Жаңа келісімді іске асыруға қадам

666
0
Бөлісу:

Қазақстандағы Еуропалық Одақ Өкілдігінің жаңа Елшісі Свен-Олов Карлссон Жоғары Мәртебелі Президент Нұрсұлтан Назарбаевқа сенім грамоталарын табыс етіп, Қазақстандағы Еуропалық Одақ Өкілдігінің басшысы қызметіне ресми кірісті.

Сенім грамоталарын тапсыру ресми рәсімі мен Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевпен кездесуден кейін Елші Свен-Олов Карлссон БАҚ өкілдеріне берген сұқбатында «Біздің дипломатиялық қарым-қатынастарымыздың 25-жылдығында Қазақстандағы ЕО Өкілдігінің Басшысы ретінде лауазымға кірісу мен үшін аса зор мәртебе. Мен аталған тағайындалуды ЕО пен Қазақстан арасындағы табысты ынтымақтастықты одан әрі нығайту мүмкіндігі әрі Еуропалық Одақ пен Қазақстан Республикасы арасындағы Кеңейтілген әріптестік пен ынтымақтастық жөніндегі жаңа келісімді іске асыруға ат салысу қадамы ретінде қарастырамын. Қазақстан – ЕО-мен осындай келісімге қол қойған Орталық Азияның тұңғыш мемлекеті» деді.

2015 жылдың 21 желтоқсанында Астанада Еуропалық Одақ пен Қазақстан арасындағы Кеңейтілген әріптестік және ынтымақтастық туралы келісімге (КӘЫК) қол қойылды. Аталған жаңа келісім Еуропалық Одақтың орталықазиялық әріптестерінің бірімен жасасқан тұңғыш бірегей келісім болып табылады. Ол ЕО пен Қазақстан арасындағы қарым-қатынастарды жаңа деңгейге көтеріп, саяси және экономикалық ынтымақтастықты нығайтуға айтарлықтай үлесін қосуда.

«Еуропалық Одақ әлемдегі ең ірі еркін сауда аймағы ғана емес, ЕО-ның жаңа Жаһандық Стратегиясы жаһандық деңгейде қауіпсіздік пен қорғаныс, басқару мен даму, энергетика мен қоршаған ортаны қорғау салаларында біздің іс-қимылымызды қарқындатады. Қазақстанның жаһандық және аймақтық қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі рөлі артып келеді. Сирия бойынша Астана процессі, Иран ядролық бағдарламасы бойынша келісімге қатысты мәселені шешудегі іс-қимылдар мен Қазақстанның БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіндегі белсенді рөлі – осының барлығы ауқымды Орталық Азия мен Ауғанстан өңірінде тұрақтылық пен дамуды ілгерілетуді қамтамасыз етудегі біздің ортақ мүдделер мен мақсаттарымызға жауап береді» деген Елші Карлссон Еуропалық Одақ пен Қазақстанның халықаралық саясат алаңындағы саясатының өзара үйлесімділігін атап өтті.

Сенім грамоталарын тапсырудың ресми рәсімі Қазақстан Республикасы Президентінің резиденциясы Ақордада өтті. Салтанатты рәсімге Ж.М.Карлссон мырзамен бірге жұбайы Мария Антониетта Вантаджато ханым мен ЕО Өкілдігінің Саясат бөлімінің Басшысы Золтан Салаи мырза қатысты.

Гүлнар ТӘЖИЕВА

Бөлісу:

Пікір жазу


*