-2017» халықаралық көрмесінде ерікті болдым. Үш ай бойы шетелдіктермен күнде емен-жарқын араласып, ағылшын тілімді жаңа деңгейге көтеріп алдым. Қытайға оқуға түскенімде бұл үлкен көмек болды. Көрме басталғанға дейін, қоғамда жүрген қызу талқыны мен де естідім. «Экспоға қаржыны текке шаштық» деп түнілгендер де бар еді арасында. Бірақ, білесіз бе, Қытайға алғаш келгенде студенттер менен туған елімді сұрады. «Қазақстан» дегенде, ойланып, еске түсіруге тырысқан олар, «Экспо өткен ел» дегенде бірден таныды. Сонда халықаралық көрменің маңыздылығын, Астананың әлем танитын орталыққа айнала бастағанын ұқтым. Сондықтан Президентіміздің әр саясатын халқымыз құрметтеуі керек деп ойлаймын. Әр бастаманың астарында тарихи шешім жататынын сонда түсіндім.

 

Астанай Темірқызы, 20 жаста

 

Атырауда туған Астанай

1998 жылы 10 маусымда елордамыздың тұсаукесер салтанаты кезінде алыстағы Атырау облысы, Индер ауданы, Елтай ауылында мен дүниеге келгенмін. Сүйінші хабарды естіген ауданымызға танымал азамат Мақсұм Хасанұлы перзентханадағы анамның атына ашықхат жолдапты. Онда  «Еліміздің тәуелсіздігін алған кезде, елордамызбен бірге қатарлас дүние есігін ашқан жас нәрестенің есімін жас қаламызбен бірге өссін, бірге өркендесін деген ниетпен, Астанай деп қойыңдар!» делінген.

Ол кезде әлі жас ата-анам өздеріне ерсі көрінген есімді «қызымыз ұнатпай, бізге ренжіп жүрмес пе екен» деп ойланып, әжемнің ақылына жүгініпті. Әжем «Үлкен адамның өтінішін ескерусіз қалдырмаңдар» деген соң, маған «Астанай» аты берілген.

Кішкентай күнімде сұрағы таусылмайтын, тынымсыз бала болдым. «Неге менің атым Кәусар, Мөлдір не Тоғжан емес? Тым болмаса, Алтынай демей, Астанай қойғандарың не?» деп ата-анамның мазасын алатынмын. Мектепте ерекше атымды балалардың келекелеген кезі есімде жоқ. Бірақ өсе келе, сұрақтарым сап тыйылып, елорданың құрдасы, әрі аттасы болудың қандай сирек, маңызды әрі тарихи дүние екенін түсіне бастадым. Менен кейін Астанай есімін алған басқа қызды білемін. Бірақ Астанамен аттас алғашқы Астанай өзім болғаныма қуанамын.  Өйткені «есімі ерекше балалар үнемі алда болады, тағдыр оларға орны бөлек сый дайындайды» деп сенемін.

Елордамен қауышу

Бала кезімде елорданы көруді арман қылдым. Мектепте белсенді оқушы едім. Жарыстардан жүлде алып, басқа қалаға баруға мүмкіндік туа қалса, ата-анам «Қыз бала үлкендерсіз жалғыз қыдырмайды» деп үйден шығармайтын. 7-8 сыныпта сыныптастарым мектептен бөлінген жолдамамен Астанаға баратын болды. Үйге байбалам салып, қатты сұрандым. Бірақ ата-анамның көңілін жібіте алмадым. 10-сыныпта ауылдан Атыраудағы дарынды балаларға арналған мектепке ауысқанымда, Астанада жас тілшілер форумы өтетін болды. Мүмкіндігімнен қалайда қол үзбеуге, бала арманым – Астанаға  баруға бел байладым. Еліміздің жүрегі саналатын жас қаламен таныстығым қыс мезгілінде болды. Айнала – боран, сүйектен өтетін суық. Атыраудың жылы екенін білесіз ғой? «Мынадай қатал климатта адамдар қалай өмір сүреді?» деп ойладым. Туған қаламда көрмеген жаңа кітаптарды Астананың кітапханасынан тауып, менің өңірімде жоқ биік ғимараттарға елордада алғаш рет көз тоқтатып, тамсанып қарадым.

Бала күнімде «Батыста тудым, оңтүстікте білім аламын, Астанада жұмыс істеп, шығысқа тұрмысқа шығамын» деп жоспар құратынмын. Отанымның төрт бұрышына түгел табан тигізіп, із қалдыруды қалаған бала қиялымның әлдеқашан жазылған тағдырымның алдында қауқарсыз екенін қайдан білейін?

