ЕУРАЗИЯ ЖАЗУШЫЛАРЫ ЕКІ КҮНДЕ НЕ ТАЛҚЫЛАДЫ?

1135
0
Бөлісу:

Еуразия құрлығы қаламгерлерінің басын қосқан әдеби форум аяқталды. Екі күнге межеленген жиын мазмұнды да пайдалы болды десек, қателеспейміз. Шетел жазушыларын айтпағанда, қазақ жазушыларының өзі бір-бірінің не жазып жүргенінен бейхабар қалған еді, форум осы олқылықтың орнын толтырғандай.

ҚАТЫГЕЗДІК ВИРУСЫН ӨЛТІРЕТІН БІР-АҚ ЖОЛ БАР…

Әдеби форум аясында поэзия, проза, дра­матургия, әдеби аударма мәселелері сек­цияларда талқыланғанын бұған дейін жаз­ған­быз. Әдебиеттің өзекті мәселелерімен қа­тар, жазушылардың әлеуметтік мәртебесі, Еуразия елдерінің өз жазушыларына деген көзқарасы, қатынасы да сол секцияларда сөз бол­ды. Жазушыға мемлекеттік қолдау жа­сал­са, қаламына кедергі болмай ма? Қаламақы мә­селесі қалай шешіліп жүр? Қазақ әдебие­ті­нің әлем әдебиетіндегі орны қандай? Жал­пы, әдебиетті дамытуға не кедергі? Осы тек­тес сауалдардың жауабын іздеген тал­­­қылаудың тартысты жүргені сондай, қаламгерлер үзіліс жа­сауды ұмытты, түскі асқа да кеш барды. Біз бүгін жаңа заман прозасына арналған сек­цияда көтерілген мәселелерді айтамыз.
Қазақстанның халық жазушысы, Мем­ле­кеттік сыйлықтың иегері Қабдеш Жұ­ма­ділов форумның екінші күні ерекше белсенді бол­ды. Ол арасында форумның бірінші күні сөз бер­генде, сөйлеп қалмағанына өкінді. Өйт­кені ол жерде билік өкілдері отырған еді. Ал жазушының оларға қояр сауалы аз емес екен.
«Жазушылар одағы – жай қоғамдық ұйым емес, рухани жаңғырудың рухани қа­зынасын жасап жатқан ұйым. Ендеше, осы жазу­шылардың еңбегіне ақы неге төлен­бей­ді? Бізде ақша жоқ емес, егер ақша болмаса, миллионерлер мен миллиардерлер қайдан шығып жатыр?
Рухани жаңғыру деп жатырмыз, сонымен осы кезге дейін не жаңғырды? Біреудің бейі­тінен шөлмек тауып алса, міне, рухани жаң­ғыру дейді. Бұл бұрыннан жүріп жатқан жұ­мыс, археологиялық қазба кезінде он­дай-ондай жәдігер табыла береді. Ал шын мә­нінде, рухани жаңғыру – сананың жаңғы­руы, бастың тазаруы. Қазір теледидарды қо­сып қалсаң, көретінің – адам өлімі, сәбиін тас­тап кеткен әйел. Осы қатыгездік бізге қай­дан келді? Оны жоюға бола ма? Болады! Мұндай қатыгездіктің вирусын өлтіретін бір-ақ жол бар, ол – көркем әдебиет. Абайды, Пуш­кинді, Әуезовті, Лермонтовты сүйіп оқы­ғандар қылмысқа бармайды» дейді жазу­шы.

