«Томирис» қалай түсірілді?

1163
0
Бөлісу:

Түсірілім алаңынан шағын репортаж

Бірнеше күн бұрын «Қазақфильм» киностудиясы журналистерді «Томирис» көркем фильмінің түсірілім алаңына шақырып, тарихи картинаның егжей-тегжейімен таныстырғысы келетінін айтты. Әрине, мұндай шақырудан қалай бас тартуға болады? Құстай ұшып, әл-Фараби даңғылының бойындағы киностудияға жеттік. Межелі уақыт – сағат 12:00-де шақырылған тілші қауымның қарасы түгенделіп, киностудия аумағында орналасқан түсірілім алаңына қарай бет алдық.

Алаңға кіреберістегі көрі­ністер біздің назарымызды бірден аударды. Әрине, ауылда мал атаулының түр-түсіне, қы­лық-әрекетіне қанық болып өстік. Бірақ біраздан бері көр­меген соң, пошымы бөлек түйе мен ауыздығымен алысқан жылқылар қанымызды бір уақ қыздырып жібергендей де болды. Түсірілімге әзір араласпайтын үй жануарларын иіріп қойып, иесі көлеңкеде саялап жатыр екен. Құдды киноға түсуге емес, жанға жайлы жайылым тапқандай айналасына маужырай қарайды жануар. Жә, қанды қыздыратын дүние әлі алда екен.
Айналаға қарап аң-таң болып келе жатып, ежелгі Вавилон дәуіріне тап болғанымызды байқамай қалыппыз. Иә, ежелгі Вавилон. Вавилон болғанда да біздің дәуірімізге дейінгі 539 жыл. Айналамыздың бәрі ва­вилондықтар. Бала-шағасын ерткен әйелдер, басына сәлде орап, үстіне қабат-қабат киім киген ерлер қауымы шұбырып жүр. Біреулер арбасының дөң­гелектерін жөндеп жатса, енді бірі ауыр-ауыр жүктерді сарай ішіне қарай тасып жатыр. Сірә, құлдар болса керек. Алдымыздан әне-міне Кир патша шыға келіп, ойран салардай әсерде келеміз. Үлкен қорғанның алғашқы бөлігінен өтіп, келесі алаңқайға беттедік. Мұнда пальмалар жай­қалып өсіп, қорған қабырға­ларына түрлі ою-өрнектер жапсырылыпты. Кенет үлкен қорғанның абажадай қақпасы айқара ашылып, арғы жағынан бір топ атты әскер бергі тарапқа қарай лап қойды.
Біз барған кезде «Томирис» фильмінің 89-күні тү­сіріліп жатыр екен. Дәл осы күні Томи­ристің күйеуі Аргун мен ұлы Спаргапистің Вавилонға са­пары сахналанды. Оларды әйгілі Кир патша қарсы алмақшы.
– Кир рөлін Гасан Масуд есімді актер ойнайды. Ол ки­носүйер қауымға Ридли Скоттың «Царство небесное» киносы арқылы жақсы таныс. «Қазақ­фильм» киностудиясы аумағында арнайы Кирдің сарайын тұр­ғыздық. Сондай-ақ ол Қап­ша­ғайдағы түсірілімге де қа­тысты. Аргуннің рөлін Әділ Ахметов ойнаса, Спаргаписті Асылхан Төлепов ойнап шықты, – дейді режиссер Ақан Сатаев.

