ТУРИЗМГЕ КЕЛГЕНДЕ ТОҚМЕЙІЛСЕЙТІН ШАМА ЖОҚ

890
0
Бөлісу:

Бүгінде туризм дүниежүзілік ішкі өнімнің 10 пайызын құрап, өте маңызды рөлге ие болып отыр. Ал біздегі меже қандай?
Туризм – біздің көздің жауын алатын биік-биік ғимараттарымыз, әсем қалаларымыз емес, туризм – қазақтың кім екенін көзбен көрсететін көрікті мекеніміз. Бір ғана Алатаудың баурайында мұндай жерлеріміз өте көп. Мәселе сол жерлердің жанданып, нағыз туристік орталыққа айнала алмай тұрғандығында болып тұр. Егер бізде туризм өз деңгейінде дамыса, өзге елден келушілерді айтпағанның өзінде, өзіміздің отандастарымыз Дубайға емес, Бурабайға, Түркияға емес, Түргенге тартар еді ғой…

ЖАҢА БАҒДАРЛАМАНЫҢ МАҚСАТЫ ҚАНДАЙ? 

Орталық коммуникациялар қызме­тінде өткен баспасөз кон­ференциясын­да еліміздегі ту­ризмді дамытудың жай-күйі кеңі­нен талқыланды. Ел эконо­ми­ка­­сының бірден бір тармағы саналатын – туризм саласы да мемлекет тарапынан қолдауды қажет етеді. Мәдениет және спорт вице-министрі Ерлан Қожаға­панов еліміздегі туризм индустриясын дамытудың 2019-2023 жылдарға арнал­ған мемле­кеттік бағдарламасының жоба­­сымен бөлісті. Сала маманда­рының айтуынша, жаңа бағдар­ламаны табысты іске асыру үшін бұрынғы құ­жат­тарда жі­берілген қателіктерді ескеру және қаржыландыруды қамта­масыз ету қажет. Сондай-ақ ішкі туризмде саяхат құнын арзандату, өңірлердегі туристік орындардың дамуын да назарға алады. Ал сырттан кіретін туризм тармағында брендтеу мә­селесіне, қазақстандық турис­тік өнімдердің жарнама­сына, цифрландыруға назар аударады.
«Барлық аталған шаралар саланы табысты етіп, қосымша 1000 жұмыс ор­нын ашуға, ел экономикасында туризм­нің рөлі мен орнын нығайтуға сеп­тігін тигізетін болады», – деген Ерлан Қо­жағапановтың сөзіне сенгіміз-ақ келеді. Жұмыссыз­дығы өз алдына елімізде «бір оқпен екі қоянды атуға» әбден болады. Туризм саласының бә­секеге қабілет­тілігін арттырып, оның үлесін 2023 жылға қарай 8 пайызға дейін жеткізуді мақсат ететін бағдарламаның бастал­ғаны көңілге сеп. Біз бүгінде нарықтағы үлесті жоғалтып, сол арқылы кірісті жоғалтып жат­қанымызды ескерсек, Елбасы пәрменімен қолға алынған бұл бағдарламадан күтеріміз де көп.

ІШКІ ТУРИЗМ ҚАШАН ІЛГЕРІЛЕЙДІ?

Мемлекеттік бағдарламаның басты ядросы – туристендіру картасы екен. Картаға 60 турис­тік нысан кіреді, олардың басым бөлігі Қазақстанның аймақ­тарында, сондай-ақ сауалнама нәтижелері бойынша елдегі туристердің үлкен ағынын қам­та­масыз ететін ТОП-10 орын­дары бар. Олар бүгінде 3,2 млн келушілерді қабылдаса, жалпы 13 млн келушілерді қабылдауға мүмкіндігі бар. Ал ол алдағы 5 жылда 5 млрд инвести­цияны қажет етеді. Оның 30 пайызы ғана бюджеттен бөлінеді екен. Қалған инвестициялар жергі­лікті бизнестен болмақ. Әрине, жобаларды іске асыруда қажетті инфрақұрылым қажет. Мысалы, бір ғана Алакөлге апаратын жолдың сапасыздығы мен бұл аймақтағы инфра­құрылымның тапшылығына қарамастан 2017 жылы 1 миллионға жуық адам барған. Өкінішке қарай, осын­дай қызмет көрсету стандартта­рына сәйкес келмей отырған он­дықтың қатарында СҚО Шал­қар-Имантау көлдері, Баянауыл, Балқаш, Шортанды-Бурабай курорттық аймақтары бар.

ОТАНДЫҚ ТУРИЗМ ДЕСЕ, ОЙЫМЫЗҒА НЕ ОРАЛАДЫ? 

Бізде өзі отандық туризм да­мыған ба? Осы жерде мықтап ойлануымыз керек. Туристерді сол елдің тарихы, тұрмыс-тір­ші­лігі, салт-санасы, дәстүрі қызықтырады. Олар өздерінде жоқты өзгеден көргісі келеді. Біз осыған дайын­быз ба? Қолда бар құндылық­тарымызды наси­хаттай алып отырмыз ба? Жоқ! Азияны айтып, аңсамай-ақ, іргеміздегі Өзбекстан, Қырғыз­стан, Моңғолияны алайықшы. Оларға біздегідей емес, әлемнің түкпір-түкпірінен туристер ағылып жатады. Мамандар күні бүгінге дейін осы этнотуризмді, жайлау ту­риз­мін дамытуды айтып келеді. Бірақ оны қолға алған нақты бастама әлі күнге дейін қарасын көрсеткен жоқ. Осын­дайда ұлттық ойындары­мыздан, киіз үй, саят­шылық және басқа да көшпенді дәуір­дегі ұлттық ерекшелігімізден өзіміз қашып отырғандай күй кешетініміз бар. Әйтпесе, «көшпенділер өркениетін» ием­деніп, дәл осы саладағы үлкен жетістіктеріне айналдырып отырған моңғолдарға жете ал­май отырмыз емес пе? «Дүние­жүзілік тәжірибеге сүйенсек, бізге ұлттық парктерді дамыту керек. Тарихымыздан, мәде­ние­ті­мізден хабар беретін көшпенділер дәуірінің паркін жасау қажет. Біз сонда ғана туризмнің дамуына үлес қоса аламыз. Біз өзгеге тек қана ұлттық ерекшелігімізбен ғана тар­тымды бола аламыз» дейді әлеумет­танушы Ерлан Қуант­қанұлы.


P.S:

АҚШ-тың өзінде халықтың 85 пайызы ішкі туризммен айналысады екен. Демек, инфрақұрылымдар жақсармайынша, шетелден туристер келмейді деген сөз. Жалпы, бізде дәл осы туризмге қатысты талай бағдарлама басталып, осындай жетістікке жетеміз деген жобалар болмады емес, болды. Ендігі тілек – осы жолғы бағдарламаның да соңы солай сұйылып кетпесе дейсің...


Гүлжан РАХМАН

Бөлісу:

Пікір жазу


*