қазақ үшін құнды қала

1070
0
Бөлісу:

Күні кеше ғана Елбасының Жарлы­ғымен республикалық маңызы бар қала мәртебесін алып, Қазақстанның он жетінші әкімшілік-территориялық аймағы атанған Шымкент қаласы және жаңа атауға ие болған Түркістан облысы мен оның жаңа орталығы – Түркістан қаласы қатар дами­тын болды. Олай дейтініміз, Республикалық мәртебеге ие болған Шымкент қаласының алдында заманауи әдістер мен жетілдірілген стратегияны талап ететін жаңа міндеттер тұр. Шымкент Орталық Азияның мықты экономикалық орталығына, тұрғындары мен қонақтары үшін қолайлы жағдай жасалған үлкен әрі тартымды мегаполиске айналмақ. Ал Түркістан облысының дамуына қатысты айтар болсақ, Президент Н.Назарбаев төрткүл дүние назар аударып отырған Түркістанның дамуына қатысты өте құнды екі Жарлыққа қол қойды. Атап айтқанда, Елбасы Түркістан қаласын түркі әлемінің мәдени-рухани орталығы ретінде дамыту жөніндегі бас жоспардың тұ­жы­рым­дамасын мақұлдау және TURKISTAN арнайы экономикалық айма­ғын құру жөніндегі тарихи Жарлықтарға қол қойды. Осылайша, Елбасының 19 маусымдағы Түркістан облысының құрылуы мен оның орталығы болып Түркістан қаласын бекіту туралы Жарлығына арада 100 күн уақыт өткенде тағы да құнды құжаттарға қол қойып, Түркістанның қайта түлеп, гүлденетін жарқын болашағына үлкен жол салынды. Бұл туралы Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың қыркүйектің 28-29 күндері оңтүстік өңірлерге жасаған сапары барысында белгілі болды.

