ПАРЛАМЕНТ СПИКЕРЛЕРІ ҚҰРЫЛТАЙЫ ӨТУДЕ

594
0
Бөлісу:

        Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин Түркияның Анталия қаласында ашылған Еуразия елдері парламенттері спикерлерінің Үшінші кеңесіне қатысу аясында бірқатар әріптестерімен кездесулер өткізді. Ауқымды форумға «Экономикалық ынтымақтастық, қоршаған орта және Еуразиядағы орнықты даму» тақырыбы арқау болды.

Форум аясында жүздескен Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин мен Түркия Ұлы ұлттық жиналысының төра­ғасы Бинали Йылдырым парламентаралық ынтымақ­тас­тық­ты жандандыру туралы уағдаласты.
Жүздесушілер атап өткендей, екі ел лидері Нұрсұлтан Назар­баев пен Реджеп Тайып Ердоғанның өзара түсіністікке негіз­делген бірлескен әрі тиімді жұмысының арқасында Қа­зақ­стан мен Түркия көпқырлы әріптестікті нығайтуда жо­ғары нәтижелерге қол жеткізді. Қарқынды саяси диалог жол­ға қойылды, терең экономикалық байланыстар түзілді, ын­тымақтасудың барлық салаларында өзара ықпалдастық тиім­ді дамуда.
Мәжіліс спикерінің айтуынша, қазақ-түрік қарым-қа­тынасына Түркия президентінің Қазақстанға 2017 жыл­дың қыркүйегіндегі ресми сапары және Қазақстан Пре­зидентінің Түркияға биылғы қыркүйектегі ресми сапары қуа­тты серпін берді.
Елбасы Н.Назарбаев 5 қазандағы Жолдауында белгі­ле­ген негізгі бағыттар тұрғысынан алғанда, Мәжіліс төра­ғасының байламынша, көлік пен логистика, туризм және ауыл шаруашылығы – екіжақты ынтымақтастықтың перспек­тивті салаларына айнала алады.
Нұрлан Нығматулин мен Бинали Йылдырым қазақ­стан­дық және түркиялық парламентшілердің өзара әре­кеттестігін жандандыру Астана мен Анкара арасындағы өза­ра тиімді ынтымақтастықтың жан-жақты дамуына сеп­тесеріне сенім білдірді.
Осы күні Нұрлан Нығматулин Ресей Мемлекеттік Ду­ма­­сының спикері Вячеслав Володинмен келіссөздер жүр­гіз­ді. Өз сөздерінде жүздесушілер Еуразия елдері парла­мент­тері спикерлерінің Үшінші кеңесінің әрбір отырысы өт­кен сайын, оған қатысушы адамдар мен елдердің саны да өсіп келе жатқанына екпін түсірді. Бұл аталған диалог алаңының тиімділігін және оған деген сұраныстың бар­лығын паш етеді. Биыл форум жұмысына шамамен 40 ел және 5 халықаралық ұйым атсалысуда.
Қазақстан мен Ресей арасындағы ынтымақтастыққа тоқ­талған Нұрлан Зайроллаұлы екі елдің қарым-қаты­на­сы­ның стратегиялық сипатқа ие екенін, оның Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев пен Ресей президенті Владимир Путин арасындағы достық пен белсенді өзара әрекет­тес­тігіне негізделгенін атап өтті.
Мәжіліс спикерінің пікірінше, бұл өз кезегінде пар­ламентшілердің жұмысына тың серпін береді. Депутаттар мем­лекет басшылары қол жеткізген уағдаластықтарға ұдайы заңнамалық қолдау көрсетуге дайын.
Нұрлан Нығматулин мен Вячеслав Володин Еуразия ел­дері парламенттері спикерлерінің Үшінші кеңесіне шы­ғарылған тақырыптың өзектілігіне назар аударды. Өйткені Қазақстан мен Ресей бір экономикалық кеңіс­тікте өмір сүру­де. Сондай-ақ олар экология мен қор­ша­ған ортаны қор­ғау мәселелерінің маңыздылығына да тоқ­талды.

Айхан ШӘРІП

Бөлісу:

Пікір жазу


*