Стойлов: Ертеңгі ойын көп нәрсені шешеді…

1105
0
Бөлісу:

Футболдан Қазақстан құрамасының бас бапкері Станимир Стойлов Ұлттар лигасы аясында Латвия құрамасына қарсы өткізетін матчқа байланысты журналистердің сауалына жауап берді.

«Дайындық әдеттегідей өтті. Шақырылған футболшылардың барлығы сақадай сай. Шокмоның жағдайы жақсы. Тек Логвиненко да аздап проблема бар. Ертең біздің команда жақсы ойын көрсетеді деп үміттенемін. Соңғы матчтардағы ойынымыз көңілден шықты. Бірақ нәтиже ұнамады. Енді ертең нәтиже де бізді қуантады деп ойлаймын.

Дайындық кезінің басында футболшыларды қалыпқа келтіру процесі жүрді. «Астана» ойыншыларының жүгі ауырлау. Шынын айтқанда бірнәрсені өзгертіп тастауға уақыт тапшы. «Астана» ойыншыларының графигі өте тығыз. Бірақ аса қауіпті ештеңе жоқ. Қаншалықты көп ойнаса, соншалықты тәжірибе жинайды. Олар сондай графикпен төрт жылдан бері ойнап келе жатыр. Сондықтан олардың тәжірибесі көмектесуі тиіс.

Латвия футболшылары жыл санап өсіп келеді. Құрама және клуб деңгейінде де. Бұл елде футбол дамып жатыр.

Ертеңгі ойын көп нәрсені шешеді. Біз топтағы екінші орынға шығуға талпынамыз» деді Стойлов баспасөз мәслихатында.

Ал Қазақстан құрамасының ойыншысы Ян Вороговскийдің айтуынша, команда алдағы ойынға толықтай дайын.

«Ойыншылардың бәрі бұл матчқа дайын. Турнир кестесіндегі жағдай бізге ұнамайды. Ертең оны түзеуге тырысамыз. Ел үшін додаға түсеміз. Топтан шығу мәселесін қалайда шешу керек. Латвия – мықты қарсылас. Бірақ біз ешкімнен  қорықпаймыз» депті «Қайрат» ойыншысы.

Қазақстан мен Латвия арасындағы матч 13 қазан күні Астана уақытымен 22:00-де басталады. Ал 16 қазан күні Қазақстан құрамасы Астанада Андорра құрамасын қабылдайды.

Абай Аймағамбет

Бөлісу:

Пікір жазу


*