Жаңа «Денсаулықтың» жаңалығы неде?

850
0
Бөлісу:

Келер жылы Қазақстанда пластмассаны, макулатураны және шыныны көмуге тыйым салынады. Олардың барлығын тек кәдеге жаратып, қайта өңдеу талап етілмек. Бұл туралы Премьер-министр Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында мәлім болды.

Үкімет мүшелері осы жиында 2016-2019 жылдарға арналған қолданыстағы «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасын өзекті етіп, жаңғыртылған жобасын ма­құлдады. Бұдан бөлек, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасын өсірмеу шаралары қаралды. Сондай-ақ қатты тұрмыстық қалдықтарды кәдеге жа­ра­ту және өңдеу мәселелері пысық­талды.
Алдымен, Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов өзіне жүктелген саланың қазіргі мәселелері мен медициналық кө­мек көрсету сапасын арттыру туралы баян­дады.
– Қоғамды мазалаған денсаулық сақ­тау саласының өзекті проблемалары «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасына өзгерістер жобасында көрініс тапты. Бұл өзгерістерді біздің жүзеге асыруымызды мақұлдауларыңызды сұраймыз, – деді өз әріптестеріне қайырылған министр.
Оның айтуынша, министрлік келіп түскен арыз-шағымдарға, БАҚ беттерінде, әлеуметтік желілерде көтерілген мәселе­лерге талдау жасаған. Бұған қоса, денсау­лық сақтау саласының түйткілді мәсе­лелері ведомство жанындағы Қоғамдық кеңес отырыстарында қаралған. Үкіметтік емес ұйымдардың ұсыныстары да ескерілгені алға тартылды.
Сонымен, бұл не өзгерістер? Е.Бірта­нов­тың айтуынша, денсаулық сақтау жүйесінің барлық негізгі мәселелері алты топқа ажыратылып отыр. Олар: қызмет көрсету сапасы, білікті мамандардың тапшылығы, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету, медициналық жабдықтарды жаңарту, халықты міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін ендіру туралы ақпа­раттандыру проблемалары, денсаулық сақтау жүйесінің ашықтығы мен айқын­дылығы және азаматтардың денсаулы­ғының төмен деңгейі.
– Денсаулық сақтау министрлігі меди­циналық жәрдемнің, әсіресе меди­ци­налық-санитарлық алғашқы көмектің сапасын арттыру үшін мемлекеттік бағдарлама аясында бірқатар маңызды шаралар қабылдауды жоспарлауда. Атап айтқанда, министрлік жаңа учаскелерді құру және мемлекет пен жекенің серік­тестігі аясында МСАК-тың шағын форма­ларын дамыту арқылы келесі жылдың аяғына дейін жалпы тәжірибе дәрігерлеріне түсетін жүктемені азайтады. 2019 жылдың соңына дейін жергілікті атқарушы органдар бір дәрігерге түсетін жүктемені 1 700 адамға дейін азайтулары керек, – деді Елжан Біртанов.
«Отбасылық дәрігерлер» практикасын одан ары дамыту аясында диспансерлеуді өлім-жітімнің 60 пайыздан астамының себептерін анықтайтын ауруларды басқару бағдарламаларына трансформациялау жүргізіледі.
– 2020 жылға қарай артериялық гипертензия, қант диабеті және созылмалы жүрек функциясының жеткіліксіздігі секілді үш ауру бойынша есепте тұрған пациенттерді осы ауруларды басқару бағ­дарламаларымен қамту 11 пайыздан 30 пайызға дейін ұлғайтылатын болады. Осыған байланысты жергілікті атқарушы органдар 2020 жылға қарай барлық дәрігерлер мен мейіргерлерді аталған бағдарлама бойынша оқытып шығуы керек, – деді Денсаулық сақтау министрі.
Бұдан өзге, оның байламынша, қағаз­сыз құжат айналымына толық көшу арқылы барлық емханалардың қызметін цифрландыруды жалғастыру керек, сонда медицина персоналына түсетін шамадан тыс жүктеме төмендейді.
Медициналық көмектің сапасын жақсартудың тағы бір бағыты қауіпсіз босандыруды және ана өлімін азайтуды қарастырады. Жаңарған мемлекеттік бағ­дарламада медицина қызметкерлерінің біліктілігін одан ары арттыру, медици­налық ұйым­дарды акушер-гинеколог­тармен және анестезиолог-реанима­тологтармен жа­сақтауды 95 пайызға дейін жеткізу көз­делген. Бірақ қазіргі құзырлық бөлініс бойынша денсаулық сақтаудың жергілікті жағдайына Астанадағы ми­нистрлік емес, әр әкім жеке жауапты бол­ғандықтан, бұл ретте көп нәрсе жергілікті басшыларға тәуелді. Сондықтан министр тағы да соларға жүгінді.
