ЕЛБАСЫ ЖАҢА ЕЛШІЛЕРДІ ҚАБЫЛДАДЫ

546
0
Бөлісу:

   Ақордадағы салтанатты рәсім барысында Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа ҚХР елшісі Чжан Сяо, Испания Корольдігінің елшісі Давид Артуро Карриедо Томас, Израиль елшісі Лиат Вексельман, Словакия елшісі Милан Коллар және Еуропа Одағының елшісі Свен-Олов Карлссон сенім грамотасын тапсырды.

Елбасы елшілерді Қазақстандағы дип­ло­матиялық миссияларының ресми түрде бас­талуымен құттықтап, оларға мем­ле­ке­таралық қатынастарды дамыту және оны одан ары ілгерілету ісінде табыс тіледі.
– Сіздердің миссияларыңыздың бас­талуы ел дамуының маңызды кезеңімен тұс­па-тұс келіп отыр. Біздің стратегиялық ба­ғытымыз – әлемнің озық дамыған 30 елі­нің қатарына қосылу. Осыған орай, қажетті бағ­дарламалардың бәрін қабылдап, кешенді реформаларды жүзеге асырып келеміз, – де­ген Мемлекет басшысы таяуда жариялаған Жол­дауға сәйкес, халықтың әл-ауқатын арт­тырудың тағы бір белесіне көшетінімізге на­зар аударды.
Қазақстан Президенті халықаралық қа­тынастар жүйесі түбегейлі өзгеріп, әлемдік дағ­дарыс күшейген жағдайда сенімді мем­ле­кетаралық қатынастар орнатудың маңыз­ды екенін айтты.
– Жақында Нью-Йоркте өткен БҰҰ Бас ас­­самблеясының кезекті сессиясында кей­бір елдер арасында «сенім дағдарысының» одан ары өрши түскені анық байқалды. Өзара сенім орнықпаса, дағдарысқа қарсы кез келген іс-қимылдың оң нәтижесі болмайды. Қа­зақстан осы үдеріске бей-жай қарамай, ха­лықаралық қақтығыстарды еңсеру және се­нім шараларын нығайту ісіне БҰҰ Қауіп­сіздік кеңесінің тұрақты емес мүшесі ре­тін­де өз үлесін қосып келеді, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Елбасы осы айдың өзінде БҰҰ аясында елор­дада екі ірі іс-шара – «Шекарааралық су арналары мен халықаралық көлдердi қор­ғау және пайдалану жөнiндегі конвенция сес­сиясы» және «Дүниежүзілік денсаулық сақ­тау ұйымы мен ЮНИСЕФ-тің алғашқы мед­көмек жөніндегі жаһандық кон­фе­рен­ция­сы» өтетінін хабарлады.
Елбасы дипломатиялық миссияларын жаңар­тып отырған елдермен қарым-қаты­нас­тардың қазіргі жағдайына және даму перспективаларына жеке-жеке тоқталды.
– Қазақстан Қытаймен жан-жақты стра­те­гиялық ынтымақтастықты дамытуға ерек­ше мән береді. Дипломатиялық байланыс ор­наған сәттен бері біз тату көршілік және өза­ра түсіністік рухында дамып келе жатқан мем­лекетаралық қатынастардың үлгілі мо­де­лін құрдық. Бүгінде екі елдің үкіметтері өза­ра келісімдерді жүзеге асыру үшін бел­сенді жұмыс атқаруда. «Нұрлы жол» жаңа эко­номикалық саясатын «Жібек жолының эко­номикалық белдеуі» бастамасымен ұш­тастыру жөніндегі ынтымақтастыққа ерек­ше көңіл бөлінуде, – деді Мемлекет бас­шы­сы.
Сондай-ақ Н.Назарбаев биыл еліміздің Еуропа Одағымен дипломатиялық қатынас ор­натқанына 25 жыл толғанын атап өтті.
