«Рухани жаңғыру – сапалы білім мен тәрбиенің негізі»

3474
0
Бөлісу:

Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы халқымыздың тарихындағы терең мағыналы бағдарламалық құжатқа  айналғаны баршамызға белгілі. Бәсекеге қабілеттілік, ұлттық бірегейлікті сақтау, білімнің салтанат құруы секілді бағытындағы мақсат-міндеттерді айқындап берген бұл мақалада рухани жаңғырудың алғышарты болатын нақты жобалар ұсынылған.

Ел келешегіне үміт артқан Елбасының аталған тұғырнамасында білім мен ғылымға айрықша назар аударылып отыр. «Терең білім –тәуелсіздігіміздің тірегі»,- деп атап өткен Президент  Мәңгілік ел болуға қадам басқан егемен еліміздің жаhандану алдында ұлт ретінде жойылып кетпеуі үшін ұлттық кодын сақтаған,яғни сонау ата-бабаларымыздан қалған ұлттық мәдениетіміз бен әдебиетімізді, ғасырлар бойы тарихымызда сақталған, қаймағы бұзылмаған қазақ халқымыздың ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатырған әдет-ғұрыптары мен салт-дәстүрлеріміз, ұлттық тіліміз бен дінімізді, әдебиетімізді, бір сөзбен айтқанда ғасырлар бойы қалыптасқан ұлттық рухымызды дәріптеп, ұлттық құндылықтарымызды өн бойына сіңіре білген білімді, бәсекеге қабілетті, көзі ашық, көкірегі ояу саналы ұрпақ қалыптасу керектігін алға тартады.

Қазіргі таңда адами капиталдың басты құндылығына айналып отырған оқу мен білімнің қарыштаған дәуірінде, ұлт көшбасшысы рухани жаңғырудың негізгі талабы – «білімнің салтанат құруы – білімді бәрінен жоғары қоятын ұлт қана табысқа жете алады» деп айтқаны белгілі. Осы орайда көрегендігі мол, мақсаты айқын Елбасымыздың «Болашаққа бағдар :рухани жаңғыру» мақаласы жарияланғанынан бастап, білім ордамызда рухани жаңғыруымызға байланысты оқушыларымыздың бойына патриоттық сезімді ұялату, Отанға деген құрметін арттыру мақсатында көптеген патриоттық іс-шаралар ұйымдастырылып, жұмыстар жүргізіліп келеді.

Бүгінде тәрбие жұмысын ұйымдастыру барысында Атырау облысы, Атырау қаласы, жалпы білім беретін Ф.Досымова атындағы №12 орта мектебінде «Мәңгілік ел» бағдарламасы бойынша оқушылардың бойына патриоттық сезім, туған жерге  құрметін арттыру мақсатында көптеген патриоттық іс-шаралар ұйымдастырылып, бірқатар жұмыстар жүргізіліп келеді. Мектебімізде Отанын сүйетін патриотты ұрпақ тәрбиелеу мақсатында «Туған жерге тағзым» атты жергілікті мұражайлар мен қасиетті жерлерге танымжорықтар ұйымдастырылды. Сонымен қатар, кітап оқуды насихаттау барысында «Оқымысты ұлт» акциясына орай «Кітап –өмір ұстазы» атты тақырыпта тәрбие сағаттары, қазақ тілі және әдебиеті пәні бірлестігінің жетекшілігімен «Латын әліпбиіне көшу: мәселе, пікір, ұсыныс» атты дөңгелек үстелдер өткізілді. Сонымен қоса, «Менің Президентім» атты тақырыпта 10-11 сынып оқушылары арасында эссе байқаулар өткізіліп, жалпы сыныптар арасында «Рухани жаңғырудың жарқын жолдары», «Туған өлке-тұнған шежіре» тақырыбында сынып сағаттары мен «Болашақ жастардың қолында» атты тақырыппен дебат, Тәуелсіздік күні қарсаңында «Тәуелсіздік –біздің тұғырымыз, тұрақтылық – біздің мақсатымыз» тақырыбында 7-10 сыныптар аралығында бейнероликтер байқауы және «Рухани жаңғыру – отбасылық құндылық» атты тақырыпта ата-аналар жиналысы, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы бойынша облыстық өлкетану мұражайымен бірлескен тәрбиелік шара , сондай ақ,мектеп ұстаздарының тарапынан «Мәңгілік ел – ұлт болашағы» атты тақырыпта баяндамалар тыңдалды. Мұндағы біздің мақсатымыз – ертеңгі ел болашағы өскелең ұрпақтарымыздың қолында болғандықтан,  қазіргі таңнан бастап, олардың санасына ел мен жердің қадір-қасиетін сіңіре білу, сонымен қатар қайырымды істерді орындауға үйрете білу болып табылады.