– Әкімдіктер барлық қажетті маман­дарды жұмысқа алып, орнықтыруы, сондай-ақ барлық жүкті әйелдерді уақы­тылы есепке алуды және оларды динами­калы түрде бақылауды қамтамасыз етуі керек. Желілік нормативке сәйкес, моно­бейінді ауруханаларды, соның ішінде перзентханалар мен босандыру үйлерін көпбейінді ауруханаларға интеграциялауды қамтамасыз ету қажет. Медициналық ұйымдар медициналық жабдықтармен жарақтан­дырудың ең төменгі стандарт­тарына сәй­кес, толық жабдықталуға тиісті. Жергілікті атқарушы органдар жедел жәрдем мен ауруханалардың барлық қыз­меткерлерін оқытып, бекітілген стан­дартты ендіруі қажет, – деді Е.Біртанов.
Биыл салада жалпы құны 31 млрд теңге тұратын 35 объектінің құрылысы жоспар­ланған. 2019 жылы жалпы сомасы 55,6 млрд теңге жұмсалатын 33 объектіде құрылыс-монтаждау жұмысы жүреді. Бірақ олардың 60 пайыздан астамына бюджет емес, жеке бизнес қаржы құюда.
Кадрлық қамтамасыз етуді жақсарту және медицина қызметкерлерінің білік­тілігін арттыру үшін жаңа жылдан бастап, мемлекеттік бағдарлама аясында бірнеше шара қабылданбақ. Мәселен, медици­налық ЖОО-лар мен колледждерге іріктеу үшін қосымша емтихан енгізіледі. Оларды біті­ретін түлектер біліміне міндетті тә­уелсіз бағалау жүргізу заң жүзінде бекі­тіледі. Министрдің айтуынша, жас ма­мандарға әлеуметтік қолдау шараларын көрсету бойынша әкімдіктердің жауапкер­шілігі күшейтіледі.
– Құрметті әкімдер! Ауылдық жерлерге кадрлар тарту, оларды ынталандыру, әлеуметтік қолдау – сіздердің қолда­рыңызда! Айтылған мәселелерді жеке бақылауға алуларыңызды сұраймын, – деді Елжан Біртанов.
Медициналық жабдықтарды жаңарту аясында «Ұлттық медициналық техника базасы» атты ақпараттық жүйе құру, он­кологиялық ауруларға қарсы күрес жө­ніндегі кешенді жоспар аясында бюджет қаражатына және МЖӘ механизмдері бойынша медициналық техниканың 150 бірлігін сатып алу, медициналық техни­каны тиімді пайда­ланудың онлайн мони­торингін енгізу жүзеге асырылмақ.
«100 нақты қадам» Ұлт жоспарына сәйкес арнайы қор құрылды, онда қазір 100,5 млрд теңге жинақталған. 2018 жылғы 1 қаңтардан бері осы қор мемлекет атынан кепілдендірілген тегін медициналық көмек қызметтерінің бі­рыңғай сатып алушысы болып табылады.
Министрліктің сендіруінше, 2020 жылға қарай халықтың 100 пайызында электронды денсаулық паспорттары болады. Бүгінде 10 млн халықтың осын­дай паспорттары бар көрінеді.
Сонымен қатар ведомство салауатты өмір салтын насихаттауға жыл сайын 2,3 млрд теңге шығындамақ. Оның барысында қазақстандықтар арасында қант, тұз, темекі, алкоголь тұтынуды азайту туралы үгіт жүргізіледі.
Министр мен облыс әкімдерінің баян­дамаларын тыңдап болған соң, Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаев денсаулық сақтаудың өзекті мәселелері бойынша бірқатар нақты тапсырмалар берді. Ол Денсаулық сақтау министрлігіне әкім­дердің ұсыныстарын қарастырып, мемле­кеттік бағдарлама аясындағы жұмыстар­ды одан ары жандандыру үшін қосымша тетіктерді пысықтауды жүктеді.
Бұның сыртында, Министрлік дәрі-дәрмектермен, медициналық бұйымдар­мен, кадрлармен қамтамасыз ету мәсе­лелері бойынша жұмыстарды жүйелеуге, сондай-ақ денсаулық сақтау нысанда­рының материалдық-техникалық жай-күйі мен заманауи медициналық жаб­дықтармен жарақталуы проблемаларын шешуге міндетті.
Премьер-министр бюджет қаржысына қарап отырмай, денсаулық сақтау инфра­құрылымын дамыту, медициналық тех­никамен жабдықтау бойынша МЖӘ тетігін қазіргіден анағұрлым белсенді пайдалану қажеттігін атап айтты.
Денсаулық сақтау, Білім және ғылым министрліктеріне облыс әкімдіктерімен бірлесіп, емханалар мен ауруханаларға, әсіресе бір салаға маманданған дәрігер­лерді тарту, олардың біліктілігін арттыру, әлеуметтік қолдау бойынша іс-шаралар қабылдау тапсырылды.