Режиссердің айтуынша, түсірілімдердің барлығы дерлік Қазақстанда жүргізілген. 90 күн таспаланған тарихи картина келесі жылдың наурыз айында көрермен назарына ұсынылмақшы.
– Бізде бәрі жоспар бойынша жүрді. Түсірілімді аяқтап енді монтаж жұмыстарына кірісеміз. Бір туындымды біреуінен бөліп қарағым келмейді. Барлығына бірдей көңіл бөліп, жақсы шығуына атсалысамын. Ал «Томирис» тарихи туынды болғандықтан бұл картинаның алар орны ерекше. Себебі, біз барынша тарихи дәлдікке сүйеніп, қателеспеуге тырыстық. Оның сыртында фильмнің көркемдігін де ұмытпау керек. Біз бәрін үйлестіре алдық деп ойлаймын.
Негізгі локациялар – «Қазақфильм» павильондары, Қапшағай, Бурабай және Шонжы аймағы болды. Барлық түсірілім Қазақстанда өткізілді. Бастапқыда дәл осы сахнаны (ежелгі Вавилон дәуірін) Марокко елінде түсірсек пе деп ойлағанбыз. Бірақ кейін ойлана келе Алматыда түсіре беруді жөн деп таптық. Себебі, біздің кеңесшілер, сурет­шілер, мамандар ол елге барып, түсіруге ыңғайлы орын таппады. Алматыда түсіру бір жағынан арзан әрі отандық киноиндустрия үшін де пайдалы, – деді режиссер.
Аумағы ат шаптырым түсірілім алаңының қай бұрышында да адам толып жүр. Оның бірқатары шы­ғармашылық топ өкілдері шығар, ал негізгі қараң-құраң адамдар – өз кезегін күтіп жүрген актерлер. Дәлірек айтқанда, массовкаға келушілер. Жалпы саны осы күнгі түсірілімге 150-ден астам адам қатысады екен. Дегенмен мон­таждау барысында оның бәрін компьютерлік графика көмегімен көбейтеміз дейді мамандар.
Жалпы, қазір компьютерлік графиканың араласпайтын жері қалмады. Әлемдік киноиндус­трияға бұл тәсіл сұғына еніп, жаулап алған. Жаһандық кино тарихында ең кассалық туынды атанған «Аватар» тек студия ішінде түсірілмеп пе еді? Өн бойы тұнып тұрған графика. Тірі тау мен тірі жерді емге таппайсыз. Режиссер Энг Лиге Нобель әперген «Пидің өмірі» киносы да солай. Онда жолбарыс картинаның 90 пайызында көрініс табады. Ал шын мәнінде түсірілім кезінің небәрі 3-4 пайызында ғана тірі жолбарыс ойнатылыпты. Қалған уақыттың бәрінде кәсіби монта­жерлер тісін ақсита айбат шеккен жыртқыш жануарды қолдан жасап шыққан. Бірақ бұл шаруаның да тігісін жатқызғаны сонша, кино көріп отырып жалған жолбарыс екенін тіпті де байқамайсыз. «Томиристе» де мұндай заманауи әдістер кеңінен қолданылмақ. Әсілінде, тарихи киноларда графиканың көмекке келуі заңдылық та ғой бір жағынан. «Ұрыс алаңдарының барлығын тірідей түсірдік. Ат үстіндегі айқасулар, қан қызыл шайқас барлығын актерлеріміз бен кас­кадерлеріміз орындап шықты» дейді Сатаев. Дегенмен монтаж кезінде әскерлердің саны артып шыға келмек. Кинода 50 мың құрыш әскеріне 25 мың біздің әскер қарсы тұрып, жан алып, жан беріскен соғыс көрінісі көрсе­тілмек. Каскадер демекші, кино­ның мейлінше сәтті шығуы үшін 300-ге жуық каскадер тартылған.
Тарихи киноның барынша сәтті шығуы үшін тарихшылар кеңесшілікке алынады. Ежелгі Вавилонның бет-бейнесін қанық етіп, көрерменді сендіре білу үшін көне шаһардың эскизі алдымен қағаз бетіне сызылған. Кейін ол нұсқа бірауыздан мақұлданғаннан кейін барып, іс өндіріске жіберілген. Ал киноның тарихи тұрғыдан дәйекті болуына, ежелгі адамдар киген киім мен ішкен астың қандай екенін анықтауға тарихшы Алмас Ордабаев атсалысыпты.
– Қазақстандық кинема­тография тарихындағы мұндай көне ғасырдан сыр шертетін тарихи туынды түсіріле қойған жоқ. Сондықтан барлық нәрсеге мұқият қарауға тура келді. Тіпті әлемдік кино тарихында да мұндай тарихи дүниелер тым санаулы. Өте аз. Барының өзі фантастикалық бағытта түсірілген, – дейді Алмас Баймұханұлы.
