Тараз туризм орталығы болады

1599
0
Бөлісу:

Аймақтағы экономиканың басым бағыттарының бірі ретінде туризм саласының дамуына ерекше көңіл бөлініп отыр. Жоспарланған мақсат пен міндеттерге қол жеткізу үшін, облыстың оң туристік имиджін қалыптастыру және туристік ағымды тарту үшін қажетті инфрақұрылыммен қамтамасыз ету жұмыстары жүргізілуде. Оның қатарында Жамбыл облысы әкімдігінің 2017 жылы 27 желтоқсандағы №308 қаулысымен облыстың туристік қызметін дамыту саласындағы бірыңғай мемлекеттік саясатты жүзеге асыратын Жамбыл облысы әкімдігінің туризм басқармасы мекемесі құрылған болатын.

Бұл басқарма – аймақтың туризмін дамыту перспективаларын анықтай оты­рып, тарихи-мәдени мұра объектілерін сақтау, туризм саласындағы өзара тиімді ынтымақтастықты нығайту, бәсекеге қабі­летті туристік бағдарламаларды қалып­тастыру және жүзеге асыру, туризм сала­сына инновациялық технологияларды ендіру мен инвестиция тарту, «Ұлы Жібек жолындағы» туризмді дамыту мен алға бастыру мәселелерімен айналысады. Сон­дай-ақ аймақта «Тараз-Туризм» туристік ақпараттық орталығы да жұмыс істейді. Туристік ақпараттық орталық – Жамбыл облысының көрікті жерлері мен туристік мүмкіндіктері жайлы, аймақтың тарихи құндылықтары, атқарылып жатқан іс-ша­ралар мен экскурсиялық маршруттар, көліктер, ойын-сауық орындары және басқа да көптеген орындар жайлы жан-жақты ақпарат беретін сервистік қызмет орталығы.
Биылдан бастап аймақтағы туризмді дамыту мақсатында облыстың оңтайлы имиджін қалыптастыруға бағытталған бір­қатар іс-шаралар өткізілуде. Туризм саласындағы ресурстарды жүйелеу мен бар резервтерді бірлестіру үшін Жамбыл облысындағы туризмді дамыту үрдістері мен негізгі бағыттары айқындалған «Ішкі және кіру туризмін дамыту аймақтық кар­тасы» әзірленді. Бүгінгі таңда осы ай­мақтық картаға сәйкес туризм саласындағы жұмыстың негізгі 4 векторы көзделіп отыр. Биылдың өзінде аймақта жалпы сомасы 5,4 млрд теңгені құрайтын бірқатар нысандар құрылысының басталуы жос­пар­ланған. Оның ішіне 5 қонақүй, 5 мей­рамхана, 2 киіз үй қалашығы мен үлкен үміт артылып отырған тау-шаңғы базасы кіреді. Арнайы туристік аймақтар құру бойынша инвесторлар, меценаттар, қаржы институттары арқылы тартылған қаражат есебінен 5 туристік аймақ құры­луда: «Қаралма» тау-шаңғы базасы, Шах­ристан аумағындағы облыстың негізгі туристік нысандарын көрсетуге арналған Show-room-ы бар «Көне Тараз шеберлері» қолөнершілер қалашығы, «Төрткөл» керуен сарайындағы «Қазақ ауылы» та­рихи-мәдени орталығы, Айша Бибі және Қарахан кесенелері мен «Әулие Бастау» сауықтыру орны кіретін тарихи-археоло­гиялық кешені, Ақыртас сарай кешені. Биыл трансшекаралық туристік маршрут­тарды дамыту бойынша Қырғызстан мемлекетінің Талас және Ыстықкөл облыс­тарын Жамбыл облысымен байла­ныстыратын «Ұлы Жібек жолындағы ту­ризм» трансшекаралық туристік маршруты құрылды. Бірыңғай маршрут аймағымызға қосымша туристер тартуға мүмкіндік береді. Ал аймақта туризмді дамытудың не­гізгі тетіктерін іске қосып отырған Жам­был облысы әкімдігінің туризм бас­қар­масының басшысы Қарлығаш Арал­бековамен болған сұхбатымызда өңір туризмінің әлеуетін білген едік.