– Қазіргі басты міндетіміз – 2015 жылы қол қойылған Қазақстан мен Еуроодақ ара­сын­дағы «Кеңейтілген әріптестік пен ын­ты­мақтастық туралы келісімді» жүзеге асыру. Сондай-ақ Брюссельдің Орталық Азия елдеріне қатысты жаңа стратегиясын әзір­леуге күш жұмылдыру керек. Біз Қа­зақстан мен Еуроодақ арасындағы визалық режимді жеңілдету мәселесі дұрыс шешімін табады деп сенеміз, – деді Елбасы.
Мемлекет басшысы Испания Король­ді­гін «стратегиялық әріптестеріміздің бірі» деп бағалады.
– 2017 жылы маусым айында Ұлы мәр­те­белі Испания Королі VI Фелипе Қазақ­стан­ға алғашқы ресми сапармен келіп, EXPO – 2017 көрмесінің ашылуына қатыс­қа­ны есте және ризашылығымды білдіремін. Өзара уағдаластықтарымызды жүзеге асы­ру­ға Экономика және өнеркәсіп саласын­дағы ынтымақтастық туралы үкіметаралық ко­миссия мен Іскерлік кеңес зор үлес қосып ке­леді, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Сондай-ақ ел Президенті экономиканың түр­лі секторында Қазақстан мен Израиль ара­сындағы қатынастарды одан ары да­мыту­ға мүдделі екенін білдірді.
– 2016 жылы Израиль Премьер-ми­нист­рі Биньямин Нетаньяхудың Қазақстанға рес­ми сапары және соның барысында өткен биз­нес-форум өзара ықпалдастығымыздың ая­сын кеңейтуге тың серпін берді. Біз өзара қа­тынастарымызды, әсіресе ауыл шаруа­шы­лығы, инновациялық технологиялар, ден­сау­лық сақтау салаларын – басты үш бағыт­ты одан әрі дамытуға мүдделіміз, – деді Мем­лекет басшысы.
Қазақстан Президенті Словакиямен ын­тымақтастықтың оң қарқынын атап өтіп, екі ел арасындағы сауда айналымын арт­ты­ру­дың және экономикалық ынтымақ­тас­тық­тың жаңа бағыттарын дамытудың маңыз­ды еке­нін айтты.
– Сауда-экономикалық байланыстарды ны­ғайтуға Экономикалық және ғылыми-тех­никалық ынтымақтастық жөніндегі үкі­метаралық комиссия зор үлес қосып келеді. Бо­лашақта бізге тауар айналымын ұлғайтып, өза­ра экономикалық қатынастарды да­мы­тудың жаңа бағыттарын айқындау қажет бо­лады, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Рәсім соңында Мемлекет басшысы дип­ломаттарды Қазақстандағы жауапты мис­сияларының басталуымен тағы да құттық­тады және олардың жұмысы елдеріміз арасындағы ынтымақтастықты жан-жақты өркендетуге септігін тигізеріне сенім біл­дірді.
Өз кезегінде ЕО елшісі Свен-Олов Кар­лс­сон Еуроодақтың Қазақстанмен қауіпсіз­дік және қорғаныс, басқару және даму, энергетика және қоршаған ортаны қорғау са­лаларындағы ынтымақтастыққа жаңа қар­қын беруге дайындығын жеткізді:
«Қазақстанның жаһандық және аймақ­тық қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі рөлі артып келеді. Сирия бойынша «Астана про­цессі», Иран ядролық бағдарламасы бойын­ша келісімге қатысты мәселені шешудегі іс-қимылдар және Қазақстанның БҰҰ Қауіп­сіздік кеңесіндегі белсенді рөлі – осы­ның барлығы ауқымды Орталық Азия мен Ауғанстан өңірінде тұрақтылық пен дамуды ілгерлетуді қамтамасыз етудегі біздің ортақ мүдделер мен мақсаттарымызға жауап бе­ре­ді» деді елші.

Айхан ШӘРІП

Бөлісу:

Пікір жазу


*