Мырзакелді Кемел: Шерағам Ұлттық пантеонға жайғасса

1661
3
Бөлісу:

Өмірімде үлкен із қалдырған Шерағама – Шерхан Мұртазаға да уақыт болыпты. Парламент Мәжілісінің қызыл залында 4 депутат отыратын партада бір-біріне ұқсамайтын, бірақ бәрі өзімді тәнті еткен үш аға депутатпен 5 жыл бірге отырдым. Олар – Қаратай Тұрысов, Шерхан Мұртаза және Фариза Оңғарсыновалар еді. Шерағаммен 25 жылдай жанына жақын жүргенде бес асыл қасиетін таныдым. Алдымен – сүйегіне сіңген мемлекетшілдігі. Мемлекеттің мүддесіне нұқсан келіп қала ма деп, уайым шегетіндігі. Екіншісі – депутатқа жетпей жататын айтайын дегенін аз сөйлеп жеткізе алатындығы. Үшіншісі – шыншылдығы, жалғандыққа, алдаусыратуға жанының қастығы. Төртінші – өзін жұрттан оқшауламайтындығы. әріптеске де, журналистке де бірдейлігі және бесіншіден жазушылықтан қол үзбегендігі, жаңа заманның көсемсөзшісі болып, бүгінгі күннің проблемаларын айтуды берік ұстанғаны дер едім.

Сіз – халқыңыздың жадынан өшпейсіз аға! Мәңгілік өмір адамдарды тірі мен өлі деп емес, бар мен жоқ деп бөледі, аға! Сіз – жоғарыда аты аталған ұлт ұстаздарымен бірге бардың сапындасыз, аға!

Шерағаны жай депутат деп тануға болмас. Ол социалистік дәуірдің жаршысы болған кезде де сол кезеңнің тазасын, адалын насихаттады, қоғамның артынан ерген жоқ. Нарық заманында да сол ұстанымынан ажырамады. Осы мінезімен ол абыздық дәрежесіне  көтерілді. Заман мен қоғамға баққан жоқ, шындықтан таймады. Билік те, байлық та қуған жоқ. Осы мінездерімен екі дәуірдің де жақсысы болды. Сондықтан Шерағам Ұлттық пантеонға жайғасса, әділ болар еді.

Бөлісу:

3 пікір жазылған

  1. Сәуле 10 Қазан, 2018 at 02:56 Жауап

    Анау Елбасыларың әлі көңіл айтпапты. Пантеонға жатқыза ма? Ай қайдам, өйткені Шер-аға әділдіктің байрағы!

Пікір жазу


*