Түсірілім алаңында Ақан Сатаев арнайы тігілген шатырда отырады. Қырағы көзді маман плейбектен бәрін жіті қадағалап, картинаның тұла бойына қан жүгіртудің қамымен арпалысады. Сұхбатымыздың бірқатарын алған соң, тағы да айналаға көз салдық. Шаштары қобырап өсіп, сақал-мұрты аузына түскен адамдар ажырая қарайды. Ыстық күннің астында қалың етігін май топы­раққа борп-борп басып аяңдап барады. Әлгі Вавилон тұрғыны бір уақытта қалтасынан смартфонын алып, әлдекімге дыбыстық ха­барлама жолдап жатты. Сонда барып Вавилон емес, Алматыда жүргенім есіме түсті. Ойлансам, бұдан да маңызды еске түсіретін нәрсе бар екен. Ол – Томиристі іздеу. Иә, Альмира Тұрсын деген аруды. 15 мың үміткерді басып озып, басты рөлге бекітілген актриса шеткерірек бұрышта тұр екен. Ілтипатпен өзімізді таныс­тырып, көңілге түйген сауалдарды қарша бораттық.
– Кейіпкерім туралы оқып, зерттеп, түсіну үшін менде көп уақыт болды. Бірақ шынайы іске кіріскен кезде қиындықтар болды. Алайда өз кейіпкеріңнің өмір салтын, образын толық түсінген кезде ойда тұрған қиындықтарың ұмыт болады екен. Ат үстінде жүру, шабу, қылыштасу, төбелесудің маған қиынға соққаны рас. Мәселен, жаттығулардың кезінде аяғымды сындырып алдым. Оның жазылуы үшін көп уақыт кетті. Сосын қайтадан жүруді үйрендім. Сосын барып атқа қонып, түсі­рілім алаңына келдім. Түсірілім кезінде көне түрік тілінде сөйлесеміз. Оған тіл сындыруым да қиын болды. Өмірі естімеген сөздерімді есімде сақтап, оны сөйлем қылып жеткізу оңай емес екен. Бірақ ынтамның арқасында қиындықтың бәрін жеңдім, – дейді актриса.
Бір ғана Томиристің образы үшін 20-дан астам костюм тігіліп, дайындалған. Ал жалпы кино барысында суретшілер 1000-нан астам костюм мен 10 000-ға жуық қару түрлерін жасап шығыпты.
Түсірілім алаңында Әділ Ахметов пен Асылхан Төлепов, Азамат Сатыбалды мен Берік Айтжанов та жүр деген. Бірақ аталған азаматтарды әрі қарап, бері қарап кезіктіре алмадық. Дегеніміз өтірік екен, Сартай рөлі арқылы танылған, кейінгі мансап жолын депутаттықпен жалғаған Асылханды ат үстінен көзіміз шалды. Бірақ бұл уақытта негізгі түсірілім басталып кеткендіктен, мазалаудың еш реті келген жоқ.
Ал Альмираға бір ғана сұрақ­пен шектелмедік дедік қой. Жарайды, «киноға түстіңіз, көп өтпей көпшілікке таныласыз, әркім армандайтын саланың бел ортасында жүрсіз. Осы карти­надан ең басты түйгеніңіз не?» дедік. Бас кейіпкердің жауабы да толымды болды.
– Картинадан түйген басты нәрсем – Томиристің мінезі, – деді ол, – Оның мінезі – өте қатты, жан дүниесі намыспен қайралған жан. Дәл сол мінезді түсірілім алаңында көрсеткен кезде біраз терлеуге тура келеді. Қаншама ай бойы Томирис мінезімен өмір сүремін деп, даңқты патшайымның табиғаты бойымда да із қалдырған сияқты. Бұл – менің басты жеңі­сім. Ал кинода Томирис рөлінің шынайы шығуына режиссер көп еңбек сіңірді. Түсірілім алаңын­дағы актерлердің де тигізген көмегі орасан, – деп ағынан жарылды Альмира.
Актрисаның негізгі қызметі – психолог-тренер екен. «Пси­холог-тренер болу мұқият­тылықты, уақытты талап етеді. Ол жерде адамдармен араласып, олардың ішкі әлеміне үңіле білу керек. Түсірілім біткен соң өз ісіме қайта оралатын шығармын. Дегенмен бұл өнер маған расымен ұнап қалды. Алдымен осы картина шықсын. Содан кейін өзімнің ынта-жігерім мен басқа да ұсыныстарға қарап, шешім қабылдаймын» деді ол.
Біз алаңқайдан шыққалы жатқанда түсірілім қызып жатты. Объективі апандай бейнекаме­ралар үш-төрт жерге берік ор­натылыпты. Ортада рация ұстаған режиссер көмекшісі бәрінің апшысын қуырып, тезге салып, киноның қатал заңдылы­ғын паш етіп жатты. Онсыз бола ма? Онсыз тәуір кино шыға ма? Тәртіп бар жерде жетістік те бар. Кетерде Сатаев «Фильмнің қалай шығатынын экран көрсетер. Дегенмен тарихи, күрделі туын­ды жасап жатқан сияқтымыз» деп жылы жымиған. Осы екі ауыз сөйлемнен-ақ «Томиристің» жақсы мағынасында қандай дүрбелең тудырарын сезетін секілдіміз.

Абай АЙМАҒАМБЕТ

 

Бөлісу:

Пікір жазу


*