Астаналық арман

Он бірінші сыныпта бір байқауға қатысып, Астанадағы Еуразия Ұлттық университетінде жеңілдікпен оқуға мүмкіндік алдым.  Алматыға жол жүремін деген тілегімнен анамның «Журналистиканың болашағы – Астанада» деген бір ауыз ақылы басым түсіп, елордаға жүріп кеттім. Әуелгіде Астананы жатсынып жүретінмін. Қазір бар болашағымды елордамен байланыстырамын. Жұрт назарындағы орталықтың маған сыйлаған мүмкіндігі өте көп. Атырауда жүріп, Намазалы Омашев сияқты журналистика майталманынан білім алмасымды білемін. Медианың біте қайнаған ортасында тәжірибе жинау мүмкіндігін де басқа өңір бере алмасы белгілі. Қазір өз саламның білікті маманы болуды, елордадан бәсекеге қабілетті баспа ашуды армандаймын.

 

Аружан Дәрібай, 19 жаста

 

Балалардың болашағы үшін…

Мен – Астанадан бір жас кішімін. Кіндігім елордадан жырақ Қызылорда топырағында кесілген. Туғаныма бес ай болған жөргектегі сәби күнімде ата-анам мемлекет басшысының Қазақстан Астанасын Алматыдан Арқа төріне көшіру туралы шешімін басшылыққа алып, осында қоныс аударуға бел буған. Біз ес білген тұста олар бұл шешімді балаларының жарқын болашағы үшін қабылдағанын айтты. Қазір кәмелеттік жасқа толған азамат есебінде ата-анам 1999 жылы біздің жаңа қала ұсынған мүмкіндіктерді онымен тең игеріп, бірге жетілгенімізді қалаған тілегі толық орындалды деп есептеймін. Өйткені Астанада алдыңғы қатарлы озық білім алдым. Өңірде тұратын оқушылар жиі құлағдар бола бермейтін шетелдік олимпиадаларға қатысу мүмкіндігі білімімді халықаралық деңгейде сынап көруге жол ашты.

Астана туралы алғашқы естелігім – Есіл жағалауы мен Орталық саябақ. Бүлдіршін күніміздегі көп оқиға санада сақталмағанымен, балалық шағыма көз жүгіртсем, елордамен байланысты алғашқы сурет көз алдыма осы екі нысанды әкеледі. Ол кезде жағалау қазіргідей құрылысы көз қызықтыратын деңгейде емес еді. Бірақ бос жағалаудың өзі маған сондай ыстық. Бұл менің алғаш аяққа тұрып, тілім шыққан, мектепке барып, армандарымды қағазға түсіре бастаған қала ғой.

Түрленген Астана

Астананың жиырма жылда үлкен өзгерістерді басынан өткергені талас тудырмайды. Менің ойымша елорданың қалыптасуында халықаралық деңгейдегі іс-шаралар ерекше із қалдырды.  Астана тұрғыны болудың бір артықшылығы – басқалар теледидардан тамашалағаан тарихи оқиғалардың куәсі болып, тікелей қатысуға мүмкіндік аласың. ЕҚЫҰ саммиті, әлемдік дін көшбасшыларының съезі, Рим папасының сапары, Азиада сияқты белгілі оқиғалар Астананың қоржынын жаңа ғимараттармен, қоғамдық нысандармен толықтырды. Күтілген шара өткеннен кейін, жұмыс істеп тұрған инфрақұрылымның игілігін халық көреді. Осылай жаңа, жасампаз, әсем қалада тұратын халықтың өзіндік мәдениеті қалыптасады. Қазір астаналықтардың еліміздің басқа қаласы тұрғындарынан орны бөлек мінезі бар екенін, көп дүниеге салмақты қарайтынын байқаймын. Мұндай айырмашылық жастар арасында да сезіледі. Астанамен құрдас, осында туып, жетілген, біраз жыл өмірін елордада өткізген жастар мақсатына берік, табанды, еңбекқор болады. Елдімекендер бас қалаға қоныс аударуды арман етсе, мұндағы жастар шетелде білім алу, тың дүниелер мен идеялармен танысу туралы жиі айтады. Бұл Астанада өтетін шаралардың көптігі, жастардың жаңа технологияларға бір табан жақын болуға басы артық мүмкіндік алуынан шығар.

Астанада бәріне үлгеруді қалайтын, бірнеше жобаны қатар жүргізіп, жылдам қарқынды ортадағы өмірді сүйетіндер тұрады. Мұндай іскерлік орта, маңызды шешімдер қабылданатын қалалар барлық елде бар. Қазір 19-дамын. Университеттегі оқуымнан бөлек, пікірсайыс клубының жетешілігін, infotimes.kz  сайты мен факультет шығаратын «Ханша» журналының редакторлығын, «Шаңырақ» театрындағы актерлік жұмысымды қатар алып жүрмін. Еуразия арнасында тағылымдамадан өтіп жатқаным және бар.

Астана – менің балалық шағымның, жеткіншек күнімнің, жастық армандарымның қаласы. Онымен бірге өсіп, алғашқы қадамдарымызға, жарқын жетістіктерімізге қатар қуанып, келешекке үкілі үміт артатынымыз бойыма көрінбейтін күш, жанылмайтын жігер сыйлайды.

Динара ТІЛЕУБЕК

Бөлісу:

Пікір жазу


*