Үкімет отырысында бас энергетик Қанат Бозымбаев қатты тұрмыстық қалдықтарды кәдеге жарату және қайта өңдеу мәселелері туралы баяндады. Елбасы Н.Назарбаев Үкіметке экология­ның ластануын азайту мақсатында қатты тұрмыстық қалдықтарды уақытылы кә­деге жарату шараларын қабылдауды тапсыр­ған. Оны орындау үшін Энергетика ми­нистрлігі әкімдіктермен тізе қоса отырып, «Шағын және орта бизнес субъектілерін кеңінен тарту арқылы тұрмыстық қатты қалдықтарды заманауи кәдеге жарату және қайта өңдеу бойынша шаралар кешенінің» жобасын әзірлепті.
– «Жасыл экономикаға» көшу жөнін­дегі тұжырымдамаға сәйкес, қалдықтарды қайта өңдеу үлесін 2030 жылға қарай – 40 пайызға, 2050 жылға қарай 50 пайызға дейін жеткізу қарастырылған. Жыл сайын елімізде 5-6 миллион тонна тұрмыстық қатты қалдықтар (ТҚҚ) түзіледі. Тек 2018 жылғы сегіз айда ғана ондай қоқыстың көлемі шамамен 3,2 млн тоннаға жетті. Бірақ оның небәрі 330 мың тоннасы немесе 10,5 пайызы қайта өңделді және кәдеге жаратылды. Бұл көрсеткіш 2016 жылы – 2,6 пайызды, ал өткен жылы 9 пайызды құрады, – деді министр.
ТҚҚ-ларды қайта өңдеу үлесін арттыру үшін әр қоқыс түрін, мысалы, пластик, шыны, қағазды және басқаларын бөлек-бөлек жәшіктерде жинау енгізілуде. Сонымен бірге, бұл салаға жеке инвести­циялар тартып, МЖӘ арқылы қалдық­тарды қайта өңдеуден жаңа өнімдер шы­ғару секторын дамыту жұмыстары жүр­гізілуде екен. Заңнама, нормативтік құ­қық­тық база түзілді және жетілдірілуде.
– 2016 жылдан бастап, полигондарда құрамында сынап бар шамдарды және құрылғыларды, металл сынықтарын, пайдаланылған майлар мен сұйықтық­тарды, батареяларды, электронды қалдық­тарды көмуге тыйым салынды. Ал 2019 жылғы 1 қаңтардан бастап, енді пластмас­саны, макулатураны, картон мен қағаз қалдықтарын, шыныны көмуге тыйым салатын талап күшіне енеді. Бұдан кейін 2021 жылғы 1 қаңтардан бастап, Қазақ­станда құрылыс және тамақ қалдықтарын көмуге де толық тыйым салынатын болады, – деді Қ.Бозымбаев.
Энергетика министрлігінің дерегінше, қазіргі кезде елімізде қалдықтарды сұ­рыптайтын және қайта өңдейтін, қоқыстан жалпы саны 20-дан астам өнім түрін жасайтын 130-дан астам кәсіпорын жұмыс істейді. 18 елдімекенде әртүрлі қуатты­лықтағы сұрыптау кешені бар.
Биыл Астана қаласының әкімдігі ТҚҚ-ларды бөлек жинауды, органикалық, яғни азық-түлік қалдықтарын қайта өңдеу мен кәдеге жаратуды ұйымдастыру бойынша пилоттық жобаны жүзеге асыруда. Бірақ бас қаланың орталығының өзінде бөліп жинау қарастырылмаған аудандар жетер­лік. Министр бұл пилоттық жоба сәтті жүзеге асса, елорда тәжірибесі өзге өңір­лерге таратылатынын нықтады.
Ол 2017 жылдан бері, пластик, полиэти­лен, картон, қағаз, шыны, металл секілді қалдықтарды жинауға және қайта өңдеуге мемлекет қаржылай көмек жасап жатқанын жеткізді.
«2018 жылы біздің министрлік «Өнді­рушілердің кеңейтілген міндеттемелерінің операторы» ЖШС-ға 3,2 миллиард теңге беруді мақұлдады. Ол қаражаттың 30-40 пайызы – тиісті инфрақұрылымды да­мытуға, яғни қоқыс контейнерлерін, қайталама шикізатты қабылдау пунктерін, қоқыс тасу машиналарын сатып алуға, қалған 60-70 пайызы қалдықтарды жинау, тасымалдау және қайта өңдеу ісіне бағытталды. Бұл қаржылық мүмкіндікті барлық өңірлер пайдаланып жатқан жоқ. Сондықтан әкімдіктер «ӨКМ Операто­рымен» өзара әрекетті күшейтулері қажет деген Қанат Бозымбаев аймақ басшыларын осы салада бизнеске көмектесуге ша­қырды.
Мәселені талқылауды қорытындылаған Үкімет басшысы Б.Сағынтаев Энергетика министрлігіне әкімдіктермен бірге, тұрмыстық қалдықтарды бөлек жинау, сұрыптау және өңдеу технологияларын қолдану жұмысын күшейтуді, сонымен қатар халыққа түсіндіру жұмыстарын да ұйымдастыруды тапсырды. Ақпарат және коммуникациялар министрлігі осы мәселеде Энергетика министрлігіне көмек көрсетуге міндеттелді.

Айхан ШӘРІП

Бөлісу:

Пікір жазу


*