КӨРЕРМЕННІҢ КӨҢІЛІНЕН ШЫҚҚАН КЕЗДЕСУ

1116
0
Бөлісу:

2018 жылғы 25 қыркүйек күні әл-Фараби атындағы ҚазҰУ «Керемет» СҚКО кинозалында Кинокездесу жобасы бастау алды.

Бұл кездесудің өтуіне әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Журналистика факультеті мен ҚазҰУ Телерадиокешені ұйытқы болды. Ал «Керемет» cтуденттерге қызмет көрсету орталығы мен «Сұңқар» студенттер мен магистранттар кәсіподағы басты серіктес ретінде қолдау көрсетті.

Рухани берері мол шараның маңызына қысқаша тоқтала кетсек, киноөндірісі әлемде гуманистік идеологияны таратушы ең тиімді құрал және оның жастарды тәрбиелеу үдерісінде маңызы зор. Сондықтан «Рухани жаңғыру» мемлекеттік бағдарламасы аясында көрерменге айтар ойы бар, тәрбиелік мәні жоғары, жаңа фильмдерді жастар арасында насихаттау көзделіп отыр. Осы мақсатта әрі жастардың бос уақытын тиімді өткізуі үшін тоқсан сайын Кинокездесу жобасы өткізілмекші.

Алғашқы жобаға Qazaqstan ұлттық телеарнасының тапсырысы бойынша түсірілген «Жаным менің» көп бөлімді телехикаясы таңдалғаны бекер емес. Себебі, бұл фильм біздің университетіміздің студенттері жайлы, бір сөзбен айтқанда махаббатқа толы жастық шақ туралы. Бұл телехикаяға 1985-1992 жылдары қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің Журналистика факультетінде оқыған жастардың шынайы өмірі негіз болған. Фильмде кейіпкерлердің 1985 жылдары ҚазҰУ қалашығындағы түрлі оқиғаға толы Алматыдағы студенттік кездері мен қазіргі кездегі Астанадағы шым-шытырық оқиғалары кезектесіп беріліп отырады.

Аз уақыттың ішінде танымал болған «Жаным менің» телехикаясының түсіру тобы мен актерлар құрамымен кездесуге келген көрермендер залға лық толы болды. Кештің басты қонақтары ретінде: Qazaqstan ҰТА Аутсорсингтік компаниялармен жұмыс істеу бөлімінің басшысы Сәуле Жәнібекқызы, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Журналистика факультетінің деканы, филология ғылымдарының кандидаты, доцент Сағатбек Медеубекұлы, фильмнің идея авторы әрі бас продюссері Арман Сқабылұлы, сценарий авторларының бірі Жәмит Көшербаев, басты рөлдерді сомдаған Гүлназ Ауданбаева мен Қуаныш Бейсеғалиев және өзге де актерлар құрамы қатысты. Айтпақшы фильмнің композиторы әрі әуендерін өңдеген Оразалы Мақсұтов пен саунтректегі әндерді орындаған Жандос Абдраимов пен Алуа Қосанова да келіп қатысып, көрермендермен қауышты.

Кинокездесу аты айтып тұрғандай алдымен экраннан осы фильмнің саунтректері Ж.Абдраимов пен А. Қосанованың орындауында берілді. Сосын телехикаяның алғашқы бөлімі көрсетіліп, ол аяқталған соң, сұрақ-жауап кезеңі басталды. 40 минуттан астам әр сериясының өзі жеке фильмге тұрарлық мәнге ие. Залға жиналған жастар өздерін фильм барысында толғандырған сауалдарына жауап алды.

Негізгі сауалдар легі «Жаным менің» жобасының идея авторы Арман Сқабылұлына қойылды. Фильмдегі басты кейіпкерлер Жаным мен Арманның бір-біріне деген адал махаббаты, қос ғашықтың мұңға толы тағдыры ешкімді бей-жай қалдырмады. Сөз арасында Арман аға телехикаядағы басты рөл прототиптері әлі де өмір сүріп жатқанын айтып, көрермендерді ынтықтырып қойды. Көрермендер осыдан соң-ақ, Арман ағаға сұрақтарды қарша боратты.

Басты рөлдерді сомдаған актриса Гүлназ Ауданбаева (Жанымның қазіргі кезі) мен актер Қуаныш Бейсеғалиев (Арманның жас кезі) өздерінің бұл жобаға қалай келгендерін айтса, сценарист Жәмит Көшербаев түсірілім барысында болған қызықты жайттарды әңгімелеп берді. Фильмнің бірден танымал болуына себеп болған әнші Табылды Досымовтың әндері. Ол жайында композитор әрі фильмдегі әуендерді өңдеген Оразалы Мақсұтов және саунтректегі әндерді орындаған Жандос Абдраимов пен Алуа Қосанова әсерлене әңгімеледі.  Qazaqstan ҰТА Аутсорсингтік компаниялармен жұмыс істеу бөлімінің басшысы Сәуле Жәнібекқызы ұлттық арнада көрсетіліп жатқан сапалы, тәрбиелік мәні мол өзге де телетуындыларды атап өтті. Ең бастысы, алдағы уақытта бұл телехикаяның жалғасы болуы мүмкін деп, көрермендердің қошеметіне бөленді.

Кездесу соңына қарай көрермендердің сұрауына орай жас әнші Алуа Қосанова табиғи дауыста ән орындаса, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Телерадиокешенінің директоры, кеш жүргізушісі Дәурен Мақсұтханұлы мен «Сұңқар» студенттер мен магистранттар кәсіподағының төрайымы Шұғыла Бүрлібайқызы мәртебелі меймандарға ұйымдастырушылар атынан арнайы Алғысхаттар мен шағын сый-сыяпаттар жасады. Қонақтармен қимай қоштасқан көрермендер осындай шаралар алдағы уақытта да өз жалғасын тапса деген ниетпен қимай қоштасты.

P.S. КиноКездесудің толық нұсқасын алдағы уақытта #AlfarabiTV интернет арнасынан көріп, #AlfarabiFM  интернет радиосынан тыңдауға болады.

 

Дәурен МҰХАМЕДЖАНОВ,

әл-Фараби атындағы ҚазҰУ

Телерадиокешенінің директоры,

Журналистика факультеті

Баспагерлік-редакторлық және дизайнерлік өнер

кафедрасының аға оқытушысы

Бөлісу:

Пікір жазу


*