Жеңіліп көрмеген қазақстандық жас боксшы қарсыласын нокаутқа түсірді (видео)

2242
0
Бөлісу:

Әлі жеңіліп көрмеген қазақстандық боксшы Әли Ахмедов кәсіпқой шаршы алаңдағы 13-ші жеңісіне қолжеткізді. 23 жастағы боксшы титулдық жекпе-жегін Калифорния штатындағы Коста-Месе қаласында өткізді.

Кездесу 8 раундқа жоспарланған. Алайда Ахмедов мәселені бірінші раундта-ақ шешіп тастады. Ахмедов қарсыласы мексикалық 27 жастағы Джовани Хавьер Гоместің бауырынан ұрып,  ауыр соққы берді. Бұдан соң мексикалық боксшы кездесуді әрі қарай жалғастыра алған жоқ. Кездесуге жартылай ауыр салмақтағы NABF Junior чемпиондық титулы тігілген болатын. (NABF – Солтүстік Американың Бокс Федерациясы)

Осылайша, қазақстандық боксшы 13 кездесуін де жеңіспен аяқтап, оның 10-ында қарсыластарын нокаутпен жеңді.

Ахмедов негізін Геннадий Головкин салған GGG Promotions компаниясының құрамына кіреді. Әли өз жаттығуларын Абель Санчестің басшылығымен Big Bear лагерінде жүргізеді.

«Бұл боксшы (Джовани Хавьер Гомес) – біз ойлаған қарсылас емес еді. Мен қарсыластың мықтылау болғанын қаладым. Бірақ Әли өзінен талап етілген нәрсенің бәрін атқарып шықты. Жаттығуда жасағанын көрсете алды. Әсіресе корпустан соққы беру бойынша қатты дайындалды. Соның нәтижесінде бірінші раундта нокаутқа түсірді. Біз Әлиді құттықтаймыз!» депті Абель Санчес.

 

Абай Аймағамбет

Бөлісу:

Пікір жазу


*