Головкин промоутерімен кездесіп болашағына қатысты шешім қабылдады

1308
0
Бөлісу:

Орта салмақтағы бұрынғы әлем чемпионы қазақстандық Геннадий Головкин (38-1-1, 34 КО) өзінің промоутері Том Леффлермен кездесіп болашақ жоспарларын талқылады. Бұл туралы BoxingScene.com. хабарлайды.

Леффлердің айтуынша, Головкин біршама уақыт демалыс алуға шешім қабылдаған. Қазақстандық боксшы шаршы алаңға келер жылы оралады.

«Геннадий барлық болған жайды ақылға салып ойланып, дұрыс шешім қабылдай білу үшін ол біршама уақыт демалыс жариялайды. Біз сияқты ол да осы уақытқа дейін төрешілердің шешіміне аң-таң күйде жүр. Ол боксқа нақты қай уақытта оралатынын айтпады. Бірақ қалай болғанда да оны осы жылы рингке оралады деп ойламаймын» дейді Леффлер.

«Канеломен» болуы мүмкін үшінші жекпе-жекке келсек, ол әлі де болса еш маңызын жоғалтқан жоқ. Алайда бұл мәселе жан-жақты ойластырылып барып шешілетін нәрсе. Оның үстіне қарсы тараптың да талаптары ескеріледі. Үшінші кездесуді қашан жасайтынымызды ойлану керек.

Фанаттар – спорттағы ең маңызды адамдар және олар төрешілердің шешіміне риза болмады. Сол себепті, үшінші кездесудің болуын талап етуде. Бірінші жекпе-жекке қарағанда осы жолы төрешілердің шешімін әділетсіз деп бағалап, қарсы шыққандар саны әлдеқайда көп болды. Себебі, Головкин осы жолы расымен де өз титулдарынан айырылып қалды. Егер жанкүйерлердің әлеуметтік желіде не жазып жатқандарына мән беретін болсақ, онда олардың барлығы Головкин жеңді деп айтуда. Қандай жағдайда да Гена өз титулдарын сақтап қалуы керек еді дейді. Демек бізге тағы бір айқас керек» депті промоутер.

Еске салсақ, Головкин өзінің соңғы жекпе-жегін 16 қыркүйек күні Лас-Вегаста Сауль «Канело» Альвареске (50-1-2, 34 КО) қарсы өткізіп, төрешілер шешімімен жеңіліп қалған болатын. Олардың былтыр өткізген алғашқы жекпе-жегі тең нәтижемен аяқталған. Реванш толық 12 раундқа созылды.

Осылайша, Головкин өзінің осыған дейін жиған барлық атақтарынан айырылды.

Абай Аймағамбет

Бөлісу:

Пікір жазу


*