СЫНИ ОЙЛАҒАН «СЫНБАЙДЫ»

574
0
Бөлісу:

Жалпы білім беретін мектептердің алдына қойған мол мақсат бар. Солардың бірі – оқу мен тәрбие жұмысын дамыту, еліміздің әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсарту үшін оқушыларға нақты білім беру.

Қазіргі заман ағымына байланысты оқушылардың білімге қызығуын арттыру үшін мұғалімдерге жаңа талаптар қойылып отыр. Сол себепті, оқытудың әртүрлі технологиялары жасалып, мектеп тәжірибесіне енгізіліп жатыр. А.Саранов «Инновациялық білім беру жүйесін дамытудың теориялық негіз­дері» атты еңбегінде «Иннова­циялық процесс – жаңаны құру, тарату және қолдануға бағытталған процесс, оның құрылымы жаңаны пайдалану идеяла­рынан туындайды» деп атап көрсеткен.
Бүгінде өркениетті елдердің жоғары технологиясын меңгеру дүниежүзілік білім кеңістігіне шығу – бүгінгі мектеп­тің басты мақсаты деп түсінемін. Көр­некті неміс педагогі Адольф Дистер­вергтің «Жаман мұғалім шындықты (білімді) өз деңгейінде жеткізеді, ха­барлайды. Ал жақсы ұстаз шәкірттерін шындыққа жетуге баулиды» деуі – бүгінгі оқыту технологиясының басты талаптарының бірі. Осындай талаптарды қамтамасыз ете алатын жаңашыл жоба­ның бірегейі – Қазақстанда 1997 жылдан бастап етек жая бастаған «Сыни ойлауды оқу мен жазу арқылы дамыту» RWCT жо­басы. Яғни, жеке, жұпта, топта бірле­сіп жұмыс істей білу, оқуда білімді өз бетінше іздеу, теория мен практиканы біріктіру, бір-біріне құрметпен қарау, мәдениетті қарым-қатынаста болу, өз пікірін жақтай, дәлелдей білу, ізденіс, еркін таңдау, жеке пікір, топпен талқы­лау, қажет жағдайда көзқарасын өзгерту, шындыққа жетуге бағытталған. Сын тұр­ғ­ы­­сынан ойлау – ең алдымен шығар­ма­шылық ойлау. Соның нәтижесінде, жа­ңалық ашылады, тұлғаның дамуы же­делдейді.
«Оқушылар белсенділігін қандай тәсілдер арқылы арттыруға болады?» деген сұраққа «Сыни ойлауды дамыту» жобасы авторларының бірі Ч.Темпл бірнеше әдісті ұсынған. Нақтылап айтар болсақ, күтілетін нәтижелерді нақты ай­қындау, жазба жұмыстарын жиі орын­дау, оқушылардың ой-өрісін белсен­ділендіретін сұрақтар қою, бірлесе оқу тәсілдерін қолдану, оқыту пәндерінің әлеммен, күнделікті өмірмен байланы­сын орнықтыру керек.
«Сыни ойлау» жобасы әр шәкірттің түсінігінің қалыптасуына мүдделі, осы­лай олар теңдесі жоқ өз ерекшелігін ай­қын­дап, соған иланады. Оқушы басты тұл­ғаға айналады, «оқушы – оқу әрекеті – мұға­лім» жүйесі қалыптасса да, мұға­лім рөлі жоғарылап, енді ол білімді беруші ғана емес, танымдық іс-әре­кеттерді әр ба­­лаға лайықтап ұйымдасты­рушы, ба­ланың қабілет көзін ашушы тұлғаға ай­налады.
Қорыта айтқанда, көзқарасы қалып­тасқан шәкірттің өз пікірін айта алатын, өз пікірін дәлелдей алатын, ұлтын сүйе­тін, ертеңгі өмірдің ағымына да төтеп бере алатын азамат болатынына кәміл сенеміз.

Айман ҚАМЗАЕВА,
№81 мектеп-гимназиясының
тарих пәнінің мұғалімі

Бөлісу:

Пікір жазу


*