Спикерлер құрылтайы Астанада өтеді

Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин Еуразия елдері парламенттері спикерлерінің Үшінші кеңесінде сөз сөйледі. Түркияда 40-тан астам елдің парламентшілерінің басын қосқан форумда Еуразиядағы экономикалық ынтымақтастық, қоршаған ортаны қорғау және тұрақты дамудың өзекті мәселелері талқыланды.
Өз сөзінде Нұрлан Нығматулин шараға парламенттердің, беделді халықаралық ұйымдар өкілдерінің және жетекші сарапшылардың көптеп қатысуы біздің елдеріміздің еуразиялық ынтымақтастықты нығайту және дамыту бойынша кең ауқымды үдеріске белсенді атсалысуының айқын дәлелі болып табылатынын атап өтті.
– Қазақстан көптеген интеграциялық процестердің бастамашысы және белсенді қатысушысы ретінде өңірлік және жаһандық сауда-экономикалық қатынастар жүйесіне кіру бағытын табанды ұстанады. Сонау 1994 жылы Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Мәскеу мемлекеттік университетінде алғаш рет Еуропа мен Азия елдерін біріктіру идеясын жариялады. Бұл күн еуразиялық интеграцияның бастауы саналады, – деді Н.Нығматулин.
Еуразиялық интеграция идеясының 25 жылдық мерейтойына орай Қазақстан Еуразия елдері парламенттері спикерлерінің Төртінші кеңесін Астанада өткізу туралы бастама көтерді.
Нұрлан Нығматулин осы жолғы кездесудің күн тәртібіне шығарылған мәселелер БҰҰ Бас ассамблеясының отырысында Елбасы ұсынған «Үлкен Еуразия құру» идеясымен қабысып жатқанына назар аударды.
– Теңдесі жоқ «Үлкен Еуразия» жобасы – қатысушы елдер арасындағы сауда қатынастарын ырықтандыруды, көлік дәліздерін бірлесіп дамытуды, энергетикалық бағыттарды әртараптандыруды, инвестициялық ынтымақтастықты кеңейтуді және экономикалық ықпалдастықтың басқа да мәселелерін қоса алғанда, аталған бірлестіктердің жұмысын үйлестіруді көздейді, – деді Мәжіліс спикері.
Ол Еуразиялық экономикалық одақ жұмысына да тоқталып, осы жылдың қаңтар айынан бастап, жаңартылған ЕАЭО Кеден кодексі күшіне енгенін, ал келесі жылы – электр энергиясының, 2025 жылға қарай мұнай мен мұнай өнімдерінің ортақ нарықтарын құру жоспарланғанын жеткізді.
– Үлкен Еуразия идеясы аясында Еуразиялық экономикалық одақтың Еуропалық одақпен ынтымақтастығы келешегінен мол үміт күттіреді. Географиялық жағынан алғанда біз – көршілерміз. Бізде барлық өзара коммуникациялар, жолдар, желілер бар, стандарттарымыз да ұқсас. Экономикалық тұрғыдан нарықтарымыз да бірін-бірі қажет етеді. Қазақстан Қытайдың және Орталық Азияның нарықтарымен шектесетінін, ал Ресей арқылы Еуропа нарықтарына шығатынын ескерсек, мұның бәрі келешекте Қазақстанға Батыс пен Шығыс арасындағы көпірге айналуына мүмкіндік береді, – деді Н.Нығматулин.
Оның байламынша, осыған байланысты Сочидегі Жоғарғы Еуразиялық экономикалық кеңестің отырысында айтылған Қазақстан Президентінің ұсыныстары ерекше өзектілікке ие.
Талқылауға шығарылған экологиялық мәселелерді де тілге тиек етіп, осы бағытта елімізде атқарылып жатқан жұмыстар туралы айтқан Мәжіліс төрағасы ұлттық экологиялық заңнаманы ДСҰ және ЕО шарттары мен талаптарына бейімдеу, халықаралық міндеттемелерді сақтау бойынша айтарлықтай нәтижелерге қол жеткізілгенін нықтады. Сонымен қатар, негізгі халықаралық конвенцияларға қол қойылды.
Ел Президентінің табиғи ресурстарды басқару тәсілдерін өзгерту тапсырмасына сәйкес, ақпараттық-технологиялық жүйені кешенді енгізуге, кәсіпорындардың энергиялық тиімділігін арттыруға, қуат өндірушілердің жұмыс өнімділігіне қатысты нақты қадамдар жасалуда.
Нұрлан Нығматулиннің хабарлауынша, келесі жылы Парламент жаңа Экологиялық кодекс жобасын қарауды жоспарлап отыр. Онда қоршаған ортаны қорғау саласында қоғамдық қатынастарды реттеу жүйесі қайта қаралып, үздік әлемдік үлгіге сәйкес бақылау мен реттеудің жаңа құралдары мен тетіктерін енгізу көзделген. Сондай-ақ Қазақстанда экологиялық жағдайды жақсарту жұмысын реттеуге бағытталған аймақтық стандарттар жүйесі әзірленетін болады.
– Бұл бағытта біз күш-жігерімізді біріктіріп, заң шығарушылық жұмысымызда тәжірибе алмаса алар едік. Еуразиялық елдердің парламенттері арасында тұрақты, тікелей және жан-жақты диалогты қол-
дау – осы кеңестіктегі барлық мемлекеттердің орнықты дамуының, әрі тұрақтылығының пәрменді факторы, – деп түйді Н.Нығматулин.
Еуразия елдері парламенттері спикерлерінің Үшінші кеңесінің нәтижесі бойынша қорытынды декларация қабылданды. Онда Төртінші кеңесті Астанада өткізу туралы шешім қабылданғаны атап көрсетілген.
Айхан ШӘРІП