«РУХАНИ ЖАҢҒЫРУ» БАҒДАРЛАМАСЫ ӨЗГЕРЕДІ

888
0
Бөлісу:

Елбасы Жолдауында айтылған әрбір тапсырмаға жауапты тұлғалар мен оларды орындау мерзімі нақты бекітілді. Премьер-министр Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында Мемлекет басшысының «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауын жүзеге асыру бойынша жалпыұлттық іс-шаралар жоспарының жобасы мақұлданды.

Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменовтің айтуынша, жалпыұлттық жоспар мемлекеттің алдағы ке­зеңдегі дамуының алты бірдей шешуші міндетіне қа­тысты 100 іс-шарадан тұрады.
Мемлекет басшысы өз Жолдауындағы «Халық та­бы­сының өсуі» атты бірінші міндетте қазақстан­дық­тардың әл-ауқатының өсуіне ерекше көңіл бөлді. Бұл мақ­сатқа жету үшін қазақстандықтардың табысын арт­тырып, өмір сүру сапасын жақсартуға, жаңа жұмыс орын­дарын құруға бағытталған 24 іс-шара жүзеге асы­рылады.
– Азаматтарымыз үшін аса маңызды шаралардың бірі – 2019 жылғы 1 қаңтардан бастап, ең төменгі жа­лақы мөлшерін біртіндеп арттыру болып отыр. Ха­лық­тың кірісін қорғау мақсатында тариф қалыптастыру те­ті­гінің, коммуналдық қызметтерді тұтынушылардың қаражатын пайдаланудың ашықтығын қамтамасыз ету үшін заңнамаға өзгерістер енгізілетін болады. Бизнесті тиім­ді қолдау мақсатында «Бизнестің жол картасы» бағ­дарламасы 2025 жылға дейін ұзартылады, – деді
Т.Сү­лейменов.
«Тұрмыс сапасын арттыру» атты екінші міндет аясында екі маңызды сала – білім беру және денсаулық сақ­тауды қамтитын 24 іс-шара көзделген. Бас экономистің мәліметінше, оқушылар орнының тап­шы­лығын жою және үш ауысымды мектептер проб­лемасын шешу мақсатында осы жылдың соңында өңір­лерде жаңа мектептердің құрылысы басталады.
Денсаулық сақтау саласында медициналық қыз­меттердің сапасын арттыру үшін 2019 жылғы 1 қаң­тардан бастап, барлық емхана мен ауруханада ме­дициналық құжаттаманы қағазсыз, цифрлы түрде жүр­гізуге көшеді.
«Биыл Астанада Ұлттық ғылыми онкологиялық ор­талықтың құрылысы басталады. Ол қазіргі заман тала­бына жауап беретін құрылғылармен жабдықталады. Ха­лықты сапасыз және денсаулыққа қауіпті тауарлар мен қызметтерден қорғау мақсатында Тауарлар мен қыз­меттер сапасын және қауіпсіздігін бақылау комитеті құры­ла­ды» деп хабарлады Т.Сүлейменов.
Ол жалпыұлттық жоспардың барлық шаралары тұр­ғын үй жағдайларын жақсартуға, еліміздің кез келген елдімекенінде жайлы әрі қауіпсіз өмір сүруге жағдай жасауға бағытталғанын нықтады.
Бұған қоса, елімізді ұтымды аумақтық ұйымдастыру мақсатында Қазақстанды аумақтық-кеңістіктік дамытудың 2030 жылға дейінгі болжамды схемасы қа­былданбақ. Бұл құжат еліміздің басқарылатын түрде ур­банизациялануының (кенттенуінің) «жаңа карта­сына» айналады.
Министрдің айтуынша, Болжамдық схеманы са­палы жүзеге асыру үшін келесі жылы 2025 жылға дейінгі «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы қабылданады. Онда нақты іс-шаралар, жобалар және қаржыландыру көлемі көрсетіледі. Көлік инфрақұрылымын, коммуналдық және тұрғын үй құрылысын дамыту мақсатында «Нұрлы жол», «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламаларын іске асыру мерзімі де 2025 жылға дейін ұзартылады.
– Мұның сыртында құқыққорғау органдарының жұ­мысын түбегейлі жақсарту және азаматтар қауіп­сіздігін қамтамасыз ету мақсатында «Ішкі істер органда­рын жаңғырту жөніндегі Жол картасы» қабылданады. Бұл құжат органдарда халықпен жұмыс жасаудың жаңа, заманауи форматын енгізуді, қоғамдық қауіпсіздікке мо­ниторинг жүргізу жүйелерімен қамтамасыз етуді көз­дейді. Соттар жұмысының заманауи форматын және озық электрондық сервистерді ендіру, артық сот рәсім­де­рін қысқарту арқылы сот жүйесі одан ары жаңғыр­тыла­тын болады, – деді Тимур Сүлейменов.
Жолдаудың «Азаматтар сұранысына бейімделген мемлекеттік аппарат» атты төртінші міндеті аясында 19 іс-шара қолға алынады. Мемлекет пен қоғам арасын­дағы алшақтықты қысқарту мақсатында мемлекеттік саясаттың нақты шаралары мен нәтижелерін адамдарға түсіндіруді көздейтін «Жаңа формацияның басшысы» атты жаңа бағдарлама әзірленбек.
