Шерағаң түркі әлеміне ортақ еді…

2003
12
Бөлісу:

Қазақтың Шерағасы туыстық тамыры тереңде жатқан түркі жұртына да бөтен емес еді. Сондықтан болса керек, қаралы хабар жетісімен жеделхат жолдап, қазақ елінің қайғысына ортақтастығын білдіріп, көңіл айтып жатқандардың қарасы көп. Ақтық сапарға аттанған айтулы тұлғаны ақ жауып, арулап шығарып салар азалы сәтте Анадолудағы ағайындардың ақырғы сөзін өздеріңізге жеткізуді жөн санадық…   


Абзал Сапарбекұлы,
Қазақстанның Түркия Республикасындағы Төтенше және Өкілетті елшісі:

Қазақстанның халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, белгілі қоғам қайраткері Шерхан Мұртазаның қазасына қазақ халқымен бірге түркі жұртшылығы да қатты қайғыруда.
Шерағаң – тоқсаныншы жылдары «Егемен Қазақстан» газетінің бас редакторы кезінде Түркияға Елбасымен бірге келіп, бауырлас елдердің достық қарым-қатынасын насихаттап, өзара жақындасуына зор үлес қосқан қарымды қаламгер. Ол сонымен қатар түрік халқының қайталанбас тұлғалары жөнінде де танымдық мақалалар топтамасы мен жолсапар очерктерін жариялап, ата жұрт пен ана жұрт арасында алтын көпір орнатқан еді. Әсіресе Түркия мемлекетінің негізін қалаған Ататүріктің ұлттық ұстанымдары мен түркі ынтымақтастығы мен бірлігі туралы жазған ой-толғамдары бауырластықтың жарқын үлгісіне айналды.
Бірегей тұлғаның өмірден өткені туралы хабар жетісімен, Анкара қаласындағы Еуразия Жазушылар қауымдастығы, Түркі әлемі Жазушылар және өнерпаздар қоры, сонымен қатар түрік ақын жазушылары мен зиялы қауым өкілдері елшілікке көңіл айту хаттарын жолдап, қазаға ортақ екендігін білдіріп жатыр. Бұның барлығы жазушы-қайраткердің түбі бір түркі жұртына ортақ тұлға екенін дәлелдей түседі.
Шерхан Мұртазаның өмірден өтуіне байланысты отбасына, ұл-қызына, туған -туысына, жалпы қазақ еліне қайғырып көңіл айтамын. Марқұмның жаны жәннатта, тәні рахатта болсын!

Якуп Омароғлы,
Еуразия Жазушылар қауымдастығының төрағасы:

Ұлы жазушы Шерxан Мұртазаның қайтыс болғанын естіп, сіздермен бірге қатты қайғырып отырмыз. Шерағаның шығармалары және күрескерлікке толы өмірі тек қазақ үшін ғана емес, түгел түркі жұрты үшін үлгі-өнеге.
«Кардеш калемлер» журналының былтырғы жылғы саны  Шерxан Мұртазаның шығармашылығына арналып еді. Сондай-ақ Қазақстанның Түркиядағы елшілігімен бірге жазушының қаламынан туған «Ай мен Айша» романын шығарып, түрік оқырмандарына жеткіздік. Еуразия Жазушылар қауымдастығы Шерхан Мұртазаға «Түркі әлемі әдебиетіне сіңірген ерен еңбегі үшін» арнайы сыйлығын тапсырды. Жазушының «Қызыл жебе» роман-эпопеясын шығаруды жоспарлап отырмыз.
Шерxан Мұртаза өзінің шығармаларымен Түркі әлемінде мәңгі жасайды. Жаны Жәннатта болсын! Отбасына, ет-жақындарына және түркі әлеміне көңіл айтамын.