– Қарлығаш Әмірқызы, Әулиеата өңі­рінде туризмнің даму қарқыны қандай?
– Туристік қозғалыс Қазақстанда енді қалыптасуда. Туризмнен табыс табу мәсе­ле­сіне келсек, бұл оғаш қарайтын нәрсе емес. Мәселен, өңірдегі Айша бибі кесе­несіне он адам келсе де, миллион адам келсе де одан кесене қирап, жоқ болып кетпейді. Туризм – біздің таусылмайтын байлығымыз. Облысымызға бір тәулікке ат басын бұрған әр шетелдік турист кемінде – 45 000 теңге, қазақстандықтар 30 000 теңге қалдырып кетеді екен. Егер біз жылына 200 мың туристі күтіп алып, қызмет көрсететін болсақ, орта есеппен жылына осы саладағы шағын және орта бизнес субъектілері облысқа 24 миллиард теңге қаржы түсіреді. Басқарма жүргізген инвентаризация (түгендеу) нәтижесінде, әзірге облыста туризм саласында жұмыс істеп тұрған 582 кәсіпкерлік нысан анық­талды. Бірақ олардың көбі шағын бизнес деңгейінде. Біздің ендігі мақсатымыз осындай бизнес түрлерінің санын көбейту болып тұр. Әрине, кәсіпкерлік субъекті­лерінің санын көбейтіп, мемлекеттік қолдаумен инфрақұрылымын қанттай етіп жүргізіп бере салғанмен жұмыс бітпейді. Туризм бизнесінің алға жылжуына ең керегі сервистің сапалы болуы. Шет елдік­тер мүмкіндігінше қарапайымдылық танытқанымен өте талғампаз, кірпияз келеді. Сондықтан қонақүйлер мен ас­хана, мейрамханалар халықаралық та­лаптар бойынша қызмет көрсету керек. Жалпы, отандық туризмді дамытамыз десек, алдымен халық осы бағытқа өзін тәрбиелеуі тиіс. Қоғамдық сананы жаң­ғыр­тып, өзге тілдерді меңгерудің кезі жетті. Әдетте туристер ағылшын тілін қол­данады. Жетік білмесе де жөн сілтеп, бағыт беріп жіберетін деңгейдегі тілдік базамызды қалыптастырсақ жеткілікті. Сервис саласының маңыздылығын ескер­сек, бұл тарапта әлі атқаратын жұмыс көп. Мәселен, қазір облыста 22 гид-экс­курсовод бар, оның екеуі ғана ағылшын тілін меңгерген. Былтыр мемлекеттік тапсырыспен шет тілдерді білетін 22 гид оқыттық. Кейін мониторинг жүргізсек, олардың бәрі сертификатын алып, туризмі дамыған Астана, Алматы сынды қалаларға кетіп қалыпты. Өйткені ол жақтарда айлық жалақы жоғары. Айталық, біздегі турфирмалар гид-экскурсоводтарға ең көбі 100 мың теңге айлық берсе, Астана, Алматыда 180-200 мыңның төңірегінде жалақы төлеп отыр.
– Облыс туризмін түлетуді неден бастау керек?