Үстіміздегі  жылдың 17-28 қыркүйек аралығында  Алматы қаласында «Өрлеу» БАҰО АҚ филиалы Білім беру жүйесінің басшы және ғылыми-педагогикалық қызметкерлері біліктілігін арттыратын Республикалық институтында «Мәңгілік ел» идеясы негізінде тәрбиенің мазмұнын жаңарту» тақырыбында мектеп директорларының тәрбие ісі жөніндегі орынбасарларына арналған біліктілікті арттыру курсы өткізілді. Республикамыздың түкпір-түкпірінен жиналған әріптестерімізбен тәжірибе алмасып, тұлға тәрбиелеудегі ұсыныстарымыз бен идеяларымызды ортаға салдық. Курс жетекшісі, педагогика ғылымдарының кандидаты Агима Әбілқызы Маханбетованың басқаруымен жобалық жұмыстар, өзіндік жұмыс және шағын сабақ үлгілерін қорғау жүзеге асырылды.  Әрбір тұлғаны жетістікке жеткізу жолдарында, ізденіс пен еңбек қашанда қиын, сондықтан қазіргі заманға сай жан-жақты, сауатты болып қалыптасу үшін осындай курстар өте пайдалы. Сонымен қатар. Тәрбие және тұлғаны әлеуметтендіру кафедрасының аға оқытушылары Құралай Қалдыбайқызы Рысқұлбекова, Қарлығаш Әбдіғұлқызы, Қапизаева,  Ақжарқын Тәжіханқызы Сахова және т.б ұстаздардан дәріс алып,  тренинг сабақтарына қатыстық.

«Адал жанды өнеге тұт өзіңе» деп Жүсіп Баласағұни айтып өткендей, курс барысында үлгі тұтар тәжірибелі ұстаздарымыздың арқасында жүргізілген мазмұны терең, мағынасы мол сабақтардан ой түйіп, білім қорын кеңейіп, тәжірибемізге орасан зор бағыт –бағдар алдық. Өзім жас маман ретінде келешекте аталмыш курстың білімімді одан әрі жетілдіріп, тәжірибемді молайтуда үлкен үлес қосарына кәміл сенемін.

Сонымен қатар институт директоры, педагогика ғылымдарының докторы, профессор Жансәуле Махатованың басқаруымен 26 қыркүйекте «Рухани жаңғыру – ұлттық білім беру мен ұлттық сананың жаңа белесі» тақырыбында Республикалық ғылыми-практикалық конференция өткізілді.. Аталған іс-шараға республиканың әр аймағынан келген мектеп директорларының тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары белсене атсалысты және марапатқа ие болды.   Институт ұжымына және курс ұйымдастырушыларына үлкен алғысымызды білдіреміз.    Балаларымызды қалай тәрбиелесек, болашағымыз солай болмақ. Келешегіміздің қожасы балаларымыздың білімді де мәдениетті, тәрбиелі де әдепті, кішіпейіл де қарапайым етіп тәрбиелеу өз қолымызда. Қазақстандық патриотизм және азаматтық тәрбие қалыптастыруда Елбасымыздың тапсырмасына сәйкес болашақ өскелең ұрпаққа дұрыс жол сілтеу біздің басты мақсатымыз. Осы орайда , аталған іс-шараларымызды мұнымен шектемей, үздіксіз жүргізіп отыратын болсақ , сонда ғана елбасымыздың салиқалы терең бағдарламалық мақаласындағы идеяларды жүзеге асыра аламыз. Күтілетін нәтиже осы тың идеялар арқылы біз ұлт болашағының жарқын болатынына жағдай жасай аламыз деп ойлаймын.

Әйгерім Тәжіғалиева, Атырау қаласы,  жалпы орта білім беретін №12 Ф.Досымова атындағы орта мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары. 

 

Бөлісу:

Пікір жазу


*