СУБСИДИЯ БЕРЕТІН КОМИССИЯЛАР ЖОЙЫЛАДЫ

ОДАН ЖЕМҚОРЛЫҚ АЗАЯ МА?
Жаңа жылдан бастап ауылшаруашылық саласында субсидия беру үдерістері толығымен автоматтандырылған жүйеге көшеді. Бұл өзгеріс субсидия алу уақытын жеделдетіп, жемқорлықты азайтады деген үміт бар. Бастысы, субсидия беру мәселесін талқылайтын комиссиялар жойылады. Бұл туралы Ауыл шаруашылығы министрлігінің бірінші вице-министрі Арман Евниев Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында хабарлады.
«Агроөнеркәсіп кешенін дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын іске асыру аясында Ауылшаруашылық министрлігі мемлекеттік қызмет көрсету үдерістерін атоматтандыру бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Оның ішінде, субсидиялар беру үдерістері де бар. Бүгінгі таңда жалпы субсидиялар 14 бағытта іске асырылып жатыр. Соның ішінде, тыңайтқыштарға субсидия төлеу толық автоматтандырылған. Бүгіндері онлайн түрде 18,2 млрд теңгеге 20 мың электронды өтінім тапсырылды және 17,1 млрд теңге көлемінде субсидия төленді. Жүйе толық жұмыс істеп тұр» деді Арман Евниев.
Оның айуынша, алдағы уақытта дайындық жұмыстары жүргізілгеннен кейін егін жинау жұмыстарын жүргізу секілді үдерістерге арналған тауарлық-материалдық құндылықтардың құнын субсидиялауды автоматтандыру жоспарланып отыр. Ал жыл соңына дейін 14 субсидия түрі толық автоматтандырылады. Нормативтік-құқықтық базасы құрылып, 2019 жылдан бастап барлық субсидиялар автоматтандырылған түрде ұсыныла бастайды.
«Орта есеппен алғанда субсидия беру мерзімі 2,5 есеге қысқарады. Яғни, субсидия алу үдерісі қағаз жүзінде жүргізілген уақытта аталған мерзім 18 күнді құрайтын еді. Ал субсидия ұсыну автоматтандырылғаннан кейін бұл мерзім, ең ұзақ дегенде, 7 күн шамасында болмақ» деді ол.
Субсидия беруді автоматтандырудың пайдалы жағы, фермерлер мен тауар өндірушілер шенеуніктермен, субсидия ұсынатын органдармен кездеспейді. Олардың қас-қабағына тәуелді болмайды. Бастысы, субсидия беру үшін арнайы комиссия құрылмайды. Себебі, мемлекеттік қызмет көрсету үдерісі автоматтандырылған соң, субсидия бөлу жөніндегі комиссиялар жойылады. Сондықтан комиссия құрамын бекіту, комиссия отырыстарын ұйымдастыру, өткізу және комиссия шешіміне қол қою сияқты қаптаған амалдарға жұмсалатын уақыт қысқарады. Субсидия алу нысанының сапалы-сапасыздығы, орындалған-орындалмағанына да тексеру жүргізілмейді.
«Субсидиялау үдерісін автоматтандыру тараптардың, яғни осы процеске қатысатын жекелеген лауазымды тұлғалардың жауапкершілігін арттыра түседі. Себебі, олар әрбір әрекетін электронды қолтаңба қою арқылы жүзеге асырады. Субсидияға өтініш берген фермер өтінішіне қатысты қандай шешім қабылданғанын өтініштер реестрінен қарай алады. Субсидиядан үмітті тұлға өтінішін уақытында ұсынса жеткілікті» дейді министрдің бірінші орынбасары.
Былай қарағанда, бәрі – ауыл шаруашылығы тауарын өндіруші үшін жасалып отырған шара. Оған дау жоқ. Ал осы 17,1 млрд теңгені төлеу кезінде ешқандай мәселе туындамағаны таңғаларлық. Десе де, осы тұста бір мәселені айтпай кетуге болмай тұр. Субсидияға өтінім арнайы портал арқылы берілетіндіктен, ауыл-аймақта интернет желісінің жылдамдығы жоғары болғаны маңызды. Алайда қазіргі күні ауылды айтпағанда, аудандардың өзін интернет желісінің жылдамдығы көңіл көншітпейді. Ал жыл басында субсидияның барлық түрін төлеу автоматтандырылса, оған шалғайдағы ауыл-аймақта тұратын шаруаның интернетіндегі жылдамдық онлайн өтінім беруіне мүмкіндік берсе, жақсы…
Қалай десек те, бұл өзгеріс бармақ басты, көз қыстымен субсидия әперіп, өзі де үлестен құр қалмай үйренгендердің түн ұйқысы төрт бөлетіні рас. Майланған ұрт майсыз қалғанда бір амалын таппай қалмай ма деген қауіп те жоқ емес. Себебі, қанша жерден автоматтандырылған жүйе дегенімізбен, пернетақтаны басатын – адам…
Халима БҰҚАРҚЫЗЫ