– Басқарма құрыла сала жұмысты ны­сандарды түгендеуден бастады. Бұрын ол болмаған. Түгендеп біткеннен кейін талдау жұмыстарын жүргіздік. Осы талдау нәти­же­сінде, өз бағытымызды айқындап ал­дық. Түгендеу көрсеткендей, қонақүй­лердің саны бізде 154 екен. Бұл – туристерді қабылдауға жеткілікті деген сөз. Алайда олардың 17 пайызы ғана сұранысты қана­ғат­тандырып тұр. Әрине, барлық қонақүй­дің сервисі, инженерлік-инфра­құрылымы керемет деп айта алмаймыз. Жұлдыз алу олардың өздері үшін де маңыз­ды болып отыр. Өйткені шетелдік ту­ристер қонақүй­лердің жұлдызына қатты мән береді. Кей­бірі қалтасына қарай бес жұлдыздысына барғысы келеді. Үш, төрт жұлдыздысына да тоқтайтындар көп. Біздің облыста әзірге бір ғана бес жұлдызды қонақүй бар, ол – Arai Plazа. Төрт жұлдыз­дысы да санаулы-ақ. Ал үш жұлдыздылары біршама бар. Шет елдіктер өте қарапайым келеді. Бізде жай ғана хостел сұрағандары да болды. Сон­дықтан біз қонақүй қо­жайындарына хостел ашуға ұсыныс бердік. Қазіргі таңда облыс орталығында екі хостел ашылды.
– Басқарма қолға алған туризм кар­тасында проблемалар көрсетілді ме?
– Картаның көтерер жүгі көп. Өйткені онда облыстың туризм саласындағы барлық кедергілерімен түйткілді мәселелер жинақталып, енгізілді. Сөйтіп, шешу жолдарын 4 бағыт бойынша жіктедік. Біріншісі – мемлекеттік қолдау. Яғни, мем­лекеттік бағдарламалар арқылы кәсіп­керге көмек беріп, жәрдемдесу. Сондай-ақ қаржылық емес қолдаулар да осы бағытқа жатады. Екіншісі – инфрақұрылым мә­селесін реттеу. Мамандарымыз бүгінде қай жерге не керек екенін анықтап қойды. Үшінші бағыт – инвестициялық жобалар. Туризмге инвестиция тарту аса маңызды мәселе. Дегенмен ол бүгінгі таңда өте қиын болып тұр. Өйткені сала енді дамып келе жатқаннан кейін көбі тәуекелге бел байлағысы келмейді. Біз 6 туристік аймақ бойынша бизнес жоспарымызды жасап едік, сол аймақтарға алған қаржының қайтарымы 20 жылдан асып кетті. Әрине, бұл – инвестор үшін өте тиімсіз жағдай. Бизнеске құйылған қаржы кемінде бес жылда өзін ақтауы керек. Сол кезде ғана бизнес жоба қайтарымды, табысты болып есептеледі. Анығында туризмге 20 жылдық мерзімге қаражат құйып, күтіп жүргенше, одан да сол қаржысын депозитке салып, жиырма жыл бойы үстінен пайда көргені тиімдірек. Соған қарамастан біз отандық инвесторлармен мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында бірлесе жұмыс істеуді ұйғардық. Бұл жүйеге кәсіпкерлер күмән­мен қарап отыр. Сондықтан мұндай әріптестіктің тиімділігін, пайдасын түсін­діріп, көзін жеткізу үшін жылдың соңына таман түрлі семинарлар өткіз­бекпіз. Бұдан бөлек, шетел инвесторларын тарту ісі де күн тәртібінде тұр. Бұл енді отандық инвестициядан қиынырақ әрі күрделі процестерден тұрады. Қазір біз 5-6 ірі инвестормен жұмыс істеп жатырмыз. Ал төртінші бағыт – жарнамалық-имидждік қызмет. Бұл да өзіндік орны бар жауапты бағыт. Оның аясында жұртты ақпарат­тандыру, халық көп қамтылған форумдар мен фестивальдер өткізу керек. Басқарма құрылған екі ай ішінде көп жұмыс бітірдік. Карта құрудың өзі кәдімгідей еңбек, уақытты талап