Астана «Айқынды» құшақ жая қарсы алды

1701
0
Бөлісу:

«Айқын» республикалық қоғамдық-саяси газеті кешеден бастап өз жұмысын Астанадан жалғастырды. Әсем Алматыдан Арқа төсіне бағыт алған көш жексенбі күні Елордаға табан тіреген болатын. Теміржол бекетіндегі шығарып салу рәсіміне «Қазақ газеттері» ЖШС директоры Шәмшидин  Паттеев, «Қазақпарат» баспасының директоры Қонысбек Ботбай, «Ана тілі» газетінің бас редакторы Жанарбек Әшімжан және басқа бірқатар БАҚ өкілдері жиналып, ізгі тілекпен аттандырды.

 

 

Астанада құшақ жайып қарсы алушылар қатары да аз болмай шықты. ҚР Президенті Баспасөз хатшысының орынбасары, филология ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым академиясының корреспондент-мүшесі Бауыржан Омаров бастап келіп, сәтті қадам, жайлы қоныс тіледі.

Редакциядағы алғашқы жұмыс күнінде «Нұр Медиа» холдингінің бас директоры Ләззат Танысбай қызметкерлермен арнайы танысып, әрдайым қолдау білдіретінін жеткізді.

 

Басылымның бас редакторы Нұртөре Жүсіп басылым оқырмандарына көші-қонның мән-жайын түсіндіріп, тарихи оқиғаның маңыздылығына тоқталды.

«Айқын» газетінің ұжымын алғашқылардың бірі болып «Астана ақшамы» газетінің бас редакторы Еркін Қыдыр мен басылым қызметкерлері құттықтап келді.

 

 

Сонымен қатар, Қазақстан Республикасының инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбектің, Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлының  ыстық ықыласы мен жылы лебізін бір топ қызметкерлері жеткізіп кетті.

 

«Егемен Қазақстан» республикалық газеті» АҚ Басқарма төрағасы Дархан Қыдырәлі де редакциямызға арнайы кіріп-шығып, тілектестігін білдірді.

 

Мәжіліс депутаты Қуаныш Сұлтанов пен Дархан Мыңбай мырзалардың да арнайы атбасын бұрып, ақ тілегін арнауы ұжым қызметкерлерін екі есе қуанышқа бөледі.

 

 

«Айқын» республикалық қоғамдық-саяси газетінің алғашқы саны 2004 жылы 6 наурызда жарық көрді.
2005 жыл газет Президент сыйлығын жеңіп алды.
2006 жылы «Алтын жұлдыз» сыйлығын иемденді.
Күнделікті газеттер арасында «Айқынның» өз орны бар. Аз ғана уақыт ішінде «Айқын» республикадағы белді де беделді басылымға айналып, Қазақстанның бұқаралық ақпарат кеңістігінде өз орнын тапты. Газеттің әр нөміріндегі мақалалар түрлі сараптамалық шолуларда, пікірталастарда негізгі тақырыпқа айналып, интернет жүйесінде де қайта басылып келеді. Шенеуніктер, менеджерлер, түрлі деңгейдегі кәсіпкерлер өз жұмысын біздің газеттегі жаңалықтарды оқудан бастайды.
Республикалық қоғамдық-саяси басылым – «Айқын» газеті қазақ қоғамының мәдени өмірі мен қоғамдық-экономикалық, саяси деңейін көтеруді алдына мақсат етіп қойған.
Басылымның бірқатар облыстарда тілшілер қосыны бар. Сондай-ақ Будапешт, Пекин, Ашхабад қалаларында өз тілшілеріміз қызмет етеді.
Газеттің өзіндік дизайны оны көптеген басылымдар ішінен ерекшелеп тұрады. «Айқын-апта» деп аталатын 32 беттік шығарылым тақырыптарының саналуандығымен, тартымдылығымен, қызықтылығымен ерекшеленеді.

Қаншайым БАЙДӘУЛЕТ

Фото: Айтжан Салықұлы, Советбек Мағзұмов
Бейнежазба: автор

Бөлісу:

Пікір жазу


*