 

Яхия Акенгин,
Түркі әлемі жазушылар және өнерпаздар қорының президенті:

Түркі әлемінің мақтанышы Шерхан Мұртазаның қайтыс болғанын естіп, қабырғамыз қайысты. Ол түркі әлеміне ғашық еді, түркіге орасан зор қызмет сіңірді. Оның ұлтшылдығы, қайраткерлігі бәрімізге үлгі болды. Ал жазушылығы бір төбе.
Былтыр Анкарада жарық көрген «Ай мен Айша» романы санамызды қайта оятты. Өкінішке қарай, басқа шығармаларына қол жеткізе алмадым. Түркі жұртына ғұмырын арнаған Тұрар Рысқұлов туралы жазған туындысын оқып шығу – менің арманым.
Біздер – түркілер бақыттымыз. Өйткені біздің әлемімізде Шерхан Мұртаза сынды тұлғалар бар. Шындықты айтатын, шындық үшін күресетін осындай тұлғаларымыздың арқасында ел болып отырғанымыз жасырын емес.
Жазушының отбасына шын жүректен көңіл айтып, қайғысына ортақ екенімді жеткіземін.

Атаман Калебозан,
жазушы:

Қазақ елінің ешуақытта ұмытылмайтын каламгерлердің бірі, таңғажайып таудай шығармаларды жазған аса қадірлі Шерхан Мұртазаның қазасын естіп, қайғырып отырмын. Шерхан Мұртаза сөз өнерімен, қайраткерлігімен, ғұмырға қатысты ой-толғауларымен жүрегімнен орын алған жазушы. «Ай мен Айша» романы Түркияда сүйіп оқылады және үлкен қызығушылыққа ие. Әдебиет әлемінен ағып түскен жарық жұлдыз ретінде танитын шебер жазушы Шерхан Мұртаза атамыз үшін Алладан рақым тілеймін, отбасына, Қазақстанға және түркі әлеміне көңіл айтамын. Ол түркі халықтарының жүрегінде мәңгі өмір сүреді, шығармаларымен мәңгі жасайды деп сенемін.

Эмруллах Өздемир,
жазушы:

Түркі әлемі әдебиеті ұлы жазушысынан айрылып қалды. Шерхан Мұртаза Қазақстанның соңғы жүзжылдықта жұлдызы жарқыраған ең ықпалды есімдерінің бірі еді. Терең ойы мен шынайы шығармалары арқылы жер бетінде өшпес із қалдырды. Өзінен кейін әсіресе біздер – түрік жастарына үлгі боларлық ғұмыр тастап кетті. Жүрек тоқтайды, дене өледі, ал ой мен пікір, шынайы шығарма мәңгі жасайды. Ол бұдан кейін терең ойы мен қайталанбас туындылары арқылы өзінен кейінгі ұрпақтың жолын жалғастыратын болады. Шерхан Мұртаза анасы Айшамен қауышты. Әуелі Қазақ еліне, содан кейін түгел түркі жұртына көңіл айтамын. Рухы пейіште шалқысын!

 

Ашур Өздемир,
әдебиеттанушы-ғалым:
«Мақсаты ұлт болатұғын адам жалғыз өзі бір ұлт болып саналады» деген сөз бар. Елі үшін туылған, елі үшін өмір кешкен, елімен бірге күліп, елімен бірге жылаған Шерхан Мұртаза да сондай тұлғалардың қатарына жатады. Ол тек тəуелсіздік жылдарында ғана емес, сонау қылышынан қан тамған Кеңес үкіміті дəуірінде де ұлт мүддесі үшін жанын саудаға салған өжет те өткір азамат. Қазақтың біртуар перзенті, қоғам, мемлекет және әдебиет қайраткері Шерхан аға 9 қазан күні фəниден бақиға аттаныпты, «Ғалымның өлімі – ғаламның өлімі» деген пайғамбарымыз. Шерхан ақсақалдың өлімі де тек қана қазақ елі үшін емес, сонымен қатар түркі әлемі және бүкіл адамзат үшін үлкен қаза деп есептеу керек.
Қазақ халқы жəне əлем жұртшылығы ол қалдырған бай мұраның қадірін біледі деп ойлаймын.
Шерхан Мұртазаның отбасына, қазақ халқына жəне түркі әлеміне көңіл айта отырып, марқұмға Алла-тағаладан мейірім жəне пайғамбарымыздан шапағат тілеймін!
Топырағың торқа болсын, жаның жұмақта болсын, Шерхан ақсақал!

