Спикерлер құрылтайы Астанада өтеді

459
0
Бөлісу:

Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин Еуразия елдері парламенттері спикерлерінің Үшінші кеңесінде сөз сөйледі. Түркияда 40-тан астам елдің парламентшілерінің басын қосқан форумда Еуразиядағы экономикалық ынтымақтастық, қоршаған ортаны қорғау және тұрақты дамудың өзекті мәселелері талқыланды.

Өз сөзінде Нұрлан Нығматулин ша­ра­ға парламенттердің, беделді халықара­лық ұйымдар өкілдерінің және жетекші сарапшылардың көптеп қатысуы біздің елдеріміздің еуразиялық ынтымақтас­тық­ты нығайту және дамыту бойынша кең ау­қым­ды үдеріске белсенді атсалысуының ай­қын дәлелі болып табылатынын атап өтті.
– Қазақстан көптеген интеграциялық процестердің бастамашысы және белсенді қа­тысушысы ретінде өңірлік және жаһан­дық сауда-экономикалық қатынастар жүйе­сіне кіру бағытын табанды ұстанады. Сонау 1994 жылы Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Мәскеу мемлекеттік университетінде алғаш рет Еуропа мен Азия елдерін біріктіру идеясын жарияла­ды. Бұл күн еуразиялық интеграцияның бастауы саналады, – деді Н.Нығматулин.
Еуразиялық интеграция идеясының 25 жылдық мерейтойына орай Қазақстан Еуразия елдері парламенттері спикер­лері­нің Төртінші кеңесін Астанада өткізу ту­ра­лы бастама көтерді.
Нұрлан Нығматулин осы жолғы кез­десудің күн тәртібіне шығарылған мә­селелер БҰҰ Бас ассамблеясының оты­ры­сында Елбасы ұсынған «Үлкен Еуразия құру» идеясымен қабысып жатқанына н­азар аударды.
– Теңдесі жоқ «Үлкен Еуразия» жо­ба­сы – қатысушы елдер арасындағы сауда қатынастарын ырықтандыруды, көлік дә­ліз­дерін бірлесіп дамытуды, энерге­ти­калық бағыттарды әртараптандыруды, ин­вестициялық ынтымақтастықты кеңей­туді және экономикалық ықпал­дас­тықтың басқа да мәселелерін қоса ал­ған­да, аталған бірлестіктердің жұмысын үй­лестіруді көздейді, – деді Мәжіліс спикері.
Ол Еуразиялық экономикалық одақ жұ­мысына да тоқталып, осы жылдың қаң­тар айынан бастап, жаңартылған ЕАЭО Кеден кодексі күшіне енгенін, ал келесі жылы – электр энергиясының, 2025 жыл­ғ­а қарай мұнай мен мұнай өнімдерінің ор­тақ нарықтарын құру жоспарланғанын жет­кізді.
– Үлкен Еуразия идеясы аясында Еу­разиялық экономикалық одақтың Еу­ро­па­лық одақпен ынтымақтастығы ке­ле­шегінен мол үміт күттіреді. Географиялық жа­ғынан алғанда біз – көршілерміз. Бізде бар­лық өзара коммуникациялар, жолдар, же­лілер бар, стандарттарымыз да ұқсас. Экономикалық тұрғыдан нарықтарымыз да бірін-бірі қажет етеді. Қазақстан Қы­тай­дың және Орталық Азияның нарық­тары­мен шектесетінін, ал Ресей арқылы Еу­ропа нарықтарына шығатынын ескер­сек, мұның бәрі келешекте Қазақстанға Ба­тыс пен Шығыс арасындағы көпірге ай­налуына мүмкіндік береді, – деді Н.Нығматулин.
Оның байламынша, осыған байланыс­ты Сочидегі Жоғарғы Еуразиялық эконо­микалық кеңестің отырысында айтылған Қазақстан Президентінің ұсыныстары ерекше өзектілікке ие.
Талқылауға шығарылған экологиялық мәселелерді де тілге тиек етіп, осы бағытта елімізде атқарылып жатқан жұмыстар туралы айтқан Мәжіліс төрағасы ұлттық экологиялық заңнаманы ДСҰ және ЕО шарттары мен талаптарына бейімдеу, ха­лықаралық міндеттемелерді сақтау бойын­ша айтарлықтай нәтижелерге қол жет­кізілгенін нықтады. Сонымен қатар, негізгі халықаралық конвенцияларға қол қойылды.
Ел Президентінің табиғи ресурстарды басқару тәсілдерін өзгерту тапсырмасына сәйкес, ақпараттық-технологиялық жүйе­ні кешенді енгізуге, кәсіпорындардың энер­гиялық тиімділігін арттыруға, қуат өн­дірушілердің жұмыс өнімділігіне қа­тыс­ты нақты қадамдар жасалуда.
Нұрлан Нығматулиннің хабар­лауын­ша, келесі жылы Парламент жаңа Эко­ло­гия­лық кодекс жобасын қарауды жос­пар­лап отыр. Онда қоршаған ортаны қорғау саласында қоғамдық қатынастарды реттеу жүйесі қайта қаралып, үздік әлемдік үлгіге сәйкес бақылау мен реттеудің жаңа құрал­дары мен тетіктерін енгізу көзделген. Сон­­дай-ақ Қазақстанда экологиялық жағ­дайды жақсарту жұмысын реттеуге ба­ғытталған аймақтық стандарттар жүйесі әзір­ленетін болады.
– Бұл бағытта біз күш-жігерімізді бі­рік­тіріп, заң шығарушылық жұмысымызда тәжірибе алмаса алар едік. Еуразиялық елдердің парламенттері арасында тұрақты, тікелей және жан-жақты диалогты қол-
дау – осы кеңестіктегі барлық мемлекет­тер­­дің орнықты дамуының, әрі тұрақ­ты­лы­ғының пәрменді факторы, – деп түйді Н.Нығматулин.
Еуразия елдері парламенттері спикер­ле­рінің Үшінші кеңесінің нәтижесі бойын­­ша қорытынды декларация қабыл­дан­ды. Онда Төртінші кеңесті Астанада өт­кізу туралы шешім қабылданғаны атап көр­­сетілген.

Айхан ШӘРІП

Бөлісу:

Пікір жазу


*