етеді. Еліміз бойынша мұн­дай дербес карта облыстардың үшеуінде ғана бар. Сондықтан басқарманың құры­луы­ның өзі бұл салада үлкен жетістік болып тұр. Яғни, қозғалыс бар. Тіпті біздің жасаған картамыз министрлік деңгейінде де қызығушылық тудырып жатыр. Сон­дай-ақ 7 миллиард теңгеден аса қаржыны құрайтын 30 жоба дайын. Республикалық индикатордың жарты­жыл­дық қорытын­дысы бойынша біз межелі міндеттерді өзге өңірлерден 5 есе артығымен орындап, оқ бойы оза шаптық. Енді министрлік бізге белгіленген инди­каторлық көрсеткішті көбейтіп жатыр. Бір айта кетерлігі, біздің облыста туризмге салынып жатқан жеке инвестицияның көлемі басқа аймақтардан көп. Жетістігіміз ретінде Қаралма шаңғы кешенін айтуға болады. Қазір ол жерде құрылыс жұмыс­тары жүруде. «Шахристан­нан» қолөнер шеберлерінің қалашығын салу бойынша да басқарма көп жұмыс атқарып жатыр. Әрине, қалашық ашып, шеберлерге орын тауып беру қиын болмас. Бірақ сол қолөнершілердің нарықты меңгеруі қажет. Негізінде нарықты, мар­кетингті меңгер­гені бізге емес, бірінші кезекте өздеріне керек екенін жеткізуіміз тиіс. Нақтысын айтқанда, қолөнершілер де, турфирмалар да кәсіби туризмге әлі дайын емес. Алдағы қазан айында 19 мемлекеттен 3000-ға жуық қонақ қаты­сатын бірнеше іс-шара өткізбекпіз. Оның аясында сән апталығы ұйымдастырылады. Бұл сән мерекесі әлемдік кестеге еніп, Еуропа елдері мен АҚШ қызығушылық танытуда. Яғни, мұн­дай ауқымдағы шара Қазақстан бойынша тұңғыш рет өткізіл­мекші.
– Тараз туризм орталығы бола ала ма?
– Туризмді дамытамыз десек, басым­дықты Таразға беруіміз керек. Өйткені ежелгі қала болғандықтан, мұнда ел қызы­ғатын дүние көп. Соны жарыққа шығарып, кәдеге жаратқанымыз жөн. Дегенмен бүкіл күшті тек археологиялық-тарихи туризмге бағыттап жіберген тағы болмай­ды. Мәдени-көпшілік, демалыс орында­ры­ның да жанға жайлы, саялы болғаны дұрыс. Бұл тұрғыда облыс әкімінің тап­сырмасымен қалада көп тірлік атқарылды. Әлі де көптеген қоғамдық демалыс орын­дары жаңғыртылуда. Ежелгі Тараздың орнын қызықтап келген турист бүгінгі Таразды араламауы мүмкін емес. Айта кету керек, Ежелгі Тараз тарихи кешенінің аумағы әлі де көркейтілмек. «Шахристан» жобасы қазір іске асырылуда. Шағын қалашықтың эскиз жобасына облыс әкімінің өзі тікелей араласып, ұтымды ұсыныстарын айтты. Тараздың әр бұрышында әлі күнге сақталған ескі ғимараттар кірпіштерінің өрнектерін ерінбей қарап шығып, олардың үлгілерін Айша бибі кесенесі кірпіштерінің оюымен астастыру туралы керемет идеялар ұсынды. Шынында да біздің аймақта не коньки, не шаңғы тебетін арнайы орындар жоқ. Өңірлік туристік қозғалыс үшін бұлардың қомақты үлесі болары анық. Өйткені құрылысы жүріп жатқан Жуалыдағы Қаралма шаңғы кешеніне алдағы уақытта жұрттың, әсіресе жастар­дың ағылатыны сөзсіз.

Ерман ƏБДИЕВ,

Жамбыл облысы

Бөлісу:

Пікір жазу


*