 

Дайындаған: Қаншайым БАЙДӘУЛЕТ

 

Бөлісу:

12 пікір жазылған

  1. Қолқоюсыз 10 Қазан, 2018 at 22:00 Жауап

    Atatürk’ün fikirlerini, Türk boylarının beraberlik ve birliğini yazılarıyla dile getiren, sadece Kazakistan’ın değil bütün Türk dünyasının güçlü yazarı Şerhan Murtaza’nın ölümü bizleri de üzmüştür. Kazakistan edebiyat dünyasına baş sağlığı diliyor; Murtaza Bey’in ruhu şad mekanı cennet olsun dileklerimi iletiyorum. Allah rahmet eylesin.

  2. Prof. Dr. Nergis Biray 10 Қазан, 2018 at 22:02 Жауап

    Atatürk’ün fikirlerini, Türk boylarının beraberlik ve birliğini yazılarıyla dile getiren, sadece Kazakistan’ın değil bütün Türk dünyasının güçlü yazarı Şerhan Murtaza’nın ölümü bizleri de üzmüştür. Kazakistan edebiyat dünyasına baş sağlığı diliyor; Murtaza Bey’in ruhu şad mekanı cennet olsun dileklerimi iletiyorum. Allah rahmet eylesin.

  3. Еркебұлан 10 Қазан, 2018 at 22:32 Жауап

    Түрік ағайындарға білдірген жылы ықыластарына раxмет! Бар болыңдар бауырлар! Шераға бәрімізге ортақ.

  4. Doç.Dr EYÜP AYYILDIZ 10 Қазан, 2018 at 23:30 Жауап

    Şerhan Murtaza Ağayı Kaybetmişiz
    Başta Kazakistan ve Bütün Türk-Müslüman aleminin başı sağolsun.
    Eee Eldeki altının değerini bilemedik.
    Halada Hayatta olan Büyük alimlerimizi Saygıyla selam eder özellikle Murtaza ağa gibi Kazakistan-Türkiye ilişkilerine Altın Kalemiyle katkısı olan bütün büyüklerimizin ellerinden öper Saygılarımı sunarım

  5. Ерсұлтан 10 Қазан, 2018 at 23:33 Жауап

    Шерхан – шер

    Жыла Қазақ,
    Етегіңді толтырып,
    Сөйлемейді енді қайта ол тұрып.
    Тірісінде қадіріне жете алмай,
    Өкінеміз алғаннан соң өлтіріп.

    Жыла Қазақ,
    Көздің жасын көлдетіп,
    Өзегіңнің өкінішін шөлдетіп.
    Дүниенің жалғандығын дәлелдеп,
    Арамыздан бара жатыр, ол кетіп.

    Жоқта Қазақ,
    Жоқтауыңды тоқтатпа,
    Көсеу ұстап, ошағыңда от жақпа.
    Мына «Бір кем дүниені» тәрк етіп,
    Шерхан кетті, түсіп бақи – соқпаққа.

    Шерхан кетті,
    Шерағаммен шер кетті,
    Қайғысымен күңірентіп жер,көкті.
    Ары менен абыройын қазық қып,
    Қаламымен қалың жұртын тербетті.

    Мінез кетті,
    Мінез кетіп, мін қалды,
    Айтылмаған ақиқат пен сын қалды.
    Күңіреніп күрең күзгі күн қалды,
    Жұлдыз сөніп,ай тұтылған түн қалды.

    Бүгінгі күн,
    «Қызыл жебе» сынған күн,
    Өкініштің көз жасына тұнған күн.
    «Ай мен Айша» басу айтып Қазаққа,
    Шерхан ағам екінші рет – туған күн!

    Әлібек Шегебай

Пікір жазу


*