БАСЫН ИСІН БАРША ЖАН ҰСТАЗДАРҒА

626
0
Бөлісу:

Елорда. EXPO аумағынан орын тепкен «Энергия» холы. Мұнда республикамыздың ең үздік ұстаздары жиналды. Кәсіби мереке қарсаңында мұғалімдер арасында өткізілген «Үздік педагог» республикалық байқауының жеңімпаздары марапатталды. Мыңдаған қатысушылардың ішінен оза шапқан ұстаздарды Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев айтулы күндерімен құттықтай отырып, сыйақыларын табыстады.

Бұл байқау тұңғыш рет 2012 жылы ұйымдастырылған еді. Мақсаты – педа­гогтардың қоғамдағы мәртебесі мен беделін көтеру. Осылайша, үздік ұстаздардың озық педагогикалық іс-тәжірибесі таралып, білім сапасы арта түседі деген сенім мол. Байқау ұйымдастырылған жеті жыл ішінде 31 420 мұғалім қатысқан. Оның ішінде мектепке дейінгі және орта білім, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының 368 мұғалімі жеңімпаз атанған. Ұстаздар 2 миллион 405 мың теңге көлемінде ақшалай сыйақымен және «Үздік педагог» төсбел­гісімен марапатталған.
Биыл байқаудың аудандық және қа­лалық жарыстарына – 3 864, облыстық деңгейдегісіне 710 ұстаз қатысқан. Статис­тикалық деректерге сүйенсек, былтырмен салыстырғанда қатысушылар саны екі есе көбейген. Демек, байқауға қызығушылық жыл сайын өсіп келеді деген сөз. «Үздік педагог» атағын тағайындау бойынша республикалық комиссияның қарауына 147 құжат келіп түскен. Оның ішінде мектепке дейінгі және орта білім саласы педагог­тарынан – 109, техникалық және кәсіптік білім саласынан 38 құжат қабылданған.
Байқаудың марапаттау рәсімінде сенатор Дариға Назарбаева алғаш боп сөз алды. «Бүгін барлығымыз үшін қуанышты күн. Білім саласындағы ұстаздарға, пе­дагогтарға елдің алғысы шексіз. Бала­ларымыздың тағдыры, яғни Отанымыз­дың тағдыры сіздердің қолдарыңызда десек, артық айтқанымыз емес. Сіздердің білім саласына сіңірген еңбектеріңіз ұшан-теңіз. Мемлекеттік білім беру бағдарламасын қорғаған кезде, көптің көкейінде үлкен сұрақ әрі алаңдаушылық тудырған бір мәселе бар еді. Ол – мектепте пәндерді ағылшын тілінде оқытуды енгізу. Осы бағдарламамен жұмыс істеген азаматтар мұның қаншалықты қиын болатынын түсінді. Бұл жұмыстың қалай жүргізілетініне біз де қатты алаңдадық, қазір де алаңдаймыз. Ара-тұра министрмен кездесіп, жұмыстың қалай жүріп жатқанын сұрап тұрамын. Біз енді ағылшын тілінен қорықпаймыз ғой, солай ма?! Үш тілдің болғаны өте маңызды. Сондықтан сіздерге шыдам мен ерен еңбектеріңіз үшін алғысымды айтамын» деді сенатор. Бұдан кейін сөз кезегі министр Ерлан Сағадиевке берілді. Ұстаздарды кәсіби мерекесімен құттықтай отырып, барша ұстаздар қауымына алғысын білдірді.
Конкурс нәтижесінде, 48 мектеп мұға­лімі және 16 колледж оқытушысы жеңімпаз атанды. Үздік педагогтарға төсбелгі, куәлік, сонымен бірге, 1000 АЕК көлемінде сыйақы табысталды. Бір байқағанымыз, осы 64 жеңімпаздың ішінде ер мұғалімдердің үлесі өте аз. Атап айтқанда, 9 мектеп мұғалімі және бір колледж оқытушысы бар. Осы ретте байқаудың су жаңа жеңімпаздарының бірімен сұхбаттастық.
Ержан Арын – Алматыдағы № 159 Ы.Алтынсарин атындағы гимназияның қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі. Жоғарыда атап өткеніміздей, мектептерде ер мұғалімдердің азаюы көпшілікті алаңдатады. Әйел ұстаздардан тәлім алып, ерге тән мінездердің жойылып кету қаупі бар деп дабыл қағып жатқандар бар. Сұрақты төтесінен қойып, Ержан Арыннан сұрастырып көрдік. «Ер ұстаздардың аз болуынан балалардың бойында нәзіктік көп деген пікірге түбегейлі қосыламын деп айта алмаймын. Өйткені бүгінгі қоғамда ер адамға тән қабілеттердің жойылып, жара­тылысының өзгеруіне бұдан бөлек бірнеше себеп бар. Ең маңыздысы, білім беруге құштар, білікті мұғалім болу ғана. Әлбетте, ұжымға ер адамдар керек. Олардың көп болғаны тіпті жақсы. Әрине, өзіңіз айтқан мәселеге инедей болса да зиянын тигізетіні жасырын емес» дейді мұғалім. Байқау қатысушыларының ішінде он ер мұғалімнің болуына тағы бір себеп бар секілді. Ол – ер адамдардың конкурс сынды жүгірісі көп істерді құнттамауы. Бұл пікірмен Ержан мырза да келісетінін айтып отыр.
Ержан Омарұлына мұғалім мәртебесіне қатысты дәстүрлі сұрақтардың бірін қойдық. Өйткені соңғы уақытта бұл мәселе кең көлемде қозғалып жүр. Сондықтан ұстаздардың пікірін білгеніміз жөн болар. «Ұстаздар жайлы фильмдер түсіруге болады. Мәселен, үздік атанған мұғалім немесе ардагерлердің еңбек жолын көрсетіп, өзгелерге үлгі қылып көрсетсе керемет болар еді. Қалада сабақ берсін, мейлі ауылдық жердің ұстазы болсын, маңызды емес. Бастысы, мәртебелі мамандық иесінің беделін көтеруге бағытталса болғаны. Сонымен бірге, фильмде мұғалімнің кәсіби жағын көрсетумен шектелмеу керек. Оның жеке өмірі де, адамгершілік тұрғысынан жасаған істерін көрсетуге болады. Осы тақырыпқа қатысты әр өңір ұстаздарының түрлі ұсыныстары мен пікірлері баршылық» деген ұсынысын жеткізді. Қазіргі жас мамандарға қатысты пікірін сұрағанымызда, көпшілігінің қала мектебіне жұмысқа орналасуға құмар екенін айтады. «Шыны керек, басым көпшілігі ауылға барудан қашады. Дегенмен бұл – уақытша құбылыс. Өйткені еліміз күн өткен сайын дамып келеді. Уақыт өте келе ауыл мен қала арасында аса айырмашылық болмауы да мүмкін. Бастысы, ауылдық жерге аттанған мамандарға жақсы жағдай жасалып, көптеген мүмкіндіктерге жол ашу керек» дейді ол.

Жадыра АҚҚАЙЫР

Бөлісу:

Пікір жазу


*