Ұлттар лигасы қарсаңында Стойлов біраз құпияның бетін ашты

1135
0
Бөлісу:

Футболдан Қазақстан құрамасы Ұлттар лигасы аясындағы матчтарға дайындықты бастап кетті. Құраманың оқу-жаттығу жиыны «Астана-Арена» стадионында өтті.

Ұлттық құрама 13 қазан күні Ригада Латвия құрамасымен ойнайды, ал үш күннен соң Астанада Андорра құрамасын қабылдамақ. Қазіргі таңда Қазақстан құрамасы екі ойыннан кейін 1 ұпай жинап топтың соңында келе жатыр. Топ басында – алты ұпаймен Грузия құрамасы, одан кейін 2 ұпаймен Андорра құрамасы. Ойынға санаулы күндер қалғанда бас бапкер Станимир Стойлов құрама сапына өзгеріс енгізіп, «Ордабасының» жартылай қорғаушысы Еркебұлан Тұңғышбаевтың орнына алматылық «Қайраттың» қорғаушысы Александр Соколенконы шақырған. Еркебұлан жарақатына байланысты алдағы кездесулерге қатыса алмайды.

Құраманың бас бапкері Стойлов ойын қарсаңында Еркебұлан Сейдахмет туралы пікір білдірген.

«Бастапқыда ол «Уфа» сапында жақсы бастады. Қазір ол үшін өте маңызды кезең. Өз орнын табу керек. Ал келісімшарты аяқталған соң мансабын қайда жалғастыратынын ойластыра жатар. Ол қаншалықты жоғары деңгейде ойнаса, соншалықты құрамаға пайдасын көп тигізбек. Егер қазіргі чемпионатта бәсекеге төтеп бере алмайтын болса, онда ойлануы керек. Қазақстанға келгенде де негізгі құрамнан орын тауып береміз деп ешкім кепілдік бермейді.

Ол алғаш ойнап жүрген кезде менің де көңілімнен шығатын. Негізгі құрамға қоятын едім. Біраз біз одан жұлдыз жасап жібердік те, ол жоғалып кетті. Ол өз болашағы туралы қазірден ойланып, лайықты шешім қабылдағаны жөн» депті бас бапкер.

Еске салсақ, 18 жастағы Еркебұлан ақпан айында ресейлік «Уфаға» ауысып барған. Ресей премьер-лигасында ол үш ойын өткізді.

Сондай-ақ Стойлов құраманың жалпы жағдайына қатысты да өз ойымен бөлісті.

«Біз тек бір ойыншыны алмастырдық. Қалған ойыншылардың дайындығы жақсы. Сүйімбаев та кішкене проблема болып тұр, дегенмен 2-3 күннен соң қатарға қосылуы тиіс. Ойыншылар формаларын жинады деп ойлаймын. Біз енді басқаша ойын көрсетеміз. Бапкерлік штабпен ақылдаса отырып ойын деңгейін қалай арттырамыз дегенді ойластық. Әр ойын сайын деңгейді көтеріп, түрлі тәжірибелер қолданатын боламыз. Әзірге біз таңдап алған жол өте ыңғайлы нұсқа. Алдағы екі ойында бұрын жіберген қателіктерді түзейміз деп үміттенемін.

Шабуылда көп нәрсені өзгерттік. Жаңа футболшыларды тарттық. Олардың бойында сенімділік ояну үшін аз уақыт керек. Бірақ біз оларға сенім артамыз. Дегенмен барлық нәрсе клубтарға байланысты. Мен бұл мәселені бұрыннан айтып жүрмін. Екі ойынның арасында уақыт өте аз. Сонда да мұндай график үшін ешқандай арыз айтпаймыз. Бізді мұндай уақыт тығыздығы қорқытпайды.

«Қайраттың» соңғы кездесулерінде Исламхан мен Қуаттың негізгі құрамға ілінбей қалғанын байқадым. Себебі неде екенін білмеймін. Мен оларға сенемін. Дегенмен олар өздерінің мықты екенін клубтарында да дәлелдеулері керек еді. Онсыз да бізде клубтарында негізгі құрамнан орын алып жүрген ойыншылар соншалықты көп емес. Бұл ретте мен Жуков пен Парагульговты (Қайрат) мақтай аламын.

Иә, біз Андоррамен болған ойында ұпай жоғалтпауымыз керек еді. Қазір енді Латвия мен Андорраны жеңуді ойлап отырмыз. Сосын басқа қарсыластардың ұпай жоғалтқанын күтеміз. Әрі қарай өтсек болды, біз Еуропа чемпионатында ойнаймыз деген сөз емес. Одан кейін де бізді топ күтіп тұр. Барлық мәселе – ойыншылардың спорттық формасына, ойын тәжірибелеріне тікелей байланысты.

Бізге жаңа, тың ойыншылар керек. Дәл қазір шақырылып жатқан шабуылшыларды алмастырып тастай алатын ойыншыны көре алмай тұрмын. Егер әр маусым сайын 20 гол соғып жүрген шабуылшы болса біз қуана-қуана шақырар едік. Әзірге қазақстандық төлқұжаты бар ондай футболшы жоқ» деді Стойлов.

Абай Аймағамбет

Бөлісу:

Пікір жазу


*