ӘДЕБИ АУДАРМАҒА АБАЙ БОЛҒАН ЖӨН 

Қабдеш Жұмаділов бүгінгі әдеби аудар­ма­ның сапасы туралы қынжыла сөйледі. Өзі­нің айтуынша, бір кітапхана жазушының «Дарабоз» романын ағылшын тіліне аудармақ болған екен, бас тартыпты. Неге?
«Алғашқы 20 бетін аудардық деп, қолыма бер­ді. Ағылшынша білетін балаларыма оқы­шы десем, «мынау түкке жарамайды» дейді. Со­дан барып, «Елеп-ескеріп тізімге қосқан­да­рыңа рақмет, мынау аударма жарамайды екен» деп кітабымды алып кеттім. Сосын бұл қайдан шыққан аудармашылар деп сұра­сам, Абылай хан университетін бітірген, топ­тасып аударма жасайтындар екен.
…«Менің қосалқы автор дегенге де ежел­ден жаным қас. Бір туындыда екі автордың аты-жөні қатар тұруы – екі қатын бірігіп бір ба­ла тапқанмен бірдей. Әркім өз баласын өзі табуы керек» деп әңгімесін әзілге бұрған бол­ды. Алайда әзіл астарындағы зілдің сал­мағы қарабатпан.
Жазушылар үшін ең маңызды мәселе – қа­ламақы. Әзірбайжан жазушысы Юнус Огуз өз елінде қаламгерлерді материалдық қол­дау, қаламақы төлеу жүйесі қалай ұйым­дастырылғанын айтып еді, біздің жазушылар тең­селіп-ақ кетті. Сонымен Әзірбайжанда жазу­шы зейнет демалысына шықса, зей­нета­қысына үстемеақы төлеу қарастырылған. Ал кітабы үшін алатын қаламақымен жер шарын айналып саяхаттауға болады екен. Осы тұста Қаб­деш Жұмаділовтің соңғы рет көлемі 20 баспа табақтан асатын кітабы үшін 120 мың тең­ге қаламақы алдым дегені еске түсті. Бұл қар­жы әлемге саяхат жасамақ түгілі, Қазақ­стан­ды аралауға да жетпейтіні белгілі. Жазу­шы қаламақысының қомақты болуы кіта­бы­ның тиражы мен оқылымына да бай­­­ланысты. Сондықтан кітап оқуды насихаттау жолдары ұсынылды. Бұл жазушының материалдық жағ­дайын көтерумен бірге, тіл бұзудың ал­дын алады дейді жазушылар.
«Кітап оқитындардың азаюынан «оты­рық», «жатырық» деген сөздер пайда болды. Үкі­меттегілер «520 сиырлар» деп айтып тұра бе­реді. Қазақ сөзінің мәні жоғалып барады. Өйткені кітап оқымайды. Сондықтан кітап сау­дасын жолға қою керек. Тағы бір мәселе – авторлық құқықты реттеуіміз қажет. Мем­ле­кет кітабыңды шығарған соң, кітапта сенің атың жүре береді, бірақ ары қарай ол кітапқа сенің қатысың болмайды. Бұл адам құқына қол сұғу деп есептеймін. Осы мәселені де ше­шіп алуымыз керек» дейді жазушы.

ӘДЕБИЕТТІ ӘДЕБИ СЫН ҒАНА КӨТЕРЕДІ 

Жазушы Асқар Алтай жазылған, жа­рия­ланған шығармаларды талдайтын эсте­ти­калық сынның жоқтығын сөз етті.
– Жазушылар не жазып жүр, тақырыбын қа­лай игерді, шетел әдебиетінен өзгешелігі қан­дай, ұлттық әдебиетке не береді деген мә­се­лелерді көтеретін салмақты талдауларға көңіл аударуымыз керек. Бұрын «Қазақ әде­биеті», «Жұлдыз» басылымдарында сын бө­лі­мі болды. Сол басылымдарда рецензиялық тұр­ғыдан мақала беріп, оқырманға та­ныс­ты­рып отырушы едік. Оқырман жоқ дейміз, ал өзіміз кітапты таныстырмаймыз. Әдеби сын­ды қалыптастырмай, әдебиетті насихаттай ал­маймыз, – деген жазушы өзі атаған ба­сы­лымдарда сыншыларды қатыстырып, дөңге­лек үстел ұйымдастырып, роман, повестер проб­лемасын жан-жақты талдауды ұсынды.
Бұл күні «Қазақ әдебиеті» газетіне ұсы­ныс жасаушылардың легін жазушы Дидар Амантай толықтырды.
«Ресейде шыққан әлем әдебиетінің көп­томдық энциклопедиясында Орталық Азия, оның ішінде Қазақстанның әдебиеті жоқ. Мектептерде әлем әдебиетінің тарихы деген қазақша кітап жоқ. Содан жастар әдебиетке дайындықсыз келеді. Өйткені олардың қо­лын­да үйренетін оқулық жоқ. 25-30 жастағы жастардың өзі не жазу керек екенін білмейді. Жастар түгілі біз Өзбекстан әдебиетінің жаңа­лықтарын білмейміз. Әзірбайжанда не жа­зылып жатыр, одан да бейхабармыз. Сон­дықтан «Қазақ әдебиеті» газеті әлем әде­бие­тіне бет арнаса…» дейді.
Оның айтуынша, кешегі әдебиет пен жаңа дәуір әдебиетін, модернистік әдебиетті бір-біріне қарсы қою қалыптасты. Бұл дұрыс емес.
– Қай стильде жазса да бетінен қақпай, ке­рісінше қолдауымыз керек. Өйткені жас­тар­дың өлеңдерін, әңгімелерін оқыдым. Тіл жатық, сөз қоры мол, әдебиетті нақты мең­гер­ген талантты толқын келе жатыр, – дейді Ди­дар Амантай. Алайда жазушы Нұрдәулет Ақыш­тың бүгінгі әдебиеттің көркемдік дең­гейі­не көңілі толмайды.
«Ұзақбай Доспанбетов – Кеңес Одағында көп сыналған жазушы. Қазіргі жазушыларды оқысаң Ұзақбаймен жылап көрісесің, тіпті бе­тінен сүйіп алғың келеді» дейді ол.

ЖАЗУШЫҒА МЕМЛЕКЕТТІК ҚОЛДАУ КЕРЕК ПЕ? 

