ҚАЗАҚСТАН – ДҮНГЕНДЕРДІҢ ЖАҢА ОТАНЫ

1031
0
Бөлісу:

Қазақстан халқы ассамблеясының қолдауымен, этносаралық қатынастар мәдениетін, салт-дәстүрлерін үйлестіру мақсатында Жамбыл облысы Қордай ауданының Масаншы ауылында дүнгендердің Қазақстан жеріне қоныс аударуына 140 жыл толуына арналған мерекелік үлкен той өтті.

Дүнгендер Қазақстан жеріне бұдан 140 жыл бұрын келіп қоныстанған. Бүгінде Қазақстан аумағында 60 мыңнан астам дүнген ұлтының өкілі өмір сүріп жатыр. Бұл мерекені тойлауға арнайы келген Астана қаласындағы «Юнги», Алматыдағы «Шиңсын», Жаркенттегі «Биянху», Жам­был облысындағы «Вынхуа» дүнген этномәдени орталықтары тойға келетін қонақтарды қарсы алатын жеке-жеке киіз үй тігіпті. Дүнгендер қауымының қазақ жеріне келіп қоныстануына 140 жыл толу мерекесіне Қазақстан халқы ассамблея­сының мүшелері – ноғай, бурят, карел-фин, неміс тағы басқа ұлттардың өкілдері келді. Мереке Қордай ауданына қарасты 45 мың тұрғыны бар Масаншы ауылындағы Мәдениет үйіндегі салтанатты жиыннан басталды. Мәжіліс депутаты, Қазақстан халқы ассамблеясы депутаттық топтың жетекшісі Сауытбек Абдрахманов ел бір­лігіне, халықтар достастығына, ынтымақ­тастығына қызмет етіп жүрген дүнген қауымының белсенді өкілдеріне Қазақстан халқы ассамблеясының алғысхаттарын табыс етуге Астанадан арнайы келіпті.
– Бұл өткізіліп жатқан шара біздің елі­міздегі бауырластық, татулық, бірлік, ын­тымақ пен бірліктің жарқын көрінісі. Қа­зақ елінің жері қазынаға бай. Менделеев таблицасындағы барлық элементтер та­былады. Оның үстінде де, астында да қа­зына көп. Алайда қазақ елінің байлығы – осы жерді мекендейтін халықтардың ұлы достығы. Біз қай заманда болсын бірге болу арқылы тірі болдық. Ал қазіргі кезде біздің бірлігіміз бұрынғыдан да нығая түсті. Оның себебі, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың жүргізіп отырған ұлтаралық ынтымақ-бірлік саясаты. Осы саясатқа бұдан 140 жыл бұрын қазақ жеріне келген дүнген ұлтының қосып жатқан үлесі зор. Қазақстан халқы ассамблеясы депутаттық топ атынан сіздерді осы тама­ша мерекемен шын жүректен құттықтай­мын! – деп сөзін бастаған депутат Мәжіліс төрағасының орынбасары Владимир Божконың дүнген қауымына жолдаған құттықтау хатын оқып берді.
Мәжіліс депутаты, Қазақстан халқы ассамблеясының мүшесі, мерекені ұйым­дастыру комитетінің төрағасы Шакир Ха­хазовтың айтуынша, қазақстандық дүн­гендер қауымы бұл күнді жаңа Отан тап­қан­дарына 140 жыл толу мерекесі ретінде тойлап жатыр. Қиындыққа ұшыраған ұлттардың өкілдерін, талай тағдырлардың басын біріктіріп, қанатымен су сепкен қарлығаштай қамқорлыққа алған қазақ халқына дүнгендер қауымы үлкен алғыс айтып, ризашылықтарын осылай жеткізіп жатқан жөні бар.
– Бір жарым ғасыр бұрын болған та­рихи оқиғалар кезінде босқан дүнгендер болашақ тәуелсіз Қазақстан жеріне келіп қоныс тепті. Ұзақ жолдан арып-ашып келген дүнген босқындарына қазақтар бірінші болып көмекке келді, баспана беріп паналатты. Олар қолдарында не бар, сонымен бөлісті. XIX ғасырдың соңында, есімдері әрбір дүнген үшін қасиетті сана­латын құрметті қазақ билері Тебекбай және Ноғайбай босып келген бөтен ұлтты бауырына тартып, қазіргі Жамбыл облысы Қордай ауданының шығыс жағына қоныс­тандырды. Қазақ халқының жомарттығын дүнгендер бүгінге дейін құрмет тұтады, өз ұрпақтарына мұны өсиет етіп отырады. Қазақ халқының қорғауында дүнгендер отбасы баспана мен азық-түлік қана емес, бір-бірімен ана тілінде қарым-қатынас жасап, дінімізді, салт-дәстүрімізді ұстануға еркіндік берді. Дүнгендер қазақ тілін меңгеріп, қостілділік екі ұлттың бауырлас, туыс болуына мүмкіндік берді. Қазақ­стандық дүнгендердің тағдыры қашанда қазақ халқымен бірге. Бауырластық қа­тынастарының беріктігі бірнеше мәрте сынақтардан өтіп, нығая түсті. Мысалы, дүнгендер 1916 жылғы Түркістан халықта­ры­ның империялық саясатқа қарсы нара­зылығын қолдады. Қазақтармен бір сапта тұрып күресті. Ұлы далаға келген револю­ция кезінде Мағаз Масаншы Әліби Жан­гел­диннің жанында жүрді. Ұлы Отан соғы­сы туған жерге адалдықтың тағы бір сынағы болды. Қазақстанның атын шы­ғарған КСРО батырларының ішінде минометтік есептоптың командирі Мансуз Ванахунның есімі де бар. Бүгінде дүнгендер Қазақстан­ның экономикалық және саяси өмірінде бар­лық әлеуметтік салаларға белсенді ара­ласады. Бұл Қазақстан халқы ассамблеясы құрылғаннан кейін жарқырап көрінді. Президент Нұрсұлтан Назарбаев­тың баста­масымен бірлікті, достықты және келісімді нығайтуға құрылған бұл мем­­ле­кеттік институт – еліміздің экономи­касының өсу кепілі, – деді өз сөзінде Шакир Хахазов.
Масаншы ауылындағы салтанатты жиынның соңы қазақ, дүнген әнші-биші­лерінің концертіне жалғасты. Тойға жи­налған қауым киіз үйлерде жасалған дас­тарқан басына жиналып, дүнген ұлтының ас мәзірінен дәм татты.

Қайыржан ТӨРЕЖАН

Бөлісу:

Пікір жазу


*