Мемлекет басшысының оңтүстіктегі жұмыс сапары 28 қыркүйекте Шым­қаладағы «ПКОП» ЖШС-і Шымкенттік мұнай өңдеу зауытынан басталды. Онда жаңарған зауыттың жұмысымен танысты.
Шымкенттік МӨЗ-ді жаңғырту жобасы 2011 жылы Жаңа индустрия­ландыру бағдарламасы аясында бастау алған болатын. Жобаның қуаттылығы жылына 6 млн тонна мұнай өңдеуге жетеді. Инвестиция көлемі – 580 млрд теңге. Шымкент мұнай өңдеу зауытын жаңғырту және қайта құру жобасы екі кезеңде жүзеге асырылды. Бірінші кезең­де компания Кеден одағында қабылдан­ған К4 және К5 экологиялық класының (аналогы Еуро-4 және Еуро-5) бензин және дизель отынының өндірісін құрды. 15 тамызда жоғары сапалы өнім шығара бастады. 28 қыркүйекте RFCC кешені іске қосылды. Ол зауыт айналымын ұл­ғай­тып, К-4 және К-5 класты сапалы бен­зин мен дизель өндіруге мүмкіндік береді.
Мемлекет басшысы Халыққа қызмет көрсету орталығы, Жұмыспен қамту орталығы, Көші-қон қызметі және Аза­маттардың хал актілерін жазу бөлімі (АХАЖ) орналасқан әлеуметтік қызмет көрсету орталығын аралап көрді. Орталық қала тұрғындарымен қатар шетелдік инвесторлар үшін цифрлы форматта мем­лекеттік қызмет көрсетуге бағыт­талған.
Қазақстан Президентіне экономика­ның түрлі секторларын, соның ішінде агроөнеркәсіп кешені, білім, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, денсаулық сақтау, көлік және қауіпсіздік салаларын цифрландыру жобаларының іске асырылуы жөнінде баяндалды.
– Шымкент ірі мегаполиске айна­ла­ды. Мұнда жаңа жобалар іске асырылуда. Шымкенттіктердің еңбекқорлығы – қаланы дамытудың кепілі. Жұмыстың ең маңызды бағыты – шағын және орта бизнес. Оны дамыту үшін тиісті қолдау көрсету қажет, – деді Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев.
Келесі күні Елбасының сапары Түркістан облысында жалғасты.
Президент Н.Назарбаев Түркістан қаласында әуелі Түркістан қаласының даму копцепциясымен танысып, салта­натты түрде жаңа әкімшілік іскерлік орталықтың капсуласын салды. Облыс әкімі Жансейіт Түймебаев Мемлекет бас­шысына қаланың жоспарын баяндады.
Айталық, алдағы уақытта қала аума­ғына қосымша жер телімі қосылатын болады. Онда облыстық әкімшілік, республикалық аумақтық бөлімшелер, көпқабатты тұрғын үйлер, театр, кітап­хана, музей, мектеп, балабақша, стадион, емхана, саябақ сынды өзге де әлеуметтік нысандар мен түрлі құрылымдық орган­дардың ғимараттары орналаспақ.
Жаңа әкімшілік іскерлік орталықтың тұрғын үйге бөлінген жер аумағымен қосқандағы аумағы 670 гектарды құрайды. Ал әкімшілік іскерлік орталықтың жер көлемі 225 гектар болмақ.
Орталық құрылысының бірінші деңгейі 2019-2021 жылдарға жоспар­ланған. Бұл уақыт аралығында жалпы аумақтың 20 гектары игерілетін болады. Құрылыстың алғашқы деңгейінде облыс әкімдігінің ғимараты, облыстық әкім­шілік басқармалардың нысандары, республикалық аумақтық бөлімшелер, Конгресс холл, «Түркістангенплан» орталығының құрылысы толығымен аяқталатын болады.
Одан соң, Нұрсұлтан Назарбаев Қожа Ахмет Яссауи мавзолейіне барды. Ол «Әзірет Сұлтан» тарихи-мәдени қорық-му­зейінің аумағында орналасқан мав­золейді аралап көрді. Елбасыға Түркістан­ның тарихи-мәдени орталығын қайта жаң­ғыртуға байланысты «Әзірет Сұлтан» қорық-музейінің даму жоспары таныс­ты­рылды. Ол жерде жоспарға сәйкес, Күл­төбе қаласы қайта жаңғыртылатын бо­ла­ды. Әбілмәмбет хан мен Тәуке хан­ның ор­­­да­­­лары мен резиденциялары ортаға­сыр­­лық мешітімен бірге және басқа да бір­қа­тар нысан қайта қалпына кел­ті­ріледі.
Елбасы облыс активінде Түркістан қаласын дамыту бойынша кеңес өткізді. «Бүгін еліміздің тарихында бір елеулі уақытта кездесіп отырмыз. Жаңадан Түркістан облысы құрылып, Түркістан қаласы облыс орталығы мәртебесін алды. Түркістанның дамуы, болашағы қалай болады деген сұрақ бойынша әңгіме­лесеміз. Біріншіден, тапсырмам бойынша арнайы үкіметтік комиссия құрылып, жұмыс істеді» деді Президент. Премьер-министрдің бірінші орын­ба­сары Асқар Мамин Бас жоспарға лайық үздік жоба анықталғанын мәлімдеді.
«Түркістан қаласының бас жоспарын әзірлеуге қатысты xалықаралық конкурс ұйымдастырылды. 22 ұсыныстың ішінен үздік жоба таңдалды. Таңдалған жоба сіздің тапсырмаңызда қойылған талап­тарға толығымен сәйкес келеді. Соның ішінде Түркістанның тариxи құнды­лықтарын сақтау, одан ары көркейту, Қожа Аxмет Яссауи кесенесі негізінде мәдени-руxани орталықты сақтау және әкімшілік-іскерлік орталықты құруға ерекше көңіл бөлінді» деді Асқар Мамин.
Мәжілісте облыс әкімі Жансейіт Қансейітұлы облыстың дамуы, әлеу­меттік-экономикалық көрсеткіштері жай­лы айтып берді. Одан кейін әкім облыс орталығын Түркістан қаласына көшіру бағытындағы жұмыстар мен қаланы дамыту жөнінде баяндады.
«Мемлекеттік органдарды жайғастыру үшін Түркістан қаласынан қажетті 25 ғимарат белгіленді. Тұрғын үй мәселесін шұ­ғыл шешу үшін жергілікті бюджет есебінен Түркістан және Кентау қалала­рын­да 1 956 пәтерлі 33 тұрғын үйдің (122 мың шаршы метр) құрылысын бастап кет­тік. Бүгінде Түркістан қаласын дамыту, ту­рис­тік әлеуетін көтеру бағытында ке­шен­ді іс-шаралар қолға алынып, отандық және шетелдік кәсіпкерлермен келіссөз­дер жүргізілді» деді облыс әкімі.
Баяндамаларды тыңдаған Мемлекет басшысы:
«Түркістанды халықаралық деңгейдегі қалаға айналдыру үшін Үкімет пен облыс әкімдігі мына мәселелерге назар аудару­лары тиіс. Біріншіден, өңірдің қаржылық тұрақтылығын арттыру керек. Облыстан Шымкент қаласы бөлініп шыққаннан кейін бюджеті екіге бөлінді. Сондықтан бюджетті толықтыру үшін жаңа кіріс көздерін, бюджетті молайту жолдарын табу қажет. Екіншіден, жұмыспен қамта­ма­сыз ету, кәсіпкерлікті дамыту мәселесі назарда болғаны жөн. Жұртшылыққа жаппай кәсіпкерлікпен айналысуды үйреткен жөн. Түркістандағы құрылыс алаңдары мен жұмыс орындарында өзіміздің жастар жұмыспен қамтылуы тиіс» деп Нұрсұлтан Әбішұлы басқа да салаға мән берілуі керектігін де айтты.
Актив мәжілісінде бірқатар азаматтар да өздерінің пікірін айтып, мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдауларға риза екендігін жеткізді.
Кесененің аумағында орналасқан «Этноауыл» алаңында ұйымдастырылған «Түркістанға оралу» салтанатты іс-шарасының құрметті қонағы болған Президент өңір жұртшылығын Түркістан облысының құрылуымен құттықтады.
Сондай-ақ Президент Түркістанның түркі халықтары үшін де аса маңызды қала екендігіне тоқталып, қабылданған Жарлыққа сәйкес қала жаңа биіктерді бағындыратынына сенім білдірді.

Тельман БЕЙСЕН,
Түркістан облысы

Бөлісу:

Пікір жазу


*