ЗАҢНЫҢ ТІЛІ ҚАШАН ҚАЗАҚША СӨЙЛЕЙДІ?

Тәуелсіздік алғанымызға 27 жыл болды. Содан бері екі-ақ заң ғана мемлекеттік тілде дайындалған екен. Бұл жөнінде сенатор Мұрат Бақтиярұлы Үкімет сағатында мәлімдеп, мәселені төтесінен қойды.
Сенатор: «Аудармашылар арасында заң тілінің түпнұсқалығы жөнінде әртүрлі пікірлер қалыптасқан. Заң тілінің өзінің стилі бар екені түсінікті. Бірақ түпнұсқалықтың тым сөзбе-сөз қамтамасыз етілуі заң нормаларының мемлекеттік тілде сөйлемеуіне, заң мәтіндерінің, халықаралық құжаттардың түсінікті болмауына, қазақ тіліндегі заңдардың аударма ретінде қалыптасуына әкеп соғуда. Мына өркениетті елдерді былай қойғанда, посткеңестік мемлекеттердің барлығы заңдарын мемлекеттік тілде әзірлейді. Біздің тәуелсіздігімізге биыл 27 жыл толып отыр. Осы 27 жыл ішінде бізде екі-ақ заң мемлекетік тілде даярланды. Осыған байланысты сұрақ: мемлекеттік тілде даярлауға не кедергі, құлық жоқ па, ынта жоқ па, жоқ әлде мамандар жоқ па?», – деп сауал тастаған екен. Сенатордың сауалына Марат Бекетаев заң жобалары мен тұжырымдамалары мемлекеттік және ресми тілде де әзірленетінін айтыпты. Министр сенатор сауалына: «Бұл – өте күрделі және маңызды мәселе. Қолданыстағы заңнамаға сәйкес барлық тұжырымдамалар және заң жобалары мемлекеттік тілде және ресми тілде әзірленеді. Ол ашықтығын қамтамасыз етуге байланысты, мысалы барлық тұжырымдамалар мен заң жобалардың мәтіндері ресми ресурстарда міндетті түрде жарияланады және қоғамдық тыңдаулар міндетті түрде өткізіледі. Сол себепті, екі тілде жұмыс жүргізіліп жатыр», – деген жауап қайырды.
Министрдің де уәжі орынды. Дегенмен Қазақстанда дайындалған заң жобалары мен тұжырымдамаларының барлығы дерлік ресми тілде әзірленіп, одан кейін ғана мемлекеттік тілге аударылатыны жасырын емес. Демек, қазақ тілінде әзірлейтін маман тапшы. Яғни, заңгерлердің тілі – орысша. Ресми тілде даярланған заң мәтіндерін мемлекеттік тілге аудару үшін олар аудармашылардың көмегіне жүгінуге әзір. Сенатор осыны айтып күйінеді.
«Кез келген заң ең алдымен, мемлекеттік тілде әзірленуі тиіс. Өкінішке қарай, біздің елімізде ресми құжаттың барлығы дерлік ресми тілде дайындалады. Содан кейін ғана мемлекеттік тілге аударылады. Осы уақытқа дейін қазақ тілінде дайындалған екі-ақ заң бар. Ресми тілден қазақ тіліне аударылғаннан кейін оның кемшіліктері де болады. Яғни, аударма тілде шалағайлық көп.
Осыған орай, өткен аптада Мәжілісте Үкімет сағаты өтті. Онда Әділет министріне осы мәселені төтесінен қойдық. Өкінішке қарай, министр біздің сауалымызға нақты жауап бермей, бұлтарып кетті. Екі тілде әзірленеді деген – ең алдымен, мемлекеттік тілде дайындалады деген сөз емес. 27 жылда заң мәтіндері мен тұжырымдамаларын мемлекеттік тілде дайындауға не кедергі? Ынта жоқ па, ықылас танытпай отыр ма? Кез келген елде заңның түпнұсқасы сол елдің мемлекеттік тілінде болуы тиіс. Көрші мемлекеттердің барлығын алып қараңыз. Өзбекстан өзбек тілінде, Қырғызстан қырғыз тілінде әзірлейді. Ресми тілде әзірлеп отырған біздің ел ғана. Министр екі тілде жұмыс жүргізіліп жатқанын айтты. Онысы да дұрыс. Заң екі тілде ұсынылатыны рас. Әңгіме бұл жерде заңның түпнұсқасында болып тұр. Түпнұсқа – орыс тілінде. Аударма – қазақ тілінде. Қазақ тілді заңгерлер жоқ емес. Мықты мамандар жетерлік. Ендеше, неге мемлекеттік тілде әзірлемеске?!. Мұхтар Әуезов «Абай жолын» орыс тілінде жазған жоқ. Ұлы жазушының бұл шығармасын әлем тілдеріне түпнұсқадан, яғни қазақ тілінен аударды. Біздің айтқымыз келгені де – осы» дейді.
Сенатордың айтуынша, Көші-қон мен Мақта туралы заң ғана мемлекеттік тілде әзірленген. Ал 27 жылда қаншама заң мәтіндері мен тұжырымдамалары талқылаудан өтті. Қоғамдық тыңдаулар өткізілді. Демек, бұған дейінгі әзірленіп келген ресми құжаттың көпшілігі дерлік ресми тілден мемлекеттік тілге аударылды деген сөз.
Сонда бүгінгі күнге дейін мемлекеттік тіл аударма тілдің функциясын атқарып келгені ме? Заңның тілі аударма тілмен сөйлей бере ме? Аударма тілден қашан құтыламыз? Сенатордың жанайғайын түсінетін, қолдайтын жан бар ма?
Мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеруге мемлекеттік мекемелер мүдделі болмаса, басқалардан қайыр не? Тым болмаса, осы бағытта аздап болса да ілгері жылжу ниетінің өзі болмауы қалың қазақты қатты ойға қалдырады. Әлде, қазақ тілі ештеңеге жарамсыз ба?!.
Гүлзина БЕКТАС