«Қоғамда билік жазушыны материалдық жа­­ғынан қолдағаны дұрыс па, бұрыс па?» деген сауал жиі талқыланады. Иран жазу­шы­лар одағы төрағасының орынбасары Сейіт­жа­пар Ахмади мемлекеттің жазушыға кө­мектескенін дұрыс емес деп санайды.
Меніңше, бұл дұрыс емес. Өйткені Үкі­мет жазушыға ақша төлесе, ол тапсырыс бо­лып шығады. Сонда жазушы үкіметтің тапсырысын орындаған болады. Ал жазушы – Құдайдан келген адам, ол жүрегімен жаза­ды. Мемлекетті жақтайтын жазушылар бар, бол­ған, бола береді. Олар сол үкіметтен ақша алу үшін жағымпазданады», – дейді.
Нұрдәулет Ақыш бұл пікірмен де келіс­пей­ді.
Бізге қолдау керек. Өйткені ішкі-сырт­қы жауларымыз ұйықтап жатқан жоқ. Қазақ­ты ұлт ретінде жойып жібергісі келетіндер ба­рын білесіздер» дей келе, жазушы ең әуелі ұлт болашағы үшін еңбектенуі керегін, бұл ретте биліктің қолдауы қажет екенін тілге тиек етті. Ал ирандық жазушының пікірінше, жазу­шы әлемдік деңгейдегі гуманистік идея­ларды ойлап табуы керек. Ол тіпті, «жазу­шы­лар жай адамдар емес, жазушылар – жердегі Пай­ғамбарлар» деген пікірін білдірді.

КІТАП ОҚЫМАЙТЫНЫН МАҚТАН КӨРЕТІН ЖАСТАР БАР 

Жазушы Бексұлтан Нұржекеев оқыр­ман­ның азайғанына алаңдаулы.
– Біздің әдебиетте оқырман азайғаны рас. Оның жазушыға байланысы шамалы. Сен жақ­сы жазып жатсың ба, жаман жазып жат­сың ба, оқымаған адам қайдан біледі? Қазір кітап оқымайтынын мақтан көретін жастар шықты. Оқымай-ақ білімді болуға, оқымай-ақ мәдениетті болуға, толық азамат болуға мүм­кіндік бар ма? Меніңше, жоқ. Оқу, үйре­ну арқылы жануарлықтан адамзат­тық­қа қа­рай ауысамыз. Ал оқуды доғарған сайын, біл­меген сайын жануарлыққа жақын­да­май­мыз ба? Осыны ойлау керек, – дейді.
Жалпы, кітап оқу мәдениетінің төмендеуі және оны ар санамау басқа елдерде де кез­де­седі. Қырғыз жазушысы айтқан мысал соған дә­лел. Әдебиетші-профессор студенттерден «Жәмиланы» білесіздер ме дегенде, «Бір жазу­шының әйелі болса керек» деген жауап ала­ды студенттерден. «Айтматовты кім біле­ді?» дегенде, «Әлгі Жәмиланың күйеуі шы­ғар», деген жауап естиді. Трагедия.
Осы тұста бір штрих. Аға буын жазу­шы­лардың жастар кітап оқымайды, жазушыны танымайды деген өкпесіне құлақ үйренді. Қызығы сол, аға буын да жастарды аса тани бермейтін болып шықты. Мәселен, біз сөз етіп отырған секцияға қатысқан жазушылар ара­сында «Тастамашы, ана» кітабының ав­торы Айгиз Баймұхамбетовті білмейтіндер бол­ды. Ал бұл қаламгердің 22 жасында жаз­ған кітабы қоғамда үлкен резонанс туғызған. Ре­сейдегі ең көп таралыммен шыққан кітап­тың авторы Айгиз форум қонағы болды. Өзін танымаған жазушылар арасында отырды. Оның кітабы біздің елде де басылып шықты. Қазақ тіліне ақын Саят Қамшыгер аударды. Ба­лалар үйіндегі жетімдердің тағдырын баян­даған кітаптағы оқиғалар өмірден алын­ған. Автордың өзі куә жайттар. Кітап жарық көр­ген соң, әлгі балалар үйі жабылғаны да факт.

ТҮЙІН ОРНЫНА 

Бұл форумның бізге ұнағаны, жиында ай­тыл­ған ұсыныс-тілектер тиісті орындарға жет­кізілетін болды. Еуразия құрлығы жазу­шы­лары айналасындағы елдер әдебиетіндегі үдерістерден хабардар болып отырады. Мұның алғышарттары форум шеңберінде жасалды да. Мәселен, Қазақстан жазушылар одағы мен Иран жазушылар қауымдастығы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Иран жазушылар қауымдастығының төрағасы, ақын, жазушы Хади Саери Киа­саридің айтуынша, жасалған келісімнен соң, қос халыққа қазақ және парсы әдебиетінің за­манауи өкілдері кеңінен таныстырыла бас­тайды.
Сонымен бірге, Ұлттық академиялық кі­тап­xанада форум аясында қазақ-орыс қалам­герлерінің кездесуі өтті. Бұл отырыста да екі ел арасындағы әдеби байланыстарды дамыту жайы сөз болды.
Осылайша, еуразиялық жазушылар ара­сында алтын көпір орнады. Форум мақсаты да осы болса керек-ті.

Халима БҰҚАРҚЫЗЫ 

Бөлісу:

Пікір жазу


*