КӘСІБИ МЕДИЦИНА ҰЙЫМЫ ӨКІЛДЕРІМЕН КЕЗДЕСТІ
Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов кәсіби ассоциация өкілдерімен кездесті. Басқосуда денсаулық сақтау жүйесіндегі кәсіби ассоциациялардың рөлін арттыру және бірқатар қызметтерді кәсіби ортаға беру, «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодексі жобасын талқылау мәселелері сөз болды. Министр жиналғандарды Халықаралық дәрігерлер күнімен құттықтап, атаулы датаның барлық медицина қызметкерлеріне ортақ екенін еске салды. Ол сала қызметкерлеріне денсаулық пен кәсіби өрлеу, тұлғалық даму тіледі.
Елжан Амантайұлы кездесу тақырыбы өткен жылы бірқатар жиында көтеріліп, биылғы талқылаулар кәсіби мерекеге тұспа-тұс келгеніне тоқталды. Күн тәртібіне енгізілген тақырыптардың маңыздылығы мен «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу төңірегіндегі ой алмасудың мақсатын түсіндірген министр қатысушыларды белсенді болуға, пікірлері мен ұсыныстарын ортаға салуға шақырды.
Кездесуде «Денсаулық сақтауды дамыту республикалық орталығы» шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорынының басшысы Айнұр Айыпханова Қазақстанда жұмыс істейтін кәсіби ассоциациялар мен олардың қызметі туралы мәлімдеді.
Статистикалық деректер келтіріп, шетел тәжірибесін тілге тиек еткен маман мемлекеттің бірқатар міндетін кәсіби ортаға үлестіру, үкіметтік емес ұйымдарды денсаулық сақтау саласын жақсарту жобасына тартудың тетіктерін де назардан тыс қалдырмады. Сондай-ақ медициналық мекемелер мен қызметкерлерді аттестациядан өткізу, көрсетілген қызметтер сапасына баға беру, кадрлардың біліктілігін арттыру ісіне кәсіби ұйымдар мен ассоциацияларды қатыстыруды кең көлемде жүргізу қажеттігі айтылды.
Баяндамадан соң «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодексі жобасын талқылау басталды. Онда аталған тақырыпта жасалған баяндама оқылып, кездесуге келген және өзге қалалардан тікелей байланысқа шыққан кәсіби медициналық ұйымдардың өкілдері ой білдірді. Олар өз арасында болған талқылау қорытындысын жариялап, әріптестерінің пікірінен түзілген ұсыныстар тізімін таныстырды. Алматыдан тікелей байланысқа қосылған Ұлттық медицина ассоциациясының президенті Айжан Бекайдарқызы кодекске өзгерістер енгізу бойынша бірқатар ұсыныстарды атады. Сөзін бастамас бұрын заң жобасындағы кемшіліктер мен қателерді көрсеткені үшін ешкімнің ренжімеуін, конструктивті диалог боларына үміт артатынын ескерткен Айжан Бекайдарқызы медициналық қызметкерлерді кәсіби сақтандырудың қиындығына, кәсіби медицина ұйымдарының өкілеттілігіне, заңда қайталанған тұжырымдарға шолу жасады. Олардың қатарында жаңа кодекстен балаларға екпені міндеттейтін бапты алып тастау туралы ұсыныс бар. Айжан Бекайдарқызының айтуынша, екпе жасалмаған балаларды балабақша мен мектептерге қабылдауға тыйым салатын бап ата-аналар мен балалар құқығына қайшы келеді.
Отбасылық дәрігерлер ассоциациясының президенті Дамиля Нұғманова алғашқы медициналық-санитарлық көмектің маңыздылығы белгіленуі керектігі, қызмет көрсету сапасын үздіксіз арттыру туралы бапқа ғылыми негіздемені қосу қажеттілігі жөнінде пікір қосты. Осы тұста барлық ұсыныстарды тыңдап, жазып отырған министр алғашқы медициналық-санитарлық көмек туралы ойға қосылатынын білдірді.
Кездесу барысында медициналық білім мекемесін бітірген студенттер қабылдайтын дәрігер антын шетелдегі оқуынан оралған шәкірттер мен ұзақ үзілістен соң, жұмысына қайта оралған қызметкерлер үшін де енгізу туралы ұсыныс жасалды. Одан бөлек, науқастың жағдайы, медициналық көрсеткіштері мен сырқат тарихы туралы жеке ақпараттың құпия сақталуын қамтамасыз ету, ақпараттық жүйеге жүктелген мұндай құжаттардың киберқауіпсіздігі сияқты мәселелерге министрлік назарын аударуға тырысқандар да табылды. Денсаулық сақтау жүйесі барлық халықаралық құжаттарда ең әуелі халықтың мұқтаждығын өтеп, жағдайын жақсартуға бағытталатыны айтылған. Сондықтан бұл саладағы мемлекеттік және жеке, үкіметтік емес, кәсіби медициналық ұйымдар бұл мақсатта жемісті жұмыс атқару үшін өзара түсіністік пен әріптестік жағдайында болғаны маңызды. Кездесу министрлік пен кәсіби медициналық ұйымдарды бір үстел басына жинап, өзара пікір алмасуына мүмкіндік беріп, кодекс жобасына жаңа ұсыныстар қосты.
Динара ТІЛЕУБЕК