Жаңғыруды жаңғыртқан азамат

804
0
Бөлісу:

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Шығыстану факультетінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру»  жобасы аясында Қазақстан Жазушылар одағының және  Халықаралық Жазушылар одағының  мүшесі, сатираның сардары Ермахан Шайхыұлы Әбдіраманмен  кездесу өтті.

­­­­­­­­­­­­­­­­­­­­­­­­­­­­­­­­­­­­­­­­­­­­­­Кездесуді факультет деканы, PhD доктор Ықтияр Палтөре ашып, Ермахан Шайхыұлының «Жатыпатар» әзіл-сықақ мүйісімен танымал екендігі, сатира күштілер қаруы екендігін ерекше атап көрсетті.

«Ұлттық университет түлегі Ермахан Шайхыұлы әдемі юморлық шығармаларымен де танымал. «Мағынасы майысқан мақалдар», «Жедел жәрдем», «Сандалған сауал» кітаптарының аталуының өзінде дыбыстық үндестік бар» деді факультет басшысы.

Кездесуде сөз алған Ермахан Шайхыұлы: «Ұлттық университетке келген сайын жүрегімді қуаныш кернейді. Өйткені осы университеттің түлегімін, біраз жыл журналистика факультетінде дәріс бердім, ұстаздық қызмет атқардым. Өзім дәріс алған ұстаздарымның тәлім-тәрбиесін алдымдағы студенттерге жеткізуге тырыстым. Оқып жүрген жылдары  оқудан қол үзбей «Қазақ университеті» баспасында редактор болып жұмыс істедім. Одан кейін елде «Түркістан» қаласы әкімшілігінің ішкі саясат бөлімінде бас маман, алғаш ашылған «Түркістан тынысы» телеарнасының директоры болып қызмет еттім. Негізі,  мамандық бойынша көптеген сынақтардан өттім, тәжірибе жинақтадым. Бір  жылдары «Тұран» телеарнасында редактор-режиссер, қалалық мәдениет бөлімінде режиссер-сценарист болдым.

«Айқын» газетіне  келуім 2004 жылдары болатын. Елге танымал  «Айқын» газеті бас редактордың орынбасарлық қызметіне келгенше талай «тар жол, тайғақ кештім». Қадамымды тілшіліктен бастадым. «Айқын» республикалық газет  болып, жаңадан ашылған болатын. Бас директорымыз Ерлан Қалижанұлы Бекхожин болатын. Бұл кісі шынын айту керек, газет үшін де, газет қызметкерлері үшін де игі жұмыстар істеді.  Басқа газеттердей апталық болмады, күнде шығатын. Келетін материал көп. Уақытпен санаспай, қонып жатып та газет шығардық. Сондықтан бір нәрсеге қол жеткізем десеңіздер, ешуақытта ерінбеңіздер, жалқаулыққа салынбаңыздар. Бәрі де  тынымсыз еңбектің арқасында келеді.

Мені көпшілік  «Айқын» газетінде жұмыс істегенімді біледі. Аралықта мен «Дала мен қала» газеті бас редакторының орынбасары, «50 де 50» және «Бикеш» газетінің, сондай-ақ «Ой-қазына» журналының бас редакторы  болып қызмет істеген кездерім де болды.

Осы журналистік қызметіммен қоса, қаламымды ұштай жүрдім, юмор-сатирамды тастамадым. Бел шешпей қоғамдағы түрлі құбылыстар туралы  сатира, юмор жанрында біраз кітаптарым жарық көрді. Оның бірнешеуін сіздерге сыйға тарту үшін  алып келдім: «Ауыз тие отырыңыз», «Бір түрлі кітап», «Қазіргі қазақ сатирасы», «Мынауың жынды екен», «Жатыпатар», «Аққудың сыңары», «Шылдыр шүмек», «Ағынан жарылсақ…», «Әріп әлемі», «Қоңыр қажының күнделігі». Осы еңбектерім үшін «Бейбітшілік әлемі» алтын медалінің, Президенттің алғыс хаты және Садықбек Адамбеков атындағы сыйлықтың, Балғабек Қыдырбекұлы атындағы сыйлықтың 2 мәрте,сондай-ақ Алтын қалам сыйлығының иегері болғанымды мақтан тұтамын.

Сөз соңында айтарым, өзім дәріс алған ұстаздарымның тәлім-тәрбиесін абыроймен жалғастырып келемін деп ойлаймын. Сіздерге айтар кеңесім: ұстаздарыңызды ұмытпаңыздар, берген білімін өмірде іске асырыңыздар демекпін.

Жиналғандар  Ермахан Шайхыұлының әңгімесіне тәнті болып, көптеген сұрақтар қойды, ол жеңіл юмормен, қызықты жауаптарымен жиналғандарды  күлдіріп, қол соқтырып  отырды.

Кездесу соңында факультет деканы Ықтияр Палтөре Ермахан Шайхыұлына факультет атынан  «Алғыс хат» табыс етті. Жиналған қауым бүгінгі жастар үлгі тұтар жазушы, журналист Ермахан Шайхымен естелік суретке түсті.

Гүлжамал Қортабаева,

әл-Фараби атындағы ҚазҰУ

Шығыстану факультетінің оқытушысы.

Бөлісу:

Пікір жазу


*