«Тиімді сыртқы саясат» деп аталатын бесінші міндет аясында сыртқы саясатты қазіргі жағдайларға бейімдеу және ұлттық мүдделерді прагматизм қағидаттарында ілгерілету бойынша шаралар қабылданады.
«Әрбір қазақстандықтың еліміздегі өзгерістер үде­ріс­теріне атсалысуы» атты алтыншы міндет бойынша 6 іс-шара атқарылады.
Ұлттық экономика министрінің айтуынша, алда «Рухани жаңғыру» бағдарламасына жаңа мазмұн мен бағыттардан тұратын өзгерістер мен толықтырулар енгізіледі. Мемлекет басшысы жариялаған «Жастар жылы» аясында жастардың барлық санаттарын қолдау шараларынан құралатын Іс-шаралар жоспары қа­былданбақ. Әскери-патриоттық тәрбиенің рөлін кү­шейту үшін мектептерде «Сарбаз» балалар-жасөс­пірім­дер бірлестігі құрылады.
– Тұтастай алғанда, жалпыұлттық жоспарды уақы­ты­лы орындау Мемлекет басшысы өз Жолдауында бер­ген, халықтың әл-ауқатын жақсартуға бағытталған тап­сырмаларын тиімді іске асыруды қамтамасыз етуге жол ашады және еліміздегі әлеуметтік-экономикалық тұрақ­тылықты қамтамасыз етуге негіз болады, – деп түй­ді Тимур Сүлейменов.
Үкімет отырысының күн тәртібіне сәйкес, жиында Бі­лім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев білім беру жүйе­сінің өзекті мәселелері, Елбасы жолдауында мек­тепке дейінгі мекемелерде, мектепте және ЖОО-ларда бі­лім беру сапасын арттыру жөнінде берген тапсыр­маларын ведомство қалай шешуді жоспарлап отырғаны туралы баяндады.
Министр мектепке дейінгі тәрбиемен және білім беру­мен 3-6 жастағы балалардың 93 пайызы қамтыл­ға­нын айтты. Балабақшаларға жолдама берудің авто­мат­тан­дырылған жүйесі енгізілді. Бірақ әзірге респуб­ли­ка бойынша автоматтандыру тек 69,5 пайызды құ­рай­ды. Балабақшалардың небары 58 пайызында бей­не­бақылау камералары орнатылған.
– Елбасы үш жыл ішінде бүкіл мектептер мен ба­ла­бақшаларды бейнебақылау камераларымен қамта­масыз етуді тапсырды. Министрлік өз тарапынан ай сайын мониторинг жүргізіп, тиісті ақпарат жариялап оты­рады, – деп сендірді Е.Сағадиев.
Мектепке дейінгі білім сапасын жақсарту үшін ба­ла­бақшадағы педагог мамандардың білім сапасын арт­тыру қажет. Министрдің айтуынша, Елбасы тап­сырмасына сәйкес, әкімдіктермен бірлесіп, биыл ар­найы «Жол картасы» бекітіледі. Онда мектепке дейінгі тәрбиешілердің біліктілігін арттыру, бірыңғай біліктілік талаптарын енгізу шаралары қаралып, еңбекақы төлеу жүйесі қайта қарастырылмақ.
Орта білім беруде Мемлекет басшысының тапсыр­масы бойынша тұңғыш рет «Педагог мәртебесі туралы» заң әзірленеді. Заңда педагогтардың әлеуметтік мәрте­бе­сін көтеру, оқу жүктемесін қысқарту, қажетсіз тек­серу­лер­ден қорғау нормалары көрініс табады. Заң 2019 жылы қабылданады деп жоспарланған. Биыл осы заң жобасы әзірленіп, қоғамдық талқыға салынады.
Апатты мектептер мен үш ауысымда оқыту мә­селелерін шешу мақсатында бүгінде республика бойын­ша 60 мектеп салынуда. Республикалық бюджет есе­бінен 27 мектеп тұрғызылуға тиіс. 50 млрд қаражат ең алдымен осы мектептерге жұмсалады. БҒМ басшысы қал­ған үш ауысымды мектептер жергілікті бюджет қара­жаты есебінен салынуға тиістігін мәлімдеді.
Мектептердегі психологтар санын ұлғайтып, олар­дың біліктілігін арттыру мақсатында БҒМ шетелден мамандарды тарту арқылы «Бақытты отбасы» бағдарла­ма­сы бойынша жұмыс жүргізіпті.
«Жұмыс жалғасын табады. Министрлік бірыңғай бағ­дарлама дайындайды. Бұдан өзге ұлттық тестілеу енгі­зіледі, барлық облыста психологтардың білік­тілік­терін арттыру курстары өткізіледі. Аттестациялаудың жаңа жүйесі мен кәсіби біліктілігін тестілеу арқылы педагог-психолог мамандардың еңбекақысы мен сана­тын арттыруды қарастыру көзделген. Биыл жаңа жүйе әзірленіп, Үкіметтің қарауына жіберіледі» деді БҒМ басшысы.
Мәселені қарау барысында өңірлерде білім беру са­па­сын арттыру, инфрақұрылымды жақсарту, үш ауы­сымда оқытуды азайту және жаңа мектептер салу бойын­ша атқарылып жатқан жұмыстар туралы бірқатар өңір­лердің әкімдері баяндама жасады.

Айхан ШӘРІП

Бөлісу